11.04.2019, 17:56
Қараулар: 50
Ақсерік ӘЙТІМОВ, «ҚазИИТУ» кешенінің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик, ҚР ҰИА БҚО филиалының төрағасы: «Бәсекеге қабілеттілік – басты өлшем болуы керек»

Ақсерік ӘЙТІМОВ, «ҚазИИТУ» кешенінің құрылтайшысы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, академик, ҚР ҰИА БҚО филиалының төрағасы: «Бәсекеге қабілеттілік – басты өлшем болуы керек»

– Ақсерік Сарыұлы, биылғы Жастар жылына орай өңірімізде жастардың инженерлік академиясы құрылатынын естідік. Сұхбатымызды осы тақырыпта бастасақ. Жалпы мұндай идея қалай пайда болды?

– Елбасымыз 2019 жылды – Жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Осы Жастар жылының салтанатты ашылуына орай Астанада Елбасымыздың қатысуымен өткен жиынға Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің студенттік ректоры Арайлым Айтқалиева арнайы барған еді. Аталмыш салтанатты шарадан үлкен әсермен оралған Арайлым: «Мемлекет тарапынан жастарға демеу білдіріп, әлеуметтік қолдау көрсету, бұл сөз жоқ, әрбір жас буынға серпіліс береді. Нұрсұлтан Әбішұлы бізге үлкен сенім артып отыр, біз осы межеден шығуымыз керек», – деген еді. Студентіміздің шын көңілінен шыққан бұл сөз еліміздегі, өңіріміздегі, соның ішінде біздің университетіміздегі көптеген жастың қуанышы, жауапкершілікті сезінуі екені белгілі.

Ал біз өз тарапымыздан оларды қолдап, зор сенім артуымыз қажет деп есептеймін. Жастардың инженерлік академиясын құру туралы идеямыз да осы мақсатта туындаған болатын. Студент жастардың ғылыми әлеуетін арттыру және оларды өндіріске енгізуді көздейтін осындай мақсатпен астасқан ұсынысымызды ҚР  Ұлттық  инженерлік  академиясы бірауыздан қолдады. Осылайша республикамызда тұңғыш рет инженер жастардың ғылыми ортасы құрылды. Қазіргі таңда тиісті құжаттар дайындалып, жас ғалым ережесі жасақталып, арнайы сауалнамалар жүргізілуде. Көп кешікпей аталмыш жастар академиясының бірінші сиезін өткізу жоспарлануда.

– Жастардың инженерлік академиясы студенттердің білімбілігін шыңдап, бәсекеге қабілетті болуға өзіндік септігін тигізеді ғой…

– Әрине. Болашақта экономикалық, техника мен технологиялық дамуы тұрақты қоғам құру үшін өз болашағын осы бағытқа бұрған жастарға инвестиция салу өте маңызды. Бұл жоба сондай инвестицияның бірі деп айтуға болады. Биылғы Жастар жылы жас қазақстандықтардың тұлға ретінде қалыптасып қана қоймай, мемлекетіміздің жаңа биікке шығуына өз үлестерін қосуына үлкен мүмкіндіктер ашады деп ойлаймын. Академияның осы тұрғыдан да берері көп боларына сенім  мол. Жыл өткен сайын жас ғылымдар қатары толығып келе жатқаны қуантады. Олардың қатарына Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің студенттері де қосылуда. Мысал үшін «Bquest»  мобилдік қосымшасы жобасын жасаған Әзілхан Сисенов, «Керамдор» құрылыс материалдарының жобасын жасаған Алдияр Әбесов, «Биогумус» органикалық тыңайтқыштар жобасын жүзеге асырған Елдос Иманмәліков сықылды студенттер – біздің мақтанышымыз.

Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті жақында «4К-креативтілік, сыни ойлау, коммуникабельділік, коллаборация» атты дөңгелек үстел өткізді. Ресей жоғары оқу орындарының профессорлары және БҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы,  ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер және архивтер басқармасы, Kcell, Torus.kz компаниялары сияқты әлеуметтік әріптестерімен бірлесе ұйымдастырылған жиынның мақсаты – жоғары білікті мамандарды даярлаудың тиімді формаларын анықтау, жастардың бизнес-бастамаларын қолдауға әлеуметтік әріптестерді тарту. Шара барысында қазіргі таңда университетте Майерс-Бриггстің  модификацияланған сынағын пайдалану арқылы студенттердің психо-эмоционалдық сипаттамаларына жүргізіліп жатқан зерттеулер көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Айта кетейік, бұл жоба өндірістік тәжірибе кезеңінде нақты практикалық мәселелерді (міндеттерді), көшбасшыларды анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сынақ деректерін есепке ала отырып, жоба командаларын құруға, жастарды ақылдасып, бірлесіп жұмыс істеуге үйретеді. Бір сөзбен айтқанда, студенттер «Саусақ бірікпей, ине ілікпейтінін» жете түсінетін болады.

Бәсекеге қабілеттілік дегеннен шығады, бүгінгі күн бізден білім беру жүйесін жаңғыртуды, оқуда инновациялық әдістемелерді пайдалануды, жаңа мамандарға деген қажеттілікті зерделеуді, экономикалық бағыт пен еңбек нарығының қажеттілігіне орай кадрлардың қайта мамандануын жеделдетуді талап етеді. Соған сәйкес университетімізде біраз іс-шара қолға алынуда. Мәселен, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының қолдауымен студенттеріміз өңірдегі кәсіпорындардың тиімділігін төмендететін үдерістерге зерттеу жүргізді. Сонымен қатар облыстағы кәсіпорындардың жетекші мамандарымен бірлесе түлектеріміздің құзыреттілік моделін жасау қолға алынды. Жаңаша білім беру бағдарламалары әзірленуде, онда Германия, Польша сияқты еуропалық елдердің тәжірибесі қолданылады. Түлектерімізге жұмыс берушілермен жыл сайын элективті пәндер каталогы келісілді. Мұның бәрі түлектеріміздің бәсекеге қабілетті және өздері қалаған мамандықтың иесі болуына жол ашады. Сол себепті бәсекеге қабілеттілік – басты өлшем болуы керек.

– Ақсерік Сарыұлы, былтыр Оралда ҚР Ұлттық инженерлік академиясының БҚО филиалы өткізген халықаралық ғылымипрактикалық конференцияда да бұл мәселе кеңінен талқыланғанын білеміз. Жалпы, өзіңіз жетекшілік ететін аталмыш филиалдың жұмысы турасында  да  айта  кетсеңіз…

– Иә, 2018 жылдың 12-13 сәуірде “Еуразиялық өзенаралық: білімнің  салтанат құруы, прагматизм және бәсекеге қабілеттілік» деген конференцияға АҚШ, Ресей және Қазақстан ғалымдары, облысымыздың, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының, ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеу институтының басшылығы қатысқан еді. Конференция негізінен “Рухани жаңғыру”, “Цифрлық Қазақстан” бағдарламаларын орындауға, қоғамды экономикалық тұрғыдан жаңғырту, рухани саланы жаңарту жөніндегі міндеттерді шешуге жас ғалымдар мен студенттерді тартуды мақсат тұтты. Жиында Елбасы Жолдауының негізгі бағыттарына талдау жасалып, оларды жүзеге асыру жайы да сөз болды. Машина жасау саласындағы сандық технологиялар жайы туралы құнды ойпікірлер жиналған жұртшылықты бейжай қалдырған жоқ. Мәселен, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының вице-президенті Амандық Төлешов өз баяндамасында: «Орал қаласында  машина жасау саласы жақсы дамып келеді. Бүгінгі таңда сандық технологияларсыз машина бұйымдарын жобалау, құрастыру мүмкін емес. Біздің мақсатымыз – осы саладағы қазіргі өндіріс жүйелерін жаңғырту бойынша жалпы күш-жігерді үйлестіру. ЖОО, ғылыми зерттеу институты және өндіріс орындары арасындағы байланысты дамыту қажет. Түйіткілді мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын қарастыру керек. Өндіріс орындарының басшылары ғалымдарымыздың әлеуетін ескеріп, олармен жүйелі түрде ынтымақтаса жұмыс істесе, ол өз нәтижесін береді», – деген Амандық Қуатұлы кадрлар даярлау сапасын арттыру үшін академиялық ұтқырлыққа жете  назар аудару қажеттілігін атап өтті.

