18.04.2019, 21:23
Қараулар: 94
«Жергілікті өнім түрлерін көбейту қажет»

«Жергілікті өнім түрлерін көбейту қажет»

Сәрсенбі күні «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында облыс әкімі Алтай Көлгінов облыстағы құрылыс индустриясы кәсіпорындары басшыларымен  кездесті. Басқосуда «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары мен «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасынан туындайтын міндет-межелер нақтыланып, қарапайым заттар экономикасы шеңберінде бизнесті дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ жаңа жобалар айқындалып, жергілікті атқарушы билікпен бірлесе атқарылатын іс-шаралар пысықталды.

Жыл сайын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қыруар қаражат бөлінеді. Қолжетімді баспана салып жатырмыз, жеке секторда да тұрғын үй көптеп бой көтеруде. Өткен жылы өңірде 435 мың шаршы метр тұрғын үй табысталды. Биыл 450 мың шаршы метр үй тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Былтыр құрылыс саласына салынған инвестиция көлемі 133,5 млрд. теңгені құрады. Егер 2017 жылмен салыстырсақ, 23 млрд. теңгеге артық.

Биыл инвестиция көлемі тағы ұлғаяды. Сондықтан бүгін біз кәсіпорындарға не қажет, ең алдымен, кәсіпкерлердің қандай мәселелерін шешуіміз керек, қандай құрылыс өнімдерін өзімізде шығара аламыз деген сұрақтарға бірлесе жауап іздеп, ақылдасу үшін жиналып отырмыз, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Бұрын хабарланғандай, елімізде қарапайым заттар экономикасын дамытуға 600 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде 400 млрд. теңге өнеркәсіптік тауарлар өндірісі мен жекелеген қызмет түрлерін дамытуға бағытталмақ. Бұл мемлекеттік қолдау жеңіл өнеркәсіп, жиһаз және азық-түлік өнеркәсібі мен құрылыс индустриясы саласында күнделікті қолданылатын 250-ге жуық өнеркәсіптік тауар өндірісін іске қосуға мүмкіндік бермек.

– Біз биыл құрылыс қарқынын арттырмақшымыз. Орал қаласында «Ақжайық» шағынауданының құрылысы басталады. Нәтижесінде 150 көп қабатты тұрғын үй мен бірнеше әлеуметтік нысан бой көтереді.  Аудан-ауылдарда әлеуметтік және спорттық нысандар тұрғызылады.

Жеке инвесторлардың қаржысына  екі бірдей ірі жылыжай салынады. Демек, құрылыс компаниялары мен өнім өндірушілерге тапсырыстар молаяды.

Қазір жергілікті құрылыс компаниялары өзімізде өндірілмейтін цемент, битум, керамикалық кірпіш, қиыршық тас, түрлі бояғыш бұйымдар сияқты құрылыс материалдарын өзге облыстардан немесе Ресейден сатып алуға қыруар қаржы жұмсайды. «Кісідегінің кілті аспанда» екені  белгілі. Нарықтағы бағаның тұрақсыз екенін айтпағанның өзінде, тасымал шығыны тағы бар. Мемлекет отандық тауар өндірушілерді жан-жақты қолдап отыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, жергілікті кәсіпкерлер өңірде сұранысқа ие өнімдерді өзімізде өндіруге, сондай-ақ экспортқа бағыттауға да ықылас танытқандары жөн.

Құрылыс материалдары әрдайым сұранысқа ие. Ең бастысы, өндірілетін тауарлардың сапасына мән берілуі тиіс. Қазір көпшіліктің арзан дүниеге қызығатыны белгілі. Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын нысандардың құрылысы кезінде біз бұған жол бермеуге тырысамыз. Бізге сапа маңызды. Өйткені, нәтижесінде аталған нысандар басқаға емес, батысқазақстандықтарға қызмет ететін болады, – дей келе, өңір басшысы тұрғын үй құрылысында заманауи технологияны қолданып жүрген «Болашақ-Т» ЖШС үй құрылысы комбинатын және құрылыс материалдарымен тек облысты емес, елімізді қамтып отырған «Құрылыскомбинат» ЖШС-ның жетістігін айрықша атап өтті.

Соңғы жылдары өңірлік құрылыс индустриясында отандық өндіріс орындарының өнімін қолдануда ілгерілеушілік байқалуда. Мәселен, жергілікті құрылыс компаниялары бұған дейін Еуропа мен Ресейден тасымалданып келген құрылыс  материалдарын біртіндеп өз жерімізде өндірілген өніммен алмастыра бастады. Сұраныстан ұсыныс туатынын жақсы білетін тауар өндірушілер өнімнің сапасы мен бағасына айрықша көңіл бөлуге кірісті. Шығарған тауарымен ішкі сұранысты ғана қамтып қоймай, өнімді экспортқа шығарып жатқандары да бар. Ал сатып алушы кәсіпорындар болса, өнімді тасымалдау шығынынан үнемделген қаржыны кәсіпорынды жаңғырту шараларына және жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын арттыруға бағыттай бастады.

Өткен жылы тұрғын үй құрылысына 8,2 млрд. теңге бөлінсе, соның  ішінде 7,4 млрд. теңге немесе 90,5 пайызы қазақстандық мазмұнды құрайды. Жергілікті құрылыс компаниялары қолданатын отандық құрылыс тауарларының негізгі үлесін «Нұртем» ЖШС, «Стройкомбинат» ЖШС, «Пустобаев» ЖК, «Гидромаш-Орион «МЖБК» ЖШС шығаратын темір бетон бұйымдары, «Батыс Қазақстан құрылыс бұйымдары комбинаты» АҚ өндіретін силикат кірпіштер, гидрооқшаулағыш бұйымдар, асфальт, жол жиектемелері, «Талап» АҚ шығаратын бетон, «Камина» ЖШС, «Көктас Ақтөбе» АҚ өндіретін қиыршық тас құрайды. Батыс Қазақстан облысында елуден астам кәсіпорын құрылыс бұйымдарын өндіреді. Олардың 18-і – ірі кәсіпорын. Өткен жылы батысқазақстандық құрылыс индустриясы кәсіпорындары жалпы құны 12,9 млрд. теңгенің өнімін өндірген.

Жиында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Алтынбек Қайсағалиев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Рүстем Закарин, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы  Медет Шақаев сөз алып, отандық өнімнің өрісін кеңейту мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Қазақстандық мазмұнның негізгі үлесі, яғни 98 пайызы сумен қамту нысандарының құрылысы мен қалпына келтіру жұмыстарына,  90 пайызы тұрғын үй құрылысына және 72 пайызы әлеуметтік нысандар құрылысына тиесілі.

«Агран», «Отделстрой», «Стеклосервис», «Квант», «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы», «Орал полиэтилен құбырлар зауыты», «ВодЭкоФильтр», «Ғибадат» ЖШС-ларының басшылары кедергілерге тоқталып, болашақ жоспарларымен бөлісті. Істің көзін тапқан кәсіпкерлер жергілікті нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге қатысты ұсыныс-пікірлерін де ортаға салды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы бизнесті қолдаудың жаңа тетіктері туралы әңгімелеп берді. Аталмыш басқосудың қос тарап үшін де нәтижелі болғанын айтқан жиынға қатысушылар жуық арада тағы да кездесуге  уағдаласып  тарқасты.

Динара    ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар