18.04.2019, 19:58
Қараулар: 267
Жол қателікті кешірмейді

Жол қателікті кешірмейді

Осы аптаның ішінде облыс бойынша екі ірі жол-көлік оқиғасы орын алып, бір адам көз жұмса, екі адам түрлі деңгейдегі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, 14 сәуір күні Ақсай – Орал жолының 15 шақырымында жол-көлік оқиғасы орын алған. Ақсай қаласынан облыс орталығына бет алған «Фольксваген» аутокөлігінің жүргізушісі «темір тұлпарын» басқаруға ие бола алмай, жолдан шығып кеткен. Нәтижесінде, көлік тізгінінде болған 1986 жылғы ер-азамат оқиға орнында көз жұмды. Ал жанындағы жолаушы 1992 жылғы ер адам Бөрлі аудандық ауруханасына жеткізілген. Қазіргі уақытта аталған ауданның полиция бөлімі қызметкерлері жол-көлік оқиғасының себебіне тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде.

– Жол-көлік оқиғасы салдарынан ауыр жарақат алған 33 жастағы ер адам сол бойда көз жұмды. Ал ес-түссіз жағдайдағы 27 жастағы жігіт Бөрлі аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Екінші күні өз-өзіне келген азамат облыстық көпбейінді ауруханасына жатқызылды, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ 16 сәуір күні түс мезгілінде шаһардағы Жәңгір хан көшесінің бойындағы «Бүркіт» жанар-жағармай бекетінің жанында бес бірдей аутокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алған. Иесі басқара алмай қалған «Мерседес» аутокөлігі жол шетінде тұрған көліктерге келіп соғылған. Апат салдарынан «Мерседес» көлігін тізгіндеген 2001 жылғы қыз бала аяқтың тізе бөлігі жарақатымен облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген.

Өз   тілшіміз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар