23.04.2019, 11:20
Қараулар: 69
Тасқалада қарқынды жұмыс бар

Тасқалада қарқынды жұмыс бар

Сенбі  күні  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  іссапармен Тасқала  ауданында  болып,  бірнеше  нысанды аралады.

Алдымен ауданға кіреберістегі «Бек» шаруа қожалығына ат басын бұрды.

 Орал – Саратов тасжолының бойында орналасқан аталмыш шаруашылық биылдан бастап бие сауып, қымыз өндіруді қолға алған. Бұл жаздың аптап ыстығында күре жолдың бойындағы жүргіншілер үшін таптырмас сервис десе де болады. Мұнда алыс жолдан келе жатқан жолаушыларға саумал, қымыз ішіп, демалуға жағдай жасалмақ.

– Біз ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, бие саууды қолға алдық. Ол менің көптен бері ойымда жүрген жоспар еді. «Көз қорқақ, қол батыр» деген. Мақсатым орындалып, алғашқы тұтынушыларымыз да келе бастады. Мұнымен қоса 1000 түйеқұс алып өсіруді жоспарлап отырмын,  –  деді  Казбек  Көшәлиев.

– Қымыздың денсаулыққа пайдалы екенін жақсы білеміз. Шипажайлардың өзінде оны ем ретінде қолданады. Сондықтан халықтың денсаулығын нығайту бағытында қолға алып отырған бұл бастамаларыңыз құптарлық іс. Болашақта осы жерде қымыз өндіретін үлкен өндірістің іске асуына тілекшімін, – деді облыс әкімі.

Аудан орталығына келген Алтай Сейдірұлы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы Жеңіс көшесінде салынып жатқан көп пәтерлі  тұрғын  үйдің жұмысымен танысты. Айта кету керек, 72 пәтерлі үш қабатты екі үйдің құрылысы былтыр көшпелі әдіспен басталған еді. Оған бөлінген  829 млн. теңге қаражаттың 80 пайызы республикалық, 20 пайызы жергілікті бюджеттен. Құрылыс жұмысы биылғы қазан айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Тасқала аудандық құрылыс, сәулет қала құрылысы бөлімінің басшысы Б. Ғұбаевтың айтуынша, аталмыш құрылысқа аудан орталығынан 20 адам жұмысқа тартылған. Жұмыс толықтай аяқталғаннан кейін үй кезекте тұрғандарға берілмек Бұдан басқа аудан орталығынан тағы да үш қабатты 18 пәтерлі бір үй мен бір  пәтерлі үш бөлмелі 15 үй құрылысының жобалық құжаттамасы дайын. Болашақта аудан орталығында тағы бір жаңа үй бой көтеретін болады.

Құрылысты аралап көрген өңір басшысы жұмысқа оң бағасын берді.

Аудан басшысы  Алдияр Халелов облыс әкіміне  құс балапандарын сататын арнайы орталықты  таныстырды.

Аудан орталығындағы Элеватор аумағында орналасқан «Нетказиев» шаруа қожалығы құс өсіретін орталықты биыл іске қоспақ. Аудан тұрғындары енді қалаға бармай-ақ осы жерден өздеріне керек құстың балапандарын сатып алмақ. Қазірдің өзінде  мұнда 3 күннен 20 күн аралығындағы 1200 балапан бар. Тапсырыс болған жағдайда 60 мың құсқа дейін жеткізіп бере алады.  Бүгінгі таңда 28 мың құсқа сұраныс бар. Сонымен қатар 2500 балапанды аз қамтылған отбасыларға тегін үлестіруді жоспарлап отыр. Құс Башқұртстан Республикасынан әкелінеді. Дәрумен қосылған арнайы тамағы да бірге сатылады. Болашақта бұл жерде балапан шығаратын инкубатор  жұмыс істейтін болады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарына дайындық  жүріп  жатыр.

Жұмыс жағдайымен танысқан Алтай Көлгінов шаруа қожалығы басшысының жұмысына ризашылығын білдірді.

– Құс өсіруді қолға алған дұрыс. Сіздің бұл  тәжірибеңізді барлық ауданға, әсіресе, ауылдарға көрсетуіміз керек. Ол шағын бизнесті дамытуға үлкен көмек. Алдағы уақытта жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы шағын несие беріп, құс өсіруге жағдай туғызсақ, әр тұрғынға үлкен көмек болады, – деді облыс басшысы өз сөзінде.

Тасқалаға көктем жай келетіндіктен, егіс жұмыстары да кешеуілдеп басталады. Сапар барысында  Алтай Көлгінов Ақтау ауылдық округіне қарасты ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру және өңдеумен айналысатын «Жәнібек» шаруа қожалығының  далалық  жұмыстарын  көрді.

– Жақында АҚШ-тан лизингке «Кейс» маркалы егіс кешенін алдым. Қазір 5059 гектар егіс алаңына ылғал жабу жұмыстарын жүргізудеміз. Жердің ылғалдылығы да жаман емес. Бүгінгі таңға 20-25 сантиметрді көрсетіп отыр. Күзде мол өнім алуды көздеп отырмыз, – дейді шаруашылық басшысы  Ержан  Хайров.

Назгүл   СЕРІКҚЫЗЫ,

Тасқала   ауданы