11.04.2019, 17:59
Қараулар: 110
Ғарышқа жол нарын құмынан басталған

Ғарышқа жол нарын құмынан басталған

Қазақстандағы  Байқоңыр  ғарыш кешенінің  әлемдегі  тұңғыш  әрі  ең ірі  ғарыш  айлағы  екенін  дүйім  жұрт біледі. Алайда  дүниежүзінде  ғарышқа  ең алғашқы  сапардың  Нарын  құмында орналасқан  Капустин Яр  сынақ  полигонынан  жасалғанын екінің  бірі  біле  бермейді.

Бар саналы ғұмырын ғарыш тарихын зерттеуге арнап келе жатқан ресейлік ғалым-журналист Валентина Полетаеваның айтуынша, еліміздің Батыс Қазақстан облысының Ресейдің Самара облысы сияқты әлемдік ғарыш тарихында өзіндік қолтаңбасы бар. «Шагнувшие к звёздам»,  «48 секунд из истории «Союза»  және «Казахстан-Россия: страницы  космической истории» кітаптар сериясының авторы Валентина Полетаева орыстың зымыран жасаушы атақты конструкторы, дүниежүзіндегі тәжірибелік космонавтиканың негізін қалаушы Сергей Королевтың өмірі мен еңбек жолын жан-жақты зерттеген адам. Әлемдегі тұңғыш ғарышкер Юрий Гагаринді ғарышқа алып ұшқан атышулы зымыранды құрастырған Королевтың ғарыш кеңістігін игеру мақсатындағы ең алғашқы сынақ жұмыстарын қазақ даласында, өзіміздің Нарын құмында жүргізгенін айтады.

– 1946 жылдан бастап, Батыс Қазақстан облысының аумағы кеңестік ғарыш-зымыран саласының қалыптасу және даму кезеңдерімен тығыз байланысты. Алайда сынақ жұмыстары туралы барлық құжат «сс/ов», яғни «аса құпия/ерекше маңызды» грифімен таңбаланғандықтан, Самара облысы сияқты Батыс Қазақстан облысы туралы мәліметтер де әлемдік ғарыш тарихына мүлдем енбей қалған. Тек құжаттар ғана емес, бұл зерттеу-сынақ жұмыстарының басы-қасында болғандардың барлығы да бір кездері құпия мәліметтерді ешкімге және еш жерде жарияламау туралы қолхатқа қол қойғандықтан, Кеңес өкіметі ыдыраған соң да бұл туралы жақ ашпаған.

Нарын құмында орналасқан Капустин Яр полигонынан 1947 жылдың 18 қазанында Кеңес одағының тұңғыш баллистикалық зымыраны ұшырылғандығы туралы нақты деректер бар. Бұл туралы өз  естеліктерінде есімін әлем мойындаған конструктор, академик Сергей Королев та жазып қалдырған. Капустин Яр әскери полигонынан ұшырылған Королевтың Р-1, Р-2, Р-5 зымырандарында отын, яки жанармай ретінде этил спирті мен сұйық оттегі қолданылған. Ғалым-конструктордың «бейбіт ғарышты» игеру мақсатында «гептилді» пайдалануға үзілді-кесілді қарсы болғаны әмбеге аян, – дейді В. Полетаева.

Осылайша 1946-1954 жылдар аралығында КСРО-ның тұңғыш әрі жалғыз ғарыш айлағында алғаш рет жер төңірегі кеңістігі мен навигация жүйелерін зерттеу, келешекте ғарышкерлерді ұшыру үшін ғарыш құрылғыларын пысықтау жұмыстары жасырын түрде жүзеге асты. КапЯр полигонынан жердің тұңғыш жасанды «Космос» серігі мен «төрт аяқты ғарышкерлер» орбитаға шығарылды. Тұңғыш рет ғарыш арқылы телерадио және телефон байланысқа шықты. Қысқаша айтқанда, ғарышқа адам ұшар алдындағы ең маңызды сынақтардың барлығы дерлік осы полигонда жасалды. 1957 жылы Сергей Королев өзінің Р-7 көпсатылы баллистикалық зымыранымен Қызылорда облысы аумағындағы Төретам полигонына ауыстырылып, сынақ жұмыстарын қазіргі Байқоңыр ғарыш айлағында жалғастырды. Осы орайда Кап-Яр полигонында жасалған сынақ жұмыстарының ғарышқа алғашқы зымыранды ұшырудағы мән-маңызы орасан зор болды.

Батыс Қазақстан облысының аспан әлемін зерттеу бойынша тағы бір қомақты үлесі бар. ХХ ғасырдың елуінші жылдарының басында Орал қаласында құрылған сынақшы ұшқыштарды алғашқы дайындау училищесі де әскери мақсаттағы сынақтарға қызмет етті.

– Алғашқы ғарышкер Юрий Гагарин Саратов техникумында оқыған кезде оның аэроклубқа дайындыққа бірге барған Виктор Калашников есімді досы болған екен. Техникумды тәмамдаған соң Ю. Гагарин Орынбордағы, ал В. Калашников Орал қаласындағы ұшқыштар училищесіне оқуға қабылданады. Сіздердің жерлестеріңіз Ғазиз Хаймулдин Гагаринмен кездесу барысында өзінің Орал қаласынан екенін айтқанда, тұңғыш ғарышкер «Знакомые места» деп езу тартып жымияды. Осы оқиғаны естіген кезде «Орынбор ұшқыштар училищесінің курсанты Юрий Гагариннің Орал қаласында болып, шеберлігін шыңдауы мүмкін бе?» деген сұрақ туындайды. Меніңше, әбден мүмкін!

