9.04.2019, 10:08
Қараулар: 94
Виктор ФОМИН, облыстық балалар-жасөспірімдер туризм және экология орталығының директоры «Отанға құрмет туған өлкеңді танудан басталады»

Виктор ФОМИН, облыстық балалар-жасөспірімдер туризм және экология орталығының директоры «Отанға құрмет туған өлкеңді танудан басталады»

Өз ісін ерекше жақсы көретін іскер басшы, облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор  Фоминмен өрбіткен сыр-сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.

– Виктор Павелұлы, сіз көп жылдан бері облыстық экология және туризм орталығына басшылық жасап келесіз. Аталмыш орталықтың кешегісі мен бүгініне көз жүгіртіп өтсеңіз…

– Иә, бұл мекемеге басшы болып тағайындалғаныма биыл 33 жыл болған екен. 33 жыл  – аз уақыт емес, әрі ұзақ жыл бір ұжымды тапжылмастан басқару оңай деп айта алмаймын. Десе де, жүйрік уақыт зымырап, бір демде өте шықты. Мен қызметке кіріскен 1986 жылдың 10 желтоқсанында Орал қаласындағы Комсомол көшесінің бойындағы №69 ғимаратта орналасқан орталықтың материалдық-техникалық базасында 8 төсекқабы мен жүруінен тұруы көп, тозығы жеткен аутобусы ғана бар еді. Отыз жылдан астам уақыт бойы орталықтың ел ертеңі – балаларды тәрбиелеу жолындағы рөлін, өскелең ұрпаққа өлкені таныту қажеттігін бар қажыр-қайратымызды жұмсай отырып, іспен дәлелдей білдік. Соның арқасында қазіргі таңда Орал қаласында ғана емес, барлық ауданда да экология және туризм орталықтары жұмыс жасап тұр. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуге бар жағдай жасалған, экскурсиялық турлардан бастап жазғы демалыстың сан қилы бағдарламасын ұсына алатын, сонымен қатар ұжымдық, отбасылық демалыс ұйымдастыру үшін жанға жайлы мекен саналатын, жыл – он екі ай жұмыс жасайтын «Еуразия», «Самал», «Бивуак» атты туристік кешендеріміз де бар.

– Орталық қызметінің ерекшелігі және негізгі бағыттары қандай?

– Облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында туризм және қауіпсіз маршруттар, спорттық бағдарлау, экологиялық туризм, өлкетану және аймақаралық ынтымақтастық, спорт және дене шынықтыру бөлімдері, кітапхана мен редакция жұмыс істейді. Жыл бойы жоспарға сәйкес туристік-өлкетану және экологиялық бағыттағы жарыстар, байқаулар, слеттер мен жорықтар өткізіледі. Туристік-өлкетану қызметін жаңашаландыру мен дамытуға, туристік мамандардың біліктілігін арттыруға, жарысқа қатысушы командалардың әзірлік деңгейін көтеруге, аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығына тәжірибелік көмек көрсетуге бағытталған кешенді іс-шаралар жоспарлы түрде ұйымдастырылады. Сондай-ақ орталықтың басты бағыты – үйірме қызметі. Орталығымыздағы 60 түрлі балалар үйірмесіне 600-ден астам оқушы қатысып жүр. Үйірмелер қалалық және аудандық мектептердің базаларында, облыстық мамандандырылған мектептерде, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, облыстық балалар ауылында және облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында жұмыс жасайды. Мұндағы талантты қатысушылар республикалық, халықаралық байқаулар мен сайыстарда топ жарып жүр.

Жан-жақты жұмыс жүргізетін мұндай экологиялық-туристік кешен еліміздің басқа өңірлерінде жоқ. Біз жасап жатқан жұмыстар лайықты бағасын алып та үлгерді. Басқа мақтау-марапаттарды айтпағанда, былтыр облыстық балаларжасөспірімдер туризм және экология орталығы туризм бағытында 19 аталым бойынша тұңғыш рет өткізілген «National Tourism Awards» атты Ұлттық байқауда топ жарып, «Балалар-жасөспірімдер туризмінің ең үздік жобасы» атанғанының өзі зор мәртебе.

– Еліміздің басқа облыстарында өлкетану, жас ұрпақты Отанын танып-білуге баулу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр деп сараптап көрдіңіз бе?

– Жалпы еліміз бойынша балаларды туристік-өлкетану қызметімен қамту 2,6%-ды құрайды. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Салыстырып қарар болсақ, туристік-өлкетану қызметімен біздің облыста балалардың 12,6%-ы қамтылған. Тек еліміздің түкпір-түкпірімен шектелмей, Татарстан, Башқұртстан Республикаларындағы, Ресей Федерациясының Мәскеу, Красноярск, Пенза, Орынбор, Самара, Нижний Новгород қалаларындағы экология және туризм орталықтарымен іскерлік, әріптестік қарым-қатынас жолға қойылды. Өз басым Татарстанның президенті Рустам Миннихановтың арнайы шақыртуымен аталмыш елде болып, өлкетану бағытындағы қосымша білