18.04.2019, 21:25
Қараулар: 87
«109» СALL-ОРТАЛЫҒЫ туар айда іске қосылады

«109» СALL-ОРТАЛЫҒЫ туар айда іске қосылады

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласындағы Smart Uralsk ғимаратының бірінші қабатында орналасқан «109» сall-орталығының қызметімен танысты.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған аталмыш жоба биылғы жылдың наурыз айында қанатқақты (пилотты) режімде іске қосылған болатын. Орал қаласы әкімдігі мен облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасы бірлесіп қолға алған бұл жобаның мақсаты – қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау, коммуналдық мәселелерді жедел әрі бір орталықтан шешу.

–  «109» бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейді. Оралдықтардың газ, су, жылу, электр қуаты, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қатты тұрмыстық қалдықтар және басқа коммуналдық қызмет салалары бойынша орын алған ақау мен апатты жағдайлар туралы сұрақтарына орталықтағы 12 диспетчер жауап береді. Call-орталыққа келіп түскен барлық қоңырау тіркеледі. Содан соң жедел түрде жауапты коммуналдық қызмет көрсетуші мекемелерге жолданады. Осылайша апаттың алдын алуға кеткен уақыт үнемделіп, тұрғындардың мәселесі дер кезінде шешіледі. Кейін әр талап-арыздың орындалу барысы қадағаланып, барлық мәлімет өңделеді. Жалпы, тәулігіне орта есеппен 100-150 қоңырау келіп түседі, – дейді  «БҚО ІТ Хаб» ЖШС директоры Андрей Локтев.

Наурыз айының алғашқы күні тесттік режімде іске қосылған сall-орталыққа бір жарым айдың ішінде 2 мыңға жуық оралдық қоңырау шалған. Әсіресе, көктемгі су тасқынынан қауіптенген оралдықтар көшелер мен аулаларды қардан тазалау мәселесімен көп хабарласқан. Коммуналдық қызмет түрлері бойынша қиын жағдай орын алған кезде жедел қызмет көрсететін «109» сall-орталығы мамыр айында толыққанды  іске  қосылмақ.

Динара   ӘЛПЕЙІСОВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.