Оның үстіне космонавтика ардагерлерінің «ИЛ-14» ұшағының Мәскеуден Төретамға ұшуы кезінде Орал қаласында аралық қо-нулар (промежуточные посадки) жасағаны туралы естеліктерін өз көзіммен оқыдым. Демек, 1954 жылдан бастап Оралда литерлік, яғни ешқандай ұшып-қону журналдарына тіркелмейтін құпия рейстермен КСРО-ның бас конструкторы  Королевтан бастап, Глушко, Рязанский, Пилюгин, Бармин және көптеген сынақшы-ұшқыштар болды деген болжамым бар. Бұл жайттың анық-қанығын білу үшін сол жылдардағы мұрағаттарды ақтару керек. Осылайша тарихтың құпия беттерінің кездейсоқ ашылып қалуы ғажап емес. Орал қаласының Самара жақ бетінде орналасқан «Ескі әуежайдың» тарихын толыққанды зерттеп, музейде арнайы экспозиция жасақтауға болар еді, – дейді В. Полетаева.

Валентина Полетаева алпысыншы жылдардың соңында іргетасы қаланған қазіргі қолданыстағы Орал халықаралық әуежайының Куйбышев қаласынан Байқоңыр ғарыш айлағына ұшатын аралық әуе рейстерін қабылдағаны туралы деректерді де кездестіргенін айта келе, біздің әуежайдың «қосалқы аэродром» болуы мүмкін екенін айтады.

– Юрий Гагарин ғарышқа аттанған 1961 жылдың 12 сәуірінде Саратов, Куйбышев, Пенза, Ульянов, Свердлов облыстарымен қатар Қазақстанның сол кездегі Орал облысында да азаматтық, ауыл шаруашылық және әскери авиацияларда барлық бағыттар бойынша ұшулар тоқтатылып, жер-жерде мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкері мен жергілікті партия ұйымының өкілінен және көлік жүргізушісінен құрылған «үштік» топтар таң алакеуімнен бастап кезекшілік атқарды. Әлбетте, Байқоңыр ғарыш айлағынан «Восток» кемесінің әуе кеңістігіне аттанғанын бөгде ешкім білген жоқ. Құпиялылық қатаң сақталды. Ал сол күні түстен кейін адамзат баласының тұңғыш рет ғарышқа ұшқандығы, бағындырғаны және әлем тарихында орбитаны бойлай ұшқан тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин туралы ақпарат жер жаһанды шарлап кеткенін жақсы білесіздер, – дейді Валентина Полетаева.

Ғарыш тарихына қалам тербеп жүрген танымал журналист-ғалым Капустин Яр атауының қазақтың жүрегіне қанжар сұққандай суық әсер қалдыратынын жақсы біледі.

Исатай мен Махамбеттің, Бөкей мен Жәңгірдің, Дәулеткерей мен Құрманғазының кіндік қаны тамған қасиетті Нарынның ұланғайыр құмды шағылдары өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының соңынан бастап талай дүмпуді сезініп, көк сеңгір аспаны небір зұлматқа куә болды. Жарты ғасыр бойы радиацияның қара бұлтын төндіріп келген Капустин Яр полигоны туралы мәлімет 1992 жылға дейін ашық айтылмады.

Капустин Яр полигонының сынақ алаңында 19 жерүсті, 11 жерасты ядролық жарылыстың болғаны, жергілікті халыққа тигізген орасан зияны жөнінде зерттеу нәтижелері баспасөз бетінде сан мәрте жарияланды. 2013 жылы ҚазИИТУ білім-ғылым кешенінің шақыруымен Орал қаласына арнайы келген Валентина Полетаева жергілікті ғалымдармен бірге «Қазақстан ғарышы» атты жорық аясында Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов және Жаңақала аудандарында болып, атақты конструктор Королев жүрген жолдармен жүріп өткен.

– Адамзат үшін ғарыштың әлі де ашылмаған тылсым құпияларын зерттеудің маңызы зор. Өкінішке орай, қазір жастардың ғарышты танып-білуге құлшынысы көңіл көншітпейді. Батыс Қазақстан облысы – әлемдік ғарыш тарихына өзіндік қолтаңбасын қалдырған тарихи өңір. Тарихтың ақтаңдақтарын қалпына келтіріп, Капустин Яр полигонына лайықты баға беру жергілікті тарихшы-ғалымдардың еншісінде, – дейді Валентина Полетаева.

Әу бастан тұңғыштар мекені атанған қасиетті Нарын құмы ғаламдық ғарыш жылнамасында да тұңғыштар қатарынан табылып отыр. Бөкейліктер үшін, жалпы қазақ даласы үшін Капустин Яр полигонының пайдасынан залалы әлденеше есе басым болғаны анық. Бөкей ордасы ауданының халқы полигонның зардабын әлі күнге тартып келеді. Алайда, адамзаттың ғарыш кемесімен кеңістікті көктей шарлап, ғарыш тылсымына терең бойлауына шежірелі құт мекеннің қосқан үлесі қомақты екені даусыз!

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.