16.04.2019, 11:23
Қараулар: 58
Қазақ фонетикасының білгірі

Қазақ фонетикасының білгірі

Ақ Жайық өңірінің  байырғы жоғары оқу орны М. Өтемісов атындағы  Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен сан мыңдаған шәкірттер түлеп ұшып, егемен еліміздің ертеңі үшін жан аямай еңбек етіп жүр. Ұлтқа қызмет етіп, рухани жаңғыру жолында жарқын істерімен көзге түсіп жүрген замандастарымыз қаншама. Сондай замандастарымыздың бірі, осы университет түлегі, тілші-ғалым – Нұрбол  Сәдуақас.

Сонау 1980-84 жылдары А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түсіп, білім алған Нұрболдың бойындағы шын ұстазға тән адамгершілік қасиеттер сол студенттік жылдардың өзінде байқалған болатын.  Әскерге барған, өмір көрген Нұрбол қарапайым ақ жарқын мінезімен, еңбекқорлығымен кеше ғана мектеп бітірген жасөспірім курстастарына үлгі бола білді, олардан ағалық қолдауы мен қамқорлығын да аяған емес.

Еңбек жолын 1984 жылы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған Нұрбол Әбділдаұлы – бүгінде Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, елге танымал ұстаз- ғалым, тіл жанашыры.

Тіл ғылымында фонетикалық тұрғыдан зерттеулеріміз мол болса да, оны тереңірек қамтыған  фонологиялық тұрғыда зерттелген еңбектер аз болатын. 1950-70жылдары үстем болған зерттеудегі екпін-фонемалық фонетика дәуірі түрлі оқулықтарда қазақ тіліне жат теориялық ұғым-түсініктер әкелгені белгілі. Тек қазақ тілінің емес, жалпы түрік тілдері дыбыстық жүйесін зерттеудегі үндесім (сингармонизм) зерттелім дәуірі деп бағаланған ХХ ғасырдың 7090-жылдарынан бастап қана қазақ фонетикасын зерттеу жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Осы жаңа зерттеу дәуірі, ең алдымен, белгілі фонетист-ғалым Әлімхан Жүнісбектің еңбектерімен тығыз байланысты еді. Ә. Жүнісбектің жетекшілігімен зерттеу жұмысын Қ. Жұбановтың фонологиялық ой-танымдарын зерделеуден бастаған Н. Сәдуақасты әріптестері бүгінде  фонологиялық ізденістің тереңіне барлау жасаған білікті ғалым, қазақ фонетикасының үндесім фонетикасы саласы бойынша жаңа толқын зерттеушілердің алдыңғы қатарындағы зерттеуші ретінде таниды. Ұстаз-ғалым бүгінде қазақ фонетикасы саласының білікті маманы ретінде қалыптасты. Нұрболдың сингармофонология мәселелеріне арналған зерттеулерінен бір түйін: «Қазақ тілінің фонологиясы сингармонизммен байланысты, тілімізде сөз ішіндегі барлық дыбыстар өзара үйлесіп, үндесіп, құлаққа жағымды әуенімен айтылып тұрады, сондықтан орыс пен ағылшын тілдерінің ықпалында кетіп қалмай, ұрпағымызды ата-бабадан мұраға қалған  асыл қазынамыз – ана тіліміздің әуезді үнімен сөйлеуге үйретуіміз керек».

Нұрбол Сәдуақастың  ғылыми шығармашылығында оның фонетика-фонологиялық зерттеулерінің  өресі  кең, талғамы  биік және    маңызы  зор. Сонымен бірге оның  қаламынан  қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері қарастырылған еңбектер де жарық көргенін айта кеткен жөн. Қазақ  әдебиеті  кафедрасының  меңгерушісі бола жүріп, республикалық, халықаралық деңгейде ғылыми-тәжірибелік  конференциялардың өтуіне бастамашы болса, «М. Дулатовтың шығармашылығы», «Шешендік сөздердің фонетикалық ерекшелігі», «Эпикалық дастандар мен «Қобыланды батыр» жыры» және т. б. мақалаларында ұлттың әдеби мұрасының тілдік ерекшеліктері зерттеу нысанасы болды. Бұл бағытта да Нұрболдың айтатыны мен жазатыны әлі де мол болатыны сөзсіз.

Нұрекең ғылыми, ұстаздық жұмыстарымен қатар қоғамдық жұмыстардан да ешуақытта тыс қалған емес.  Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, Президент Жолдауларын талқылау, халыққа түсіндіру жолында еткен еңбегі ерен. Республикадағы арнайы орфографиялық жұмыс тобының мүшесі болған Нұрбол қазақ  әліпбиін латын графикасына көшіру мәселелеріне байланысты өткен шараларда да  әліпби мен емле ережелеріне қатысты маңызды ұсыныс-пікірлерін көпшілік назарына үнемі ұсынып отыратын тілші-маман ретінде белгілі.

Тіл жанашыры ретінде жергілікті  телеарналарға  берген бір сұхбатында: «Елбасының латын графикасы туралы тарихи маңызды шешімін көкірегі ояу, болашақты ойлаған халқы, әсіресе, тіл мамандары қуана қолдап отыр. Қазақстанның бар байлығын оны мекендеген барлық ұлттар мен ұлыстар пайдаланып, қызығын көріп отырса, осы  байлығымыздың ең құндысы – ана тіліміз, оны құрметтеу – Қазақстанның әр азаматының міндеті. Латын әліпбиі арқылы ана тіліміздің өрісін ұзарта түсеміз» деген еді.

Тәжірибелі маман 200-ден аса ғылыми және әдістемелік мақалалар мен бірнеше монография, оқу құралдарының авторы. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына арнап жазған  «Қазіргі  қазақ тілі фонетикасы» оқу құралы  республикалық  оқу-әдістемелік секциясының гри-фімен  жарыққа шықты.

Ғалым-ұстаз «Қазақстан Республикасы  Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері (2009). Ол  білім беру және тіл мәселесіне байланысты Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып тұрады. Ақырын жүріп, анық басып, ұстаздық жолдан айнымай, бар саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім беру ісіне арнаған тұлға, еңбекпен өскен, еңбекпен көгерген азамат. Ақтөбеде жүрсе де, Ақ Жайықты сағынып, «Жайыққа кетем бір күні» деп ыңылдап ән салып жүріп, үлкен ғылыми-педагогикалық, оқу-әдістемелік шаруаларын тындырып жүрген тыңғылықты, ұқыпты жан.

Нұрбол Әбділдаұлындай асыл азаматтың үйін бақытқа толтырып отырған Гүлсім жеңгей – логопед, ал  ұлы Дәурен – сәулетші-жобалаушы.  Қазақстан деген алып мемлекетіміздің рухани тірегінің бірі – осындай жандар, осындай отбасылар  екені даусыз.

Мұрат  САБЫР, 

филология  ғылымдарының докторы, профессор,

Болат  ЖЕКСЕНҒАЛИЕВ,

 халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы БҚО филиалының төрағасы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.