9.04.2019, 10:13
Қараулар: 18
Ташкенттік лимондар Теректіні жерсінді

Ташкенттік лимондар Теректіні жерсінді

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев жұмыс сапарымен Теректі ауданында болды. Ол алдымен Ақсуат ауылдық округіне қарасты «Теректі май зауыты» ЖШС-ға ат басын бұрып, зауыттың тыныс-тіршілігімен танысты.

2008 жылы құрылған май зауыты 203 млн. теңгенің 883 тонна өнімін өндірген. Өндіріс қуаттылығы тәулігіне 144 тонна болатын кәсіпорын 100 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өткен жылы Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай секілді мемлекеттерге 13 мың тонна өнім экспортқа шығарылған. Май зауытын аралап, жұмысшылармен тілдескен Ғали Нәжімеденұлы мекеменің бас ғимаратында ауданның шаруа қожалықтары басшыларымен жүздесті.

– Шаруалардың жұмысқа білек сыбана кірісетін шағы келе жатыр. Бүгін сіздермен кездесіп, көкейлеріңіздегі сұрақтарға жауап бергім келеді. Мәселе көп, дегенмен мәселемен бірге шешу жолдарын да қоса ұсынсаңыздар екен. Егін салу-жинау кезінде нендей кедергілерге кезігіп жүрсіздер, яки мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі туралы қаншалықты хабардарсыз, тағы басқа сауалдарыңыз болса, тыңдап, оның шешу жолдарын қарастырамыз деп уәде етемін,  – деді өңір басшысының  бірінші  орынбасары.

Жиын барысында масылдық мәселесі өткір көтерілді. «Айсұлу» шаруа қожалығының басшысы Мағауия Зайнуллин жұмыс күшінің жетіспеушілігін сөз етті. Бұл мәселе тек бір шаруа қожалығында емес, аудандағы біраз қожалықта кездесіп жүрген  қиындық екен.

– Қожалығымда еңгезердей екі жігіт болды. Көп балалы аналарға, табыс-кірісі аз отбасыларға үкімет жәрдемақы береміз деген сәтте екеуі жұмысты тастап, қазір үйде отыр. Себебі, ортақ табыс есептеледі екен. Аңқаты ауылында 83 отбасы жәрдемақы алуға ниетті. Ауылдағы біраз үй сол ақыны аламыз деп қорасындағы малын етке тапсырып жатыр. Бұл халықты еріншектікке, масылдыққа үйрету ме? Ауылда жұмыс жеткілікті. Қожалық жұмысшыларына жалақасын уақтылы төлеп тұрады. Тіпті арнайы үй береміз. Бірақ жұмыс жасайтын адам жоқ.

Көктем келді деген сөз – жұмыстың нағыз қызатын шағы жетті деген сөз. Ал біз осындай қиындықтармен күресіп әлекпіз, – деді «Айсұлу» шаруашылығының басшысы.

Тағы бір мәселе – жеке малдың бағымсыз жүруі. Халық малды қорасынан шығарып жібереді. Бос жүрген мал егін егіп, нәпақа айырып отырған шаруаларға кедергі келтіруде. Мысалы, Ақсуат ауылдық округіне қарасты Магистральный және Әйтиев ауылында бұл жұмыс жолға қойылған болса, Пойма және Ақсуатта шешімін таппай отыр. Бағылған мал ұрланбайды, қожалықтың егініне түспейді, бруцеллезбен ауырмайды. Мал бағуды ұйымдастырудың тиімді жақтары өте көп.

Қожалық басшыларымен кездесуден соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Әйтиев ауылындағы жылыжай кешенінің жұмысына қанықты. Серіктестік басшысы Тұрсынбек Бақтығалиев Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 6 млн. теңге несие алып, 2 жылыжайға 4000 қияр дәнін еккен. Жобаның жалпы құны – 24 млн. теңге. Жоспары тағы төрт жылыжай салып, облыста тұңғыш рет лимон өсіруді қолға алғысы келеді. Байқап қарау үшін Ташкенттен қыста әкелінген екі түп лимон көшеті жерсініп үлгерген. Яғни, Теректіде лимон өсіруге әбден болады.

Подстепный ауылдық округіне қарасты Юбилейный ауылындағы жеке кәсіпкер Ибрагим Жақсымбетов асыл тұқымды етті бағыттағы мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығымен айналысады. Герефорд тұқымды 929 бас мүйізді ірі қарасы және 36 бас жылқысы бар. Ол биыл 500 асыл тұқымды герефорд қашарын сатып алуды жоспарлап отыр.

Әділет   ОРЫНБАСАРОВ,

Теректі   ауданы