18.04.2019, 20:02
Қараулар: 94
Ғазиза апайдың қайырымдылық дүкені

Ғазиза апайдың қайырымдылық дүкені

Ақжайық ауылдық округінің тұрғындары Ғазиза Рахметқызының қайырымдылық дүкеніне 300-ден аса мәрте (тауар есебін ұстау үшін ол әр келген адамды жазып отырады) бас сұғып, көмек алған екен. Мұндай қайырымды істі ол осыдан дәл бір жыл бұрын жан дүниесінің әмірімен бастады. Осындай ерекше дүкен ашу туралы шешімді Жұмағалиевтер отбасының барлық мүшесі бірауыздан  қабылдаған болатын.

Былтыр Ғазиза Рахметқызы қайырымдылық дүкенін ашу туралы бастамасымен округ әкімі Болат Қадырәлиевке барып, ғимарат табуға көмек сұраған-ды.

Болат Александрұлы қайырымдылық істі бірден қолдады. Сөйтіп дүкенге жарамды ғимарат тауып берді. Аздап әрлеп-сырлап жіберген соң, көмек дүкені жұмысын бастады. Бір жыл бойғы тынымсыз жұмыс нәтижесінде дүкен тауарға толды. Халық үйдегі басы артық, өзіне керек болмаса да, өзгенің қажетіне  жарамды дүниені жинап, тазалап, әкеле бастады. Ғазиза апа сол дүкенге тапсырылған дүниені сұрыптап, көзге ілінердей қылып орналастырады. Содан кейін келген кісіге қажетін таратып береді.

– Тауар әр түрлі, балалар ойыншығы, тербеткіш, сәби арбасынан бастап, ыдыс-аяқ, үй жабдығы, кілемге дейін бар. Жиналған заттардан мұқтаж жандар қажетін алып, алғыс айтып жатады. Сондай ырза көңіл, ақжарма алғыстан артық не бар?! – дейді Ғазиза Рахметқызы.

Зейнет демалысына шыққанға дейін Ақжайық орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Ғазиза апай еңбек жолында тәрбие-білімге тояттаған қаншама түлек ұшырды. Олардың ішінде ұстаз жолын қуғандары да бар. Ақкөңіл, жүрегі жұмсақ Ғазиза Рахметқызының күлімдеген келбетінен жылу есіп тұрады. Мәнерлі сөзі, адамға деген құрмет-ілтипаты өзгені бірден баурап алады. Қосағы Сәбит аға екеуі (ол кісі де зейнеткерлікке жеткенше мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді) екі ұл, екі қызға саналы тәрбие беріп, өсірді.

Әзірге аудандағы жалғыз тегін дүкен Ғазиза Рахметқызы жанұясының жұдырықтай жұмылуымен  жұмыс жасап тұр. Қалада тұратын қызы Ақторғын хабарландыру беріп, қалалықтардан анасының дүкені үшін киім-кешек жинайды. Ұлы Бекзат жиналғанын көлікпен жеткізіп береді. Бекзаттың қолы босамаса, Сәбит ағаның өзі кіріседі тасымалға. Кездескен қиындыққа қай-қайсы да мойымайды. Жанар-жағармай шығыны болады. Киім ілгіштер алады өз ақшаларына. От жағылмайтын ғимараттың салқындығына да шыдайды. Мұқтаж жандарға керек затын ақы-пұлсыз тауып бергендеріне көңілдері тоқ. Сол көңіл еңбектің есесіне Жаратқан отбасына жылу, ынтымақ пен береке береді. Ата-әженің жүрегінен орын тапқан, қуаныш-шаттыққа бөлеген немерелер келіп жатыр дүниеге.

Ауылдастардың бірі ай сайын дүкенге қайырымдылық көмегім деп 1000 теңге әкеліп тұрады. Ол ақшаға Ғазиза Рахметқызы азық-түлік алып, ең мұқтаж жандарға ұстатады. Өз дүкенін ол аптасына екі мәрте ашады. Сол күндерді жаттап алған ауылдастары тегін дүкенге келіп, керегін алады.

Ақжайық ауылына іссапарымен барған кезінде аудан әкімі Әділ Жоламанов дүкенге бас сұғып, даурықпай, тып-тыныш көмек көрсетіп отырған Ғазиза Рахметқызына риза болған еді. Және жергілікті жұртқа осындай қайырымды дүкендер әр ауылдық округте ашу керек деген ойын айтты.

Нұрзия   СИСЕНБАЕВА,

Теректі   ауданы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.