Енді ҚР Ұлттық инженерлік академиясының БҚО филиалының жұмысына тоқталып өтейін. Еліміз егемендік алған жылы құрылған академия Қазақстандағы жоғары ғылыми-әдістемелік және үйлестіруші инженерлік орталық болып табылады. Жаратылыстану, техникалық, экономикалық ғылымдар салаларының жетекші ғалымдарын, өндірісшілерді және инженерлерін біріктіреді. Республикамыздағы ғылыми-техникалық прогрестің тиімді әрі жылдам дамуына, сонымен қатар жоғары білікті инженер мамандарын даярлау, импорт алмастырушы технологияларды өндірістікке енгізу және олардың технологиясына сай инфрақұрылымдарды дайындауға жан-жақты ықпал етеді. Академияның әр өңірде бөлімшелері бар. Солардың  бірі – біздің филиал.

Филиал соңғы жылдары 3 халықаралық ғылыми-практикалық конференция, ғылыми-инновациялық және білім беру бағдарламалары бойынша 2 форум-тұсаукесер, облысты үдемелі индустриялық-инновациялық тұрғыдан дамыту бойынша Ресейдің сыртқы академиялық серіктестері – ЖОО басшыларының қатысуымен 7 дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Инновациялық жобалар бойынша облыстық байқауда академия филиалы қызметінің көрмесі ұйымдастырылып, олардың ішінен 5 жұмыс министрліктер мен ведомстволардың байқауларына жіберілді.

ҚР ҰИА БҚО филиалының мүше ғалымдары Орталық Азияда алғаш рет өткізілген «WSEC-2017» Бүкіләлемдік инженерлер мен ғалымдар конгресінің жұмысына қатысты. Оған әлемнің 51 елінен 1000-нан астам адам келді, оның үштен бірі ғалымдар мен инженерлер. Бұл жиыннан батысқазақстандықтар да көп нәрсені көкейлеріне түйіп қайтты.

Филиалдың ғылыми-техникалық кеңесі барысында тек еліміздің емес, Еуразия кеңістігіндегі білім, инженерия, практика және ғылымның тұрақты дамуының өзекті мәселелері талқыланады. Қазақстан мен Ресейдің шекаралас облыстарының оқу орындары мен ғылыми ұйымдары арасында жасақталған сыртқы академиялық ұтқырлықты орындау мәселелері де сөз болды.

Ғылым мен инновацияға ден қойған жерлестеріміз ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы арқылы түрлі қызмет салаларында қажет ақылды технологияларды енгізуге бағытталған жеті жобаны тіркегенін де айта кеткен жөн. Жалпы, бұл бағыттағы жобаларды дайындау және оларды өндіріске енгізу бойынша “ҚазИИТУ” кешенінің қызметкерлері ҚР Ұлттық инженерлік академиясымен бірлесіп біраз шаруа  атқарып  келеді.

Жоғарыда айтып өткен жиын барысында да филиалымыздың атқарған жұмыстары сөз болды. ҚР ҰИА-ның басшылығы тара-пынан “ҚазИИТУ” ғылыми-білім кешенінде орналасқан академияның Батыс Қазақстан облыстық филиалының жұмысына жоғары баға  берілді.

Сөз соңында айта кетейін, Ұлттық инженерлік академия ҚР Білім және ғылым министрлігімен, БҚО әкімдігімен, «Nur Otan» партиясының БҚО филиалымен, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенімен бірлесіп, 12 сәуірде Оралда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыруда. «Инженерлік ғылым, жастар және ғарыш – Қазақстан мен Ресей арасындағы халықаралық байланыстардың инновациялық дамуының негізгі факторы» деп аталатын жиында қазақстандық және ресейлік ғалымдар басқосып, өзекті мәселелерді талқылайтын болады. Жастар жылына орай Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өтетін бұл конференцияға қызығушылық танытқан  жандарды  шақырғым  келеді.

Сұхбаттасқан   Сәкен   ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.