9.04.2019, 10:18
Қараулар: 20
Ұлттық дәстүрді ұлықтаған отбасы

Ұлттық дәстүрді ұлықтаған отбасы

Өтебалиевтер отбасы – татулығы төрге озып, босағасынан береке аттаған Қараоба ауылындағы өнегелі жанұялардың бірі.

Отанасы Іңкәр – қарапайым малшының қызы. Ол жастайынан әкесінен жетім қалса да, сол кездегі қиын-қыстауға қарамастан еңбекке ерте араласады. 17 жасында Өтебалиевтер шаңырағының босағасын аттап, келін атанды. Ешбір қиындыққа мойымай, ата-анасының берген тәрбиесімен сол үйдің түтінін түтетіп, отын маздатқандай.

Қасиетті қара шаңырақтың жылуы кетпей, шамы да сөнген емес. Үй іші үнемі жарқырап  тұрады. Көрпе-жастық дегеннің шашылған ізі байқалмайды. Самаурыннан үзілмей қайнаған ыстық шайдың буы. Іңкәр үшін үлкен үйдің тірлігі осы еді. Бірде аспаз, бірде есепші бола жүріп, үйдегі үлкендердің де бабын таба білді. Ол жұбайы Мұсаның әскерден оралмай қалған  досының ата-анасын, енесін, қос жанарынан айырылған анасын да 40 жыл бойы бағып-қағып, ақ баталарын алды. Іңкәрдің бойындағы осы бір көл-көсір кісілік болмысы бәрінен дараланып тұрады. Жұбайы Мұса кеңшарда көлік жүргізуші болды. Алдарынан қанша қиындық кездессе де, олар жасымай, өмірдің ыстық-суығына төзе білді. Заманның қиын кезеңінде маңдай термен адал еңбек етіп, қара шаңырақты ұстады. Сол киелі шаңырақта Мұса мен Іңкәр 6 ұрпақты өмірге әкелді. Небәрі 17 жасында бөтен үйдің босағасын аттап, ақ жаулық тағып, келін атанған Іңкәр бүгінде 89 жастағы әже. Ол  – отбасының ұйытқысы, шаңырағының шырағы, ақылшысы.

– Марқұм жұбайым Мұса екеуміз бір шаңырақта тату-тәтті өмір сүрдік. Біздің кезімізде ештеңе оңайлықпен келмейтін. Соғыс кезі еді.

Сол бір кезеңдерде ас-сусыз аштанаш отырған жанұялар мен жанарлары жәутеңдеген жетімдерді көре қалдық. Бір-бірін демеп, бір үйдің балаларындай қаз-қатар тізілген балаларға тамақ пісіріп беретінбіз. Сол кездегі адамдардың көңілдері де, пейілдері де бәріне жететін. Үш бірдей ананы бақтым.

Осы жасқа келуім де асыл аналардың ақ батасының арқасы болар, – деп өткен күндерін сағынышпен еске алды. Әженің сөзіне ыстық ықыласпен ұмсынып, қимас көңілмен толқып алдық… Байқағанымыздай, Іңкәр әже – сол асылдар-дың сынығы. Бір ғажабы, кейіпкеріміз 89 жасқа келсе де, бес уақыт намазын оқып, Аллаға құлшылық етеді. Немерелеріне Құран аяттарын жаттатқызып, ұлттық  дәстүрді саналарына сіңіріп жүр.

– Ұлттық құндылық біздің отбасымызда жойылған емес. Керісінше, жылдан-жылға жаңарып отырады. Келіндерім де ұлттық салтты ұстанады. Ақжаулықты бастарынан, ұлттық киімді үстерінен тастаған емес. Бізден тараған ұрпақ  – ата-бабамыздан қалған қазақылықты  қастерлеген ұрпақ болуы тиіс, – деген әженің сөзін естігенімізде, еріксіз елжіредік. Өйткені біз атадан балаға, баладан немереге жалғас-қан ұлттық құндылықты бір адамның бойынан ғана емес, бір әулеттен тапқандаймыз.

Алпыс жеті жыл бір шаңырақтың астында күн кешкен Мұса қарт пен Іңкәр ананың бауырынан Ұлғаным, Мәулен, Қуатқали, Сандуғаш, Ақмарал, Ниетқали есімді ұрпақтары жалғасты. Олар 87 жасында дүниеден өткен әкелеріне әрдайым мейірімін төкті, перзенттік пейілдерінің шуағын аямады. Ең бастысы,   ата дәстүрді жалғастырды. Аяулы аналары бүгінде 9 немересі мен 12 шөбересінің қызығына тоймай, орталарында шалқып жүр.

– Қазақта «Өз балаңнан немерең тәтті болады» деген сөз бар. Қазір де немере-шөберелерім көз қуанышым болып жүр. Бұрын бір отбасы болсақ, қазір өскен ұрпағымызбен бірнеше шаңырақ болып, өркеніміз өсіп, өрісіміз кеңіп, бақытты шақта күн кешіп жатырмыз, – деп марқайды Іңкәр әже.

Іңкәр әжей соғым сойылған уақытта жіліктердің асығын алып, дорбаға салады. Мұның өзі немерелерімнің бос уақытында асық ойнап, қазақтың ұлттық ойынын ұмытпаса деген ниеті болса керек-ті. Сол асық толы дорба бүгінде немерелерінің кәдесіне жарауда.

– Отбасымыздың қанатын жаюына, өсіп-өркендеуіне енемнің қосқан үлесі зор деп білемін. Анамыз бір-біріміздің жақсылығымызды асырып, жарасымды өмірге тәрбиеледі. Біз өзімізді қазыналы қариясы бар бақытты отбасылардың қатарына жатқызамыз, – деді ене атанып, немере сүйіп отырған келіні Райхан ана.

Өнегелі отбасының перзенттері тәлімді тәрбие алып, қоғамға өз үлестерін қосуда. Бүгінгі жарасымды  әулет ұл-қыздарына, немере-жиен, шөберелерге жеткен бір ұлағат мектебі сияқты.

Жұлдыз   АСҚАР,

Қазталов   ауданы