16.04.2019, 11:25
Қараулар: 47
Балаусаға үміт сыйлайық

Балаусаға үміт сыйлайық

Орал қаласындағы Круглоозерный кентінде тұратын көп балалы  ана Ботакөз Өтегенова сегіз жасар қызы Балаусаның дертінен айығып кететініне үміті зор. Бірақ қомақты қаражатқа зәру. Бір апта ішінде қаржы жинап, Ресейдің Самара қаласындағы «Реацентр» кешеніне тапсыруы  тиіс.

Ботакөз – үйде жеті баланы тәрбиелеп отырған ана. 2005 жылы Ақжайық ауданының азаматы Бауыржан Юсуповпен шаңырақ көтеріп, он шақты жыл Жаңабұлақ ауылында тұрады. Круглоозерный кентіне көшкен соң, туысқандары уақытша паналауға үйін берген.

– Балаларымның тұңғышы Лунараның  жасы он үшке толды. Круглоозерныйдағы мектептің 7-сыныбында оқиды. Кенже баламның дүниеге келгеніне алты ай  болды. Жалпы, мектеп жасында үш балам бар. Қалғандары балабақша кезегінде тіркеулі тұр. 2010 жылы 4 тамызда дүниеге келген қызым Балаусаның ас қорыту жүйесінің қызметі нашар екені бертін келе байқалды. Бес жасынан бастап, целиакия» деген диагноз қойылды. Қарапайым тілмен айтсақ, асқазан-ішек жолдарының ас қорытатын түгі жетілмей қалған. Жыл сайын Алматыға барып, тексеруден өтеді. 2016 жылдан бастап жүйке жүйесінің бұзылуына қатысты қосымша диагноздар қойыла бастады. Одан бұрын ойлау қабілеті, жүйке жүйесінің жай дамуына байланысты жергілікті учаскеде есепте тұрды. Целиакиямен ауыратын болған  соң, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының дәрігерлері емдеуден бас тартты. Былтыр жыл соңында «орталық жүйке жүйесінің зақымдануы» диагнозымен Са-марадағы «Реацентр» терапевтік кешенінен екі мәрте емдеу курсынан өткіздік. Бұрын күтпеген сәтте ашуланатын. Өз ішкі әлемімен жүре беретін еді. Самарадан ем алғаннан кейін тәуір бола бастады. Қазір анық сөйлеп келеді, – деді Ботакөз Өтегенова.

Самаралық дәрігерлер Балауса тоғыз мәрте емдеу курсынан өтуі қажет екенін айтқан. Арнайы құрылғымен миына микротолқындар жіберіледі және тіліне, ұртына массаж жасалады, психолог пен логопед мамандары бөлек қабылдайды.

Сәуір айының 21-інде үшінші курс бойынша ем қабылдамақ. Бас-аяғын жинағанда, «Реацентрге» 500 мың теңгеден астам қаржыны төлеуі керек. Сондай-ақ ресейлік мамандар жүйелі жалғасатын  ем-дом кестесін бекітеді. Ботакөз қарап жатпай, әлеуметтік желілерге, жергілікті басылымдардан жылу сұрап, 100 мың теңгедей қаржы жинаған. Бірақ әлі де 420 мың теңгеден астам қаржы керек.

Отағасы Атырауға қатынап, вахталық әдіспен бетон құюшы болып еңбек етеді. Жалақысы жеті баланың нәпақасынан, азық-түлік, киім-кешегінен алудан аспай тұр. Балаусаның Самарадан алдыратын тағамдарының бір мәрте жеткізілуінің құны – 42 мың теңге. Диеталық тағамдар 20-25 күнде түгесіледі. Қаршадай қыздың даму деңгейі әлі үш-төрт жасар бала деңгейінде. Ботакөз кішкентай ұлы мен науқас қызының күтімімен үйде отыр.

– Қызым арнайы күтіммен отыр. Кейде «басым ауырды» деп  жылайды. Түнімен мазасызданып шығатыны бар. Оралда №6 емханада тіркеудеміз. Туғаннан целиакиямен ауыратынын алматылық дәрігер бес жасында анықтады. Ауру үстінен ауру жамалып, жүйке жүйесіне қатысты бірнеше диагнозбен тағы есепте тұр. Самарадағы емнен кейін үмітіміз оянды.

Пәтер жалдау, жол жүру ақысы бар. Бір емдеу курсының ұзақтығы – 20 күн. 2015 жылы баламның еміне несие рәсімдедік, соны әлі күнге төлеп отырмыз. Үйдің коммуналдық шығындары және бар. Өзім ауданда тұрғанда, тігіншілік курсын оқыдым. Ісмерлікпен тұрақты айналысуға мұршам болмады. Қала әкімдігіне де, орталық мешітке барып, балама көмек сұрап, өтініш жаздым. Бірақ жауап болмады,  – дейді Ботакөз Өтегенова.

Газетіміздің редакциясына келіп Ботакөз қолындағы барлық құжатын көрсетті. «Елде болса, ерінге тиеді» деген сөз бар ғой қазақта. Қайырымдылықтан тыс қалмайық, ағайын. Сәуірдің 21-іне дейін Балаусаның әке-шешесі 427 586 теңге қаражат жинап, Самарадағы «Реацентрге» тапсыруы тиіс.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ

КӨМЕК  КӨРСЕТЕМ  ДЕУШІЛЕРГЕ  РЕКВИЗИТТЕР:

КАСПИЙ ГОЛД: 5169 4971 0498 6249

ЖСН (ИИН): 850623351503

ҚАЗКОМ: 5578 3427 1723 0095

ХАЛЫҚ БАНК: 4390 8782 1835 5443

Құжаттар қыздың әкесінің атына рәсімделген: Юсупов Бауыржан Медетович

ИИН: 850623351503

КИВИ КОШЕЛЕК: +77058218568

Анасының ұялы телефон нөмірі: +77058218568

Әкесінің ұялы телефон нөмірі: +77055922424

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар