16.04.2019, 11:24
Қараулар: 151
Киокушинкай-каннан – 22 алтын

Киокушинкай-каннан – 22 алтын

Облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің спортзалында киокушинкай-кан каратэден ұл мен қыздар арасында «West cup» республикалық ашық турнирі өтті. Турнирдің ашылуына ҚР Мәжіліс депутаты, ұлттық республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясының төрағасы Омархан Өксікбаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев қатысты.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев спортпен шұғылдану жасөспірімдерден мығым ерік-жігер талап ететінін атап өтіп, республикалық деңгейде жекпе-жек өткізуге қолдау білдірген киокушинкай-кан каратэ ұлттық федерациясының төрағасы Омархан Өксікбаевқа алғыс білдірді.

– Елбасы айтқандай, саламатты өмір салтын насихаттау жолында бұқаралық спортты дамыту назардан тыс қалмауы керек. Жастар арасынан болашағына үмітпен қарайтын жеңімпаздар көп шығатынына сенемін. Каратэ шымыр болуды, ержүректілікті, тынымсыз тер төгуді талап етеді. Елімізде киокушинкай-канмен 7 мыңнан астам жас айналысады. Оның 90 пайызы – балалар. Бұл спорт түріне қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Әр каратэшінің спорт кітапшасында өзін орнықты ұстау ережесі, қол жеткізген жетістігі, тәртібі туралы жазылған. Депутат ретінде әр өңірдегі жергілікті атқарушы құрылым өкілдерімен спорт клубтарын ашу, көшеде бос жүретін жастарды спортқа шақырып,  киокушинкай-канмен шұғылдануына жағдай жасау жөнінде ұсыныстар айтып, келіссөздер жүргізіп жатырмын. Біздің федерацияның барлық облыста филиалдары бар, – деді Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев.

Республикалық турнирге Нұр-Сұлтан, Атырау қалаларынан, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан келген үш команда қатысты. Аталған жарыста 36 салмақ дәрежесінде 6-17 жас аралығындағы 450 жасөспірім сынға түсті. Киокушинкай-кан кумите ережесімен өткізілді. Кумите – татамидегі ұрыстың бірнеше түрі енгізілген жекпе-жек. Татамидегі тайталастан БҚО командасы 22 алтын иеленіп, жеңімпаз атанды.  Келесі жүлделі орындардан Атыраудың Кан және Шинкиокушин командалары көрінді.

Айта кетейік, біздің облыста аталған федерацияның филиалы бес жыл бұрын ашылған. Қазіргі кезде осы спорт түріне Орал және Ақсай қалаларындағы 16 мектеп баулиды. Өңірімізде киокушинкайканмен 1000-нан астам өрен шұғылданады.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар