9.04.2019, 10:30
Қараулар: 41
Өзекті мәселелер талқыланды

Өзекті мәселелер талқыланды

Соңғы үш жылда облыста «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 247 дәрігер жұмысқа қабылданған. Жас мамандардың басым бөлігі аудан-ауылдардағы емдеу мекемелеріне жолданған. Қазіргі таңда өңірде әлі 213 дәрігерге қажеттілік бар. Бұл туралы Орал қаласындағы көпбейінді ауруханада облыстың денсаулық сақтау саласы мамандарымен кездескен облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.

Облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нұрданат Беркінғали, облыстық, қалалық және аудандық ауруханалар мен емханалардың басшылары, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері бас қосқан жиында өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы жоспарлар пысықталды.

– Соңғы үш жылда облыста жалпы өлім 30,8 пайызға, ана өлімі 66 пайызға, сәби өлімі 20 пайызға азайған. Сондай-ақ қан айналым жүйесі ауруларынан, туберкулез бен қатерлі ісік салдарынан болатын өлім көрсеткіші 4-7 пайызға дейін төмендеген. Бұл облыстағы емдеу мекемелеріндегі медициналық қызмет сапасы артқандығының нақты көрінісі. Әлбетте, адам жанының арашашысы болып табылатын барша медицина қызметкерлерінің бірлескен еңбегінің жемісі.

Дені сау адам – мемлекеттің басты байлығы. Сондықтан мемлекет медициналық қызметтің сапасына айрықша мән береді. Елбасы тапсырмасымен медицина қызметкерлерінің жалақысы бірнеше мәрте өсті. Биылғы жылдың 1 маусымынан бастап төменгі жалақы алатын аудан-ауылдардағы медицина қызметкерлерінің еңбекақысы артады.

Өздеріңізге мәлім, өткен жылдан бастап біздің облыс пилоттық режімде денсаулық сақтау саласын цифрландыру жобасын іске асыра бастады. Алғашында жаңашылдыққа тосырқай қараған жұртшылық арасында түрлі түсінбеушіліктер туындағанымен, қазіргі таңда жоба жемісті жүзеге асуда. Өңірдегі әр тұрғынның электронды денсаулық төлқұжаты жасалып, денсаулық сақтау саласындағы 121 құжат толықтай электронды нұсқаға көшірілді. Мұның бәрі мамандардың қағазбастылықтан арылып, емханаларға келген емделушілерге көбірек көңіл бөлуі үшін жасалуда, – деген облыс әкімі Алтай Көлгінов соңғы үш жылда өңірге 247 жас дәрігер маман келіп, тұрақты жұмысқа орналасқанымен, әлі 213 жоғары білімді маман жетіспейтіндігін тілге тиек етті. Осы орайда, облыста орта буын медицина қызметкерлерімен қамтылу көрсеткішінің 97,1 пайызды құрайтынын  атап өткен жөн.

– Екі жыл қатарынан облыстық бюджеттен өңірге аса қажетті дәрігер мамандарды оқытуға қаржы бөлініп келеді. Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы медициналық жоғары оқу орындарында жергілікті грант есебінен 26 студент білім алуда. Олар оқуын тәмамдаған соң, өңірге оралып, еңбек етуі тиіс. Бұдан өзге кәсіби біліктілігін арттырғысы келетін сала мамандарын қолдауға әзірміз. Өңірдің кадрлық әлеуетін арттыру мәселесін ұдайы басты назарда ұстауымыз керек. Медицина мекемелеріндегі тәртіп те қатаң қадағалауда болмақ, – деді Алтай Сейдірұлы.

Сондай-ақ өңір басшысы облыс орталығындағы білікті мамандарды аудандық ауруханаларға басшылық қызметтерге орналастыру және медициналық оқу орындарын бітірген жас мамандарды жұмысқа шақыру арқылы дәрігер тапшылығын жоюды және медициналық қызмет сапасын арттыруды ұсынды.

Жиында қала емханаларында тіркелген емделушілердің көптігінен дәрігерлер жүктемесінің бірнеше есе артып отырғаны туралы да айтылды. Мәселен, Зашаған шағынауданындағы №6 емхана тәулігіне 250 адамға ғана қызмет көрсетуі тиіс. Алайда қазір мұнда тәулігіне мыңнан астам адам науқас дертіне ем іздеп келеді. Ал №1 емхана мамандары емханаға тіркелген 70 мың оралдыққа қызмет көрсетуге мәжбүр.

– Бұл біздің дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер үшін өте ауыр жүктеме. №7 емхананың жөндеу жұмыстары жауапсыз мердігерлердің кесірінен тоқтап қалған еді. Бұл мәселе сот арқылы шешіліп, емхананы жөндеу жұмыстары жаз айларында басталады. Ағымдағы жылы облыс аумағында 18 емдеу мекемесі күрделі жөндеуден өтеді. Былтыр 100-ге жуық жедел жәрдем көлігі сатып алынса, биыл тағы 60 жедел жәрдем көлігін аламыз. Соның ішінде отызға жуығы  реанимобильдер. Бірінші кезекте көліктерімен аудандық ауруханаларды қамтамасыз етеміз, – деді облыс әкімі.

Жиында сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нұрданат Беркінғали өңірдің медицина саласын цифрландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жұмыстарына тоқталып өтті.

– Өткен жылы облыстың емдеу мекемелеріне 92 бірлік медициналық  техника мен 15 аутокөлік сатып алынды. 5 медициналық нысан салынып, 21 емдеу мекемесі күрделі жөндеуден өтті. Үш нысанның «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің жеке қаражаттары есебінен бой көтергенін атап өткім келеді. Мемлекеттік  жекеменшік әріптестік аясында облыстық көпбейінді ауруханаға МРТ сатып алынды. Шыңғырлау ауданының Ақшат ауылында дәрігерлік амбулатория салынды. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының индикаторларын жүзеге асыру бойынша жетекші орындамыз. 34 индикатордың үшеуі бойынша жұмыстар әлі жалғасуда, – деді облыстың бас дәрігері.

Өңірде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыру, білікті кадрларды жұмылдыру, инсульт орталығын ашу, кардиологиялық орталық салу, жеке инвестициялар тарту және т.б. жұмыстар жалғасын таппақ. Басқосуда тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету барысында жемқорлыққа жол бермеу, №086 және №083 үлгісіндегі медициналық анықтамалар беру кезінде парақорлыққа тосқауыл қою, ауылдық дәрігерлік амбулаторияларды күрделі жөндеу, мамандарды баспанамен қамту, міндетті медициналық сақтандыру сияқты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.