9.04.2019, 10:27
Қараулар: 262
Өзіміздің «Игита!»

Өзіміздің «Игита!»

Ол кезде Жымпитының балалары көше-көше болып футбол ойнайтын. Балабақшаның артындағы алаңда кеш болса у-шу басталады. Ауылдың жас футболшыларының ойынға деген ықыластарын көрсеңіз, әрқайсысы жанын салып, құдды әлем чемпионатының финалдық кездесуінде жүргендей өлермен болып ойнайды.

Осы жарысқа С. Сейфуллин көшесінің атынан «Валенсия» командасы қатысты. Аты ғана «Валенсия» демесеңіз, бұл командада испаниялық футболшылар жоқ еді. Жымпитыдағы «Валенсияда» Азамат, Абзал, Айбек, Нұрбек сияқты өзіміздің ауылдың балалары ойнайтын. Қақпашысы – Салауат.

Бір күні Салауаттың үйіне ве-лосипедпен көрші ағасы Арман келді.

– Салауат!

– Ау, Арман аға! – деді ауласында үй шаруасына көмектесіп жүрген  Салауат.

– Кеттік! Көшелер арасындағы футбол жарысының марапаттау рәсімі болып жатыр. Сені іздеп жатыр.

Салауат «Мені неге іздеп жатыр?» деп сұраған жоқ. Арман ағасына ілесіп, алаңға қарай беттеді. Барса, марапаттау рәсімі басталып кетіпті. Жеңімпаздар, жүлдегерлер, үздік ойыншылар марапатталуда.

– Жарыстың «Үздік қақпашысы» болып Салауат Байралиев марапатталады. «Валенсия!» – деді жүргізуші бір уақытта. «Валенсиялықтар» қуаныштан шулап кетті. Салауат аң-таң.

Шағын футболдан УЕФА кубогының екі мәрте иегері, соңғы бес жыл бойы ел кубогын ешкімге бермей жүрген «Қайратты» жолда қалдырған «Ақтөбе» футбол клубы сол қарқынмен жартылай финалда рудныйлық «Аят» клубын 2:1 есебімен ұтып, 2018 жылы футзалдан Қазақстан кубогының иегері атанды.

– Қазақстан кубогының «Үздік қақпашысы» болып Салауат Байралиев танылды. «Ақтөбе!» – деп саңқ ете қалды жүргізуші.

Салауаттың есіне «Валенсиядағы» күндері, ауылдағы балабақшаның артындағы футбол алаңы, алғашқы марапаты түсті. Бала күннің балдай естелігі елестегенде, құрғыр көз де мөлдіреп кетті.

Салауаттан бөлек бұл атаққа үш бірдей бразилиялық легионер үмітті еді. Яғни, Далтон мен Селиньоны былай қойғанда, үміткерлер тізімінде Futzal Planet Awards аталымы бойынша әлемнің екі дүркін «Үздік қақпашысы» атанған әйгілі Игита да (Hiuguita) болған. Бірақ бақ қазақтың баласына, өзіміздің жымпитылық «Игитаға» бұйырды.

Жақында «Ақтөбе» шағын футбол клубының қақпашысы, сырымдық Салауат Байралиев шағын футболдан Қазақстанның ұлттық құрамасының сапына алынды. Осыдан бір ай бұрын Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында шағын футболдан Қазақстан және Хорватия құрамаларының арасында өткен жолдастық кездесуге Салауат Байралиев бразилиялық легионер Игитаның қосалқы алмастырушысы ретінде қатысты.

*  *  *

Салауат Байралиев 1994 жылы 17 сәуірде Сырым ауданындағы Жымпиты ауылында дүниеге келді. Жымпитының көшесінде доп қуып жүрген Дулат пен Сұлухияның кенже баласы бір күні Сырым ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің футбол үйірмесінің жаттықтырушы Руслан Чукуровтың  қолына  түсті.

Жаттықтырушы Руслан жанұясынан артылған уақытының денін өзінің шәкірттеріне бөлетін. Әлі де солай, себебі ол бұрыннан солай еді. Ауылдағы дайындық өз алдына, ол жас футболшыларды Оралдағы «Ақжайық» футбол клубының ашық жаттығуларын тамашалауға алып баратын. Жап-жасыл алаң, әп-әдемі форма, жылтыраған доптар, бәрі-бәрі футболға деген махаббатты, дайындыққа деген ықыласты оятпай қоймайтын. Руслан ұстазға да керегі сол еді.

Руслан ағайынан футбол әліппесін үйренген Салауат басында үлкен футболға ден қойып жүрді. Сапында Салауаттай қақпашысы бар футболдан Сырым ауданының балалар мен жасөспірімдер құрамасы «Coca Cola былғары доп» турнирінің 2009-2010 жылғы маусымында ІІ дәрежелі жеңімпаз атанды.

Сол жылдары Салауат пен досы Самат екеуіне футболдан облыстың оқушылар құрамасына шақыру келді. Салауат шақыруды қабылдамай, ауылда білім ала беретін болып шешті. Ол уақыт – елімізде Бразилиядағы футбол академиясына қазақ балаларын іріктеп, аттандырып жатқан уақыт, шақыртуды қабыл алғанда, сол лекке біздің баланың да ілесіп кетуі мүмкін еді.

Салауат бертін келе шағын футболға қарай ауысты. Сырым ауданының құрамасының қатарында жүріп, футзалдан облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы болды. Қ. Мырзалиев атындағы мектепті аяқтағаннан кейін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде білім алып жүргенде осы ЖОО-ның дене тәрбиесі бойынша оқытушысы, күнінде Орал футболын бүкілодақтық аренаға таныстырған, Қазақ КСР бойынша мықты 33 футболшының тізіміне енген даңқты футболшы, «Уралец» командасының экс-мүшесі, жаттықтырушы болған Матияс Хамитовпен танысты. Салауаттың спортқа біржола бет бұруына Матияс Хамитұлының үлкен үлесі болды.

Оралдық «Тайпақ» футбол клубының оқу-жаттығу шараларына да қатысып жүрген Салауат кейін «АзияТехСтрой» ЖШС футбол командасына ауысып, облыстық футзал лигасының 2013-2014 жылғы маусымында ол «Үздік қақпашы» атанды.

Салауаттың спорттық мансабы ақтөбелік «Інжу» әуесқой футбол клубына қабылданғаннан кейін өрлей бастады. «Інжу» клубының Қазақстан кубогындағы ойыны «Ақтөбе» шағын футбол клубы деп қайта жасақталғаннан кейін  жылма-жыл жақсара түсті. Ел чемпионатында екі жыл қатарынан жүлдегер атанған «Ақтөбе» 2017-2018 жылы Қазақстан кубогының иегері болды. Осы жарыста қақпашы Салауат Байралиев «Үздік қақпашы» атанып, жанкүйерлер түгілі, елдегі футбол мамандарына да өзінің шеберлігін мойындатты.

Шеберлікті біреуге мойындату үшін сол шеберлікті әуелі өзің меңгеруің керек. Салауат та бірден шебер қақпашы болған жоқ. Осы жағынан келгенде, ауыл баласының кәсіби голкипер ретінде қалыптасуына «Ақтөбе» шағын футбол клубының қақпашысы, ұлттық құраманың мүшесі Григорий Шамро үлкен еңбек сіңіріпті, әлі де көмектесуде. Салауат Шамроны өзіне ұстаз санайтынын айтады.

Әрине, сәтсіздік – спорттың заңы. Сәттілікке жету үшін сәтсіздікке шыдау керек. Сондықтан Салауатқа бірнеше дүркін Қазақстан чемпионатының жүлдегері, футбол жанкүйерлерінің лигасының (LLF) шағын футболдан өткен IV Қазақстан чемпионатының «Үздік қақпашысы», футзалдан «Олимп» халықаралық турнирінің екі мәрте «Үздік қақпашысы»,  YELEY CUP халықаралық турнирінің чемпионы әрі осы турнирдің «Үздік қақпашысы» атану Салауатқа оңай болды деп тағы айта алмаймыз.

«Ақтөбе» клубы 2018 жылы Хорватияның Макарск қаласында UEFA Chempions League ойындарының элиталы раундына қатысты. Тәжірибелі бапкер Олег Солодовниктің шәкірттерінің еуропалық деңгейдегі қадамы сәтті басталды. Грузия және Финляндияның клубтарымен болған ойында жеңіске жеткен «Ақтөбе» тек паркет иелеріне ғана есе жіберіп алды. Егер осы ойында да жеңілмей, топтық кезең аман шыққанда «Ақтөбені» «Интер Мовистар» (Испания), «Спортинг» (Португалия) және «Барселона» (Испания) сияқты жұлдызды клубтармен жүздесулер, ал біздің Салауатты жаңа мүмкіндіктер, былайша айтқанда, «еуропалық» мүмкіндіктер күтіп тұр еді. Бірақ оған мойып  отырған  Салауат  жоқ.

– Менің спорттағы жолым енді басталды. Жететін жетістігім мен тойлайтын жеңісім әлі алда! – дейді  ол.

– Ұлттық құраманың мүшесі  болу қалай екен? – деген сұрағымызға Салауат:

– Бір жағынан – абырой, бір жағынан – жауапкершілік. Біздің құрама Еуропада Испания, РФ және Португалиядан кейін 4-орында тұр. Міндетіміз – осы деңгейді әлі де көтеру, футбол арқылы елді таныту.

Шынын айту керек, танымал болмаған, жетістікке жетпеген күннің өзінде де – мен бәрібір Қазақстанның шағын футбол құрамасына мүше болуды өзіме мәртебе санар едім. Себебі, бұл құрама – менің ұлтымның, елімнің құрамасы, – деп жауап берді ол.

Бауыржан   ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым   ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар