9.04.2019, 10:32
Қараулар: 60
Сенбілік – ортақ іс!

Сенбілік – ортақ іс!

Екі ай бойы Орал қаласын тазалау айлығы жүреді.  Осы мерзім ішінде қала аумағын қоқыстан тазарту және абаттандыру жұмыстары сапалы атқарылуы тиіс. Бұл жөнінде өткен жұмада облыс әкімдігінде коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындар басшыларымен өткен жиында облыс әкімі Алтай Көлгінов айтты.

Қар кетісімен қала көшелері қыстай қар астында жатқан тұрмыстық қалдықтарға «көміліп» кеткендей болды. Облыс әкімінің әлеуметтік желідегі парақшасына қала тазалығына қатысты тұрғындардан өкпе айтқан жазба мен арыз-шағым  көптеп түсуде. Тұрғындар, әсіресе, қоқыс жәшігінің айналасына қоқыстың шашылып жататынына наразы.

– Бұл жылдағы көктемдегі кезеңдегі алдымыздан шығатын мәселе екені түсінікті, бірақ тазалық жұмыстарын жандандырып, белсендірек қимылдау керек. Келесі аптадан бастап күн райы ашық болады. Жеке пәтер иелері, тұрғындар, еңбек ұжымдары өздерінің ғимараттарына жалғас аумақтарды әкім келіп тазалап береді деп күтпей, тазартуға кірісулері қажет. Сіздердің міндеттеріңіз – қаланы тазалау жұмыстарын ұйымдастыру. «Жайық таза қала» мекемесінің ұжымымен кездесіп, күн тәртібіндегі мәселе талқыланды. Әрбір кәсіпорынның өзіне тиесілі жерді және оған жалғас аумақты қоқыс қалдығынан тазалауға тиіс. Сонымен қатар аумақты абаттандыру, санитарлық тазалау және тазалықты сақтауға қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Оған жүрдім-бардым қарайтын тұлғаларды заң бойынша жауапкершілікке тарту керек. Заң бәрімізге ортақ, – деді Алтай Көлгінов.

Сонымен қатар облыс әкімі қала тазалығына тұрғындар да сергек қарауы тиіс дей келе, «Орал таза сервис» кәсіпорны жұмысына ескерту айтып, өз жұмысына сапалы қарауды шегелеп тапсырды. Қала әкімі Мұрат Мұқаевқа шаһар аумағын аралап, аула-аумақтардың, көшелердің, жалпы шаһардың тазалығымен танысып, бұл бағыттағы жұмыстарды ширату қажеттігін еске салды.

«Жайық таза қала» мекемесінде 150 техника, 750 адам қала аумағын тазалау жұмыстарына жұмылған.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар