16.04.2019, 11:11
Қараулар: 83
Жайқалып өс, жас көшет!

Жайқалып өс, жас көшет!

Аймақты абаттандыруды мақсат еткен кезекті сенбілік барысында Орал – Ақсай тасжолы бойына тал-теректер егілді.

Айта кетейік, облыс аумағында жарияланған тазалық айлығында қалалар мен аудан-ауылдардағы күл-қоқыстарды жинап, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын.

Екі ай бойы өтетін шаралардың қатарында Елбасымыздың «Жасыл қала – жасыл ауыл» жобасы аясында облыс бойынша 50 мың тал-терек егу жоспарланған. Аталған көшеттердің 10 мыңы облыс орталығын, қалған 40 мыңы аудан-ауылдарды жасыл желекке орамақ.

Жалпы, көктемгі сенбілікке 36 мыңдай өңір тұрғыны атсалысады деп жоспарланса, солардың басым көпшілігі жастар болмақ.

13 сәуірде өткен сенбілікке облыстық мекеме-кәсіпорындардың мыңға жуық қызметкері мен өңір жастары қатысты. Аталған шара барысында екі мыңнан астам тал-терек отырғызылып, тасжол бойы  күл-қоқыстан  тазартылды.

Сенбілікке қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев қала тұрғындарын тазалық айлығына атсалысуға, егілген жас көшеттерді күтіп, баптауға шақырды.

– Қоршаған ортаны таза ұстап, жасыл желекті көбейту денсаулықтың кепілі екендігі анық. Біздің облыс еліміз бойынша экологиялық тұрғыдан ең таза және жасыл өңір саналады. Сол атаққа лайық болу үшін жыл сайын бірнеше мыңдаған тал-терек егіледі. Бұл жұмыс тек теректі отырғызумен шектелмеу керек. Әр егілген жасыл желектің жайқалып өсуі үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет, – деді Ғали Нәжімеденұлы.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.