23.04.2019, 11:27
Қараулар: 79
Театр майталманына құрмет

Театр майталманына құрмет

Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев А. Островский атындағы драма театрында 50 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан, бүгінде 80 жасқа толған Владимир Кравцовты қабылдады.

Қабылдауда Ғали Нәжімеденұлы Владимир Кравцовты мерейлі 80 жасымен құттықтап, облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан құттықтаухаты мен гүл шоғын табыс етті.

Өз кезегінде мерейтой иесі қошемет көрсетіп жатқан облыс басшылығына шынайы ризашылығын жеткізді.

Айта кетейік, Владимр Артемьевич 1939 жылдың 22 сәуірінде Ресейдің Красноярск қаласында дүниеге келген. Өмірін шығармашылықпен, театр өнерімен байланыстырған актер әрбір қойылымдағы кейіпкерін шебер сомдап, көрерменнің жүрегіне жол таба білген. Ол – өз кейіпкерін жанжақты талдап, мінез болмысын бойына сіңірген адам. Театрда қызмет еткеннен бері А. Чеховтың «Чайка», М. Горькийдің «На дне», Л. Толстойдың «Власть тьмы»  сықылды тағы да басқа көптеген қойылымдарда Дорн, Костылов, Петр сияқты кейіпкерлерді шынайы сомдаған.

Сондай-ақ ол – балаларға арналған «Волшебный родник», «Жемчужное ожерелье», «Веселый скоморох», «Три шелчка» атты ертегілердің авторы. 2014 жылы  театр өнеріндегі айрықша еңбегі үшін салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен  марапатталған.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар