11.04.2019, 17:53
Қараулар: 43
Он саусағынан өнер тамған аналар

Он саусағынан өнер тамған аналар

Бүгінде елімізде шамамен 340 мың отбасының төрт және одан көп баласы бар. Балалы отбасыларды қолдауға жыл сайын 500 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінеді. Бұл отбасылардың табыс деңгейі әр түрлі. Сондықтан  мемлекет бірінші кезекте табысы төмен көп балалы отбасыларға айрықша қамқорлық танытып, назар аударуы қажет. Сондай-ақ толық емес көп балалы отбасыларға үйде отырып жұмыс істеуге жағдай жасалынып, ауылдағы көп балалы отбасыларға гранттар мен шағын несиелердің жекелеген квотасы бөлінетін болады. Бұл жұмыстарды Үкімет пен әкімдер «Nur Otan» партиясымен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жүзеге асыруы тиіс.

ҚР  Тұңғыш  Президенті  Н.  Ә.  Назарбаев («Nur  Otan»  партиясының  кезекті  ХVIII  сиезінде сөйлеген  сөзінен)

Сәбидің дүниеге дін аман келуі, алдымен, ата-анасы үшін зор қуаныш. Сүйінші сұрау, шілдехана, бесік той, қырқынан шығару секілді рәсімдер орындалып, той тарқаған соң жас жұбайлар атаана болудың қызығы мен қиындығын сезіне бастайды. Әсіресе, отбасын асырау тек әкеге ғана жүктелетіндіктен, қаржының тапшылығы жас отбасыларды кәдімгідей қыспаққа алатыны белгілі. Десе де декреттік демалыста отырып-ақ, ретін тауып, сүйікті ісін табыс көзіне айналдырған аналар да жоқ емес.

Бала күнінен тәтті тоқаштар мен торт пісіруге әуес болған Көркем Қуатова – әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетінің түлегі. Жасы 25-те. Ол Бөкей ордасы ауданының Құрманғазы ауылында, ал жұбайы Мерлан Жігеров сол ауданның Сайқын ауылында дүниеге келіпті. Қазір Орал қаласында тұрады. Кейіпкеріміз Назарбаев зияткерлік мектебінде химия пәнінен ассистенттік  қызметті атқарып жүріп, бала күтімімен демалысқа шыққан. Атаенесі мен жұбайының қолдауының арқасында үй жағдайында торт пісіріп, ғаламтор арқылы  сатылымға шығарған. Бүгінде кәсібі өрге домалап, шаһар орталығындағы «Форум» сауда үйінен кондитерлік құрал-жабдықтар сататын бутик ашқан.

– Тұңғыш баламмен декреттік демалысқа шыққан кезде вупи пай тортын пісіруге деген қызығушылығым артты. Торт пісіретін құрал-жабдықтарды сатып алайын десем, базарда бағалары өте қымбат екен. Бір-бір данадан алып тұрып, «Неге мұны өзім сатпасқа?» деген ойға келдім. Содан бала күтіміне байланысты төленген 250 мың теңгені торт пісіру және кондитерлік ыдыстарды сатып алусату бизнесіне жұмсадым. Бір жеңілдігі, торт пен тәтті күлшелерді үйде пісіріп, ғаламтор арқылы сатқаннан кейін салық төлеймін деп алаңдамайсың. Жер үйде тұратындықтан, ас үйіміз кең.

Оны кондитерлік бөлме етіп жабдықтап алдым. Кондитерлік өнімдерді пісіріп үйрететін шеберлік сағаттарына қатыстым. Алғашында ақшаны күреп таптым деп айта алмаймын. Өйткені торттың құрамына керек ингредиенттердің де, құрал-жабдықтардың арзан сатылатын жерін таба алмадым. Өзіңіз білесіз, вупи пай тортына салынатын маскарпони ірімшігінің ең кішкентайының қорапшасы 1500 теңгедей тұрады.

Бір торттан 1500-2000 теңге ғана пайда көретін едім. Арзанға сатқандықтан шығар, тұрғындар тарапынан сұраныс артты. Менің де бұл кәсіпке деген қызығушылығым артты. Осы орайда ата-енеме алғыс айтқым келеді. Тортқа, кондитерлік бұйымдардың қалыптарына тапсырыс берген қызкеліншектер кез келген уақытта үйге кіріп, тапсырыстарын алып кететін. Сонда қабақ шытпай қарсылап, мен үйде болмасам, тапсырыстарын беріп жіберетін. Негізі сауда бутигін ашуыма екінші қызым себепші десем болады. Өйткені тұңғыш ұлым екі жасқа толғанда, екінші қызыма жүкті едім. Сонда жұбайым «Енді екіүш жыл өтпей жұмысқа шықпайсың ғой. Соны пайдаланып, кәсібіңді ашып ал», – деді.

Сауда бутигін ашқаныма бір жылдан асты. Алғашында саудам жүре ме, жүрмей ме деп қорықтым. Бірақ тәуекелге бардым. Орталық базарға тұрғындар көп келеді. Торт пісіретін бұйымдар алмаса да, күнделікті нан пісіретін қалыптар, кисточкалар, картоп, сәбіздің қабықтарын ашуға арналған  ас үй құралдарын алады, – дейді жас ана.

Кейіпкеріміз сауда орнын 70-80 мың теңгеге жалдап, сатушы екі қызға 80 мың теңгеден жалақы төлеуде. Сатылымға шығаратын кондитерлік бұйымдар мен өнімдерді Ресейден, Алматы қаласынан тасымалдайды екен. Ал тапсырыстарды инстаграм желісі арқылы қабылдап, облыстың алыс аудандарына «Қазпошта» арқылы салып жібереді. Тұңғышы Мирхан балабақшаға барса, Мединасы көбіне анасымен дүкенде тұратын көрінеді. Ал сенбі, жексенбі күндері ата-әжесі мен әкесінің жанында қалады екен.

Келесі кейіпкеріміз – Алмагүл Ысмағұлова. Он саусағынан өнер тамған ісмер үш перзенттің анасы. 2010 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін “Филология: қазақ тілі” мамандығы бойынша бітірген. Жеті жыл облыстық денсаулық сақтау басқармасында әкімшілік және кадрлық жұмыстар бөлімінің бас маманы болып, кейін “Gaudeomus” білім орталығында еңбек еткен. 2013  жылы Радион Нетқалиев есімді жаңақалалық азаматпен танысып, шаңырақ көтеріпті. Үшінші перзентімен декреттік демалыста отырған кейіпкеріміз ұлттық нақышта төсек-жайма тігіп, бесік жасауына тапсырыстар қабылдайды.

– Ісмерлікпен айналысу идеясы қажеттіліктен туды десем, артық айтқаным болмас. Бірде әлеуметтік желіден  қазақы нақыштағы төсек-жаймаларды байқап қалдым. Алты көрпе мен төрт жастыққа тапсырыс берейін десем, бағалары өте қымбат екен. Содан ісмер аналарымыздың шеберлік сағаттарына қатысып, сұранысқа ие қазақы нақыштағы төсек-жаймаларды неге тікпеске деген ой келді. Әкемнің ағасы Мерген Ысмағұлов менің шеберлік сабағыма қатысуыма демеуші болып, заманауи үлгідегі іс машинасын сыйға тартты. Сөйтіп, 2017 жылдың 11-12 қараша күндері Ақтөбе қаласының тұрғыны, ісмер келіншек Айнагүл Бекешеваның «Ұлттық нақыштағы бұйымдарды дайындау» тақырыбындағы шеберлік сағатына қатыстым. Ол негізі Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданындағы Лубенка ауылының тумасы.

Одан 220 x 80 см болатын оюлы көрпе тыс тігуді, шиқұрақ технологиясын меңгердім. Жалпы ұлттық болмысымызды айшықтайтын дүниелер жасағанды жаным сүйеді. Қонақ көрпе, жастықтың тыстарын, мойын жастық (валик), бесік жасауын, одан бөлек сәбидің есімі жазылған арнайы жастықтар, «смайлик» жастықтың барлық түрін, балаларға арналған жаңажылдық костюмдерді тігемін. Бала күтімімен үйде отырғандықтан, жасаған бұйымдарыма жарнаманы «kurakkorpe_oral» инстаграм парақшама саламын. «Қалаған адам амал табады, қаламаған себеп табады» деген бар ғой. Ниет болса, декреттегі ана бала да бағып, үй де жинап, тамақ та пісіріп, жұбайына қолдау білдіріп, табыс та таба алады, –  дейді ол.

Кейіпкеріміз енді үш бүлдіршініне арнап, баланың ой-өрісін дамытатын ойыншықтар тігуді қолға алыпты. Бұл бұйымды да ерекше етіп жасайтынына сенім білдірдік.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар