18.04.2019, 21:26
Қараулар: 77
Тұрақтылық пен бірлікті нығайтатын шешім

Тұрақтылық пен бірлікті нығайтатын шешім

Кеше облыстық  мәслихатта  «Nur Otan» партиясы  облыстық  филиалының  кезектен  тыс  ХХІV   конференциясы өтті.  Жиында партия  Төрағасы Н. Ә. Назарбаевтың партияның кезекті  XVIII  сиезінде  берген  тапсырмаларын – «Халыққа  көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі»,  «Құтты мекен»  ұлттық  жобаларын  өңірімізде  жүзеге  асыру  барысы талқыланып,  «Nur  Otan»  партиясының  кезектен  тыс  ХIХ  сиезіне  біздің  өңірден  қатысатын  делегаттар сайланды.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешімін Жайық жұрты, өңір халқы толық қолдайтынын жеткізді.

– Бұл Елбасымен ақылдаса келе биліктің тұрақтылығы мен елдің бірлігін нығайту үшін қабылдаған Президентіміздің уақтылы әрі өте орынды шешімі. Мемлекет басшысы сайлаудың ашық әрі әділ өтетініне кепілдік беріп отыр. Халық болып сайлаған Мемлекет басшысының беделі жоғары, өзіне деген сенімі берік болады, – деп сөзін сабақтаған Алтай Сейдірұлы сайлаудың әрбір қазақстандыққа жауапкершілік, азаматтық борыш жүктейтіндігін атап өтті.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің айтуынша, күні бүгінге дейін облыс бойынша 11 433 тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардың тұрмыстық жағдайы тексеріліп, әлеуметтік карта толтырылған. Оның ішінде 6499 көп балалы отбасы бар.

Атаулы әлеуметтік көмекпен 2019 жылы шамамен 5186 отбасы, оның ішінде 24 481  адам,  15 992 бала қамтылады деп жоспарлануда. Облысымызда 1 сәуірден бастап енгізілген өзгерістерге сәйкес әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа өлшемі бойынша кең көлемде түсінік жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 8864 адамға  кеңес беріліп, 3384 адамның  өтініші  қабылданды.

«Халыққа көмек» партиялық жобасын іске асыру аясында  қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы «Бірыңғай әлеуметтік терезе» акциясы жұмыс жасауда.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде перспективті елді мекендер айқындалатын болады. Биыл облыстың перспективті ауылдарын дамыту үшін республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңге қарастырылған. Партияның «Заманауи білім орталықтары» жобасы аясында кітапханаларды қазіргі заманғы коворкинг және білім орталықтарына айналдыру қолға алынған. Бүгінде облысымызда жастарға арналған 11 коворкинг орталық жұмыс жасауда.

 Бұған қоса, партиялық жоба аясында 100 мектептің спорт алаңы салынуда. Олардың басым бөлігі ауыл мектептерінде. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтаудың қолжетімділігі, ел бойынша инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық саланы жетілдіруге бағытталған «Құтты мекен» жобасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құрылысына  12,9 млрд. теңге бөлініп, бұл қаражатқа 19 көп пәтерлі және ауылдық жерлерде  119 тұрғын үй салынуда. Жыл соңына дейін 15 көп пәтерлі және ауылдық жерлерде 50 тұрғын үй мен 2051 пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ облысымызда құны 5,5 млрд. теңге тұратын үш мектептің құрылысы басталды. Аталған жобаларды іске асыруға бөлінген қаражаттың уақтылы игеріліп, құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуі партияның жіті бақылауында болмақ.

«Nur Otan» партиясы Теректі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрхат Жанбоз аталған жобалар  аясында ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Ал партия ардагері Людмила Тенишова  өз сөзінде аға ұрпақ өкілдерінің ел-жұртты жақсылыққа жетелеп, жасампаз істерге жұмылдыруға әр кез әзір екендіктерін тілге тиек етті.

Жиын соңында ағымдағы жылы 23 сәуірде  Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХIХ сиезіне баратын  делегаттар сайланды.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар