9.04.2019, 10:11
Қараулар: 232
«Түптің түбінде нарықта сапалы жұмыс істейтіндер қалады»

«Түптің түбінде нарықта сапалы жұмыс істейтіндер қалады»

Өткен  аптаның  соңында  облыс  әкімі  Алтай  Көлгіновтің қатысуымен  өңіріміздегі  жол құрылысы мәселесі талқыланған  жиын  өтті.

Жол жөндеуші мердігерлермен кездесу барысында алдымен биылға жоспарланған облыстық маңызы бар жолдардың құрылысы сөз болды. Облыстық жолаушы көлігі және аутомобиль жолдары басқармасының басшысы Медет Шақаевтың баяндауынша, республикалық маңызы бар жолдардың құрылысы-на 7,6 млрд. теңге қарастырылған, оған 157 шақырым жол жөнделеді. Құрылыс өткен жылы басталған «Қазталов – Ресей Федерациясы» бағытындағы аутожолдың 7 шақырымына күрделі жөндеу жалғасады. Қазақстан – Ресей шекарасындағы «Сырым» өткізу пунктін жайландыру бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «Самара – Шымкент» бағытындағы күре жолдың 137 шақырымын жөндеу жоспарланған.  Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша «Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы», «Өнеге – Бисен – Сайқын» бағытындағы жолдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамалар жасалып, мемсараптамадан өткен. Енді мердігерлерді анықтайтын конкурстар өткізілуде.

–  «Мердігерлер мамыр айының аяғына дейін анықталып бітсе, жаз шығысымен жол салу басталады. Елбасы тапсырмасы – бұл,  осы жолдардың құрылысын үш аудан халқы күтіп отыр. Жолдың бастапқы құрылысына 3 млрд. теңге бөлінген. Уақтылы бастау қажет, – деді облыс әкімі.

Биыл «Подстепный – Федоров – РФ» бағытындағы аутожолды (0-144 шақырым) қайта құру (реконструкция) жұмыстары басталады. Қазір жолдың жобалық құ-жаттамасы жасалуда. Сондай-ақ осы жылы жергілікті маңызы бар аутожолдардың құрылысына 13,3 млрд. теңге қаралған. Бұл қаржыға 150,4 шақырым жол жөнделеді, ал өткен жылы 77 шақырым жол жөнделген. Сонымен биылғы жол құрылысы жұмыстарының нәтижесімен облыстық және аудандардағы аутожолдардың 30 пайызының сапасын жақсартуға қол жеткізу жоспарланып отыр.

Жиын барысында облыс әкімі қаладағы мұнай базасы ауданындағы көпір құрылысы жұмысының барысы жөнінде сұрап білді. Мердігер «Қазстрой ЛТД» ЖШС-ның өкілі нысанда 20 техника, 70 шақты құрылысшы жұмысқа жұмылғанын айтты. Бүгінде құрылыс жұмыстары 18 пайызға орындалған. «Ең бастысы, жұмысты белсенді жүргізу керек. Техника қауіпсіздігі, жұмысшылардың жалақысы уақтылы беріліп, құрылыс жұмысы сапалы әрі уақтылы орындалуы тиіс», – деп ескертті  Алтай  Көлгінов.

Одан кейіін қала әкімі Мұрат Мұқаев қала көшелері жолдарын жөндеу жоспары жайында баяндады. Соңғы екі жылдың ішінде  117 көшенің 130 шақырым аутожолы жөнделіп, 15,6 млрд. теңге игерілген. Биыл бюджетті бастапқы бекітумен 40 шақырымдық 31 көше (биылға 16 нысан) жолы  жөнделеді. Бұл мақсатқа 5,5 млрд. теңге қарастырылған. Соның ішінде жөндеу жұмыстары «ҚПО б. в.» компаниясы есебінен жүргізілетін үш көшеге, яғни Ә. Молдағұлова, Х. Есенжанов көшелері және қала шекарасынан  Бәйтерек ауданындағы Белес ауылы бағытындағы жолдарға мердігер анықталуда.

Жамбыл көшесі жолына орташа жөндеу (Айталиев көшесінен Ружейников көшесіне дейін, құны 470 млн. теңге), Елизаров көшесі жолына (Нұрпейісов көшесінен Жайық көшесіне дейін, 119 млн. теңге),  Аманжолов (Сарайшықтан Пугачев көшесіне дейін, құны 374 млн. теңге), Жүнісов (Т. Масиннен Пугачев көшесіне дейін, 285 млн. теңге) көшелерінің жолдарына күрделі жөндеу көзделген. «Ескі қала аумағындағы бұл көше жолдарын жөндеу Н. Назарбаев даңғылына түсетін жүктемені азайтып, келешекте жаяу жүргіншілер жолын кеңейтуге септігін тигізеді, – деп түсіндірді қала әкімі. Сондай-ақ биыл Желаев өндірістік аймағына кіреберіс жолды күрделі жөндеу,  Деркөл кентіндегі ПДП-2 аумағындағы кварталішілік  жолдар мен су өткізгіш  арықтар құрылысы жоспарланған. ПДП-2 шағынауданындағы 48 көшенің тек қоғамдық көліктер қатынайтын көше жолдарын салу көзделуде. Сондай-ақ Светлая көшесінің аутожолын (Согласия көшесінен Алаш көшесіне дейін) реконструкциялау жұмыстары басталады. Бұл  жол Теплый елді мекені жағынан Самара облысына шығуға мүмкіндік береді.  Сонымен қатар құрылысы өткен жылы басталған көше жолдарының құрылысы биыл жалғасады. Оның ішінде Балауса шағынауданындағы бес көше жолы бар.

– Алдағы аптадан бастап күн райы жақсы болады. Көше жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын бастау керек. Бұрын күннің суықтығын сылтау еткендер болды. Енді ешқандай сылтау қабылданбайды, – деп ескерткен облыс әкімі мердігердің құрылыс жұмыстарын бастауға дайындығын сұрап, әрқайсысын орнынан тұрғызды.

Жиын барысында мердігерлерге жұмыс сапасына басты мән-маңыз беру жағы қатты ескертілді. Облыс әкімі қаланың Еуразия даңғылынан Әйтиев көшесіне оң жақ бұрылысындағы жол ақауын өз есебінен жөндеуді мердігер «Бірлік» компаниясынан қатаң талап етті. «Шолохов, Сырым Датов көшелері жолдарына көлік ағыны жүгі көп түседі. Осы көше жолдарын  жөндегенде көлік ағылатын кезде емес, жұртқа қолайсыздық тудырмайтын уақытты таңдаңыздар, – деді қалалықтарға жол қатынасында қиындық тудырмауды еске салған Алтай Көлгінов.

– Мемлекет сіздерге жағдай жасап отыр. Ешқандай кедергі жоқ.

Еңбек етіңіздер, табыс табыңыздар, бірақ жұмысты сапалы атқарыңыздар. Тегін жасамайсыздар ғой. Құрылыс жұмыстарына жеті жылға кепілдік беріледі. Бізде жақсы жұмыс істейтін де, жұмысына салғырт қарайтындар да бар. Түптің түбінде нарықта сапалы жұмыс істейтіндер қалады. Мемлекетпен ойнамаңыздар, – деп ескертті облыс әкімі.

Гүлбаршын    ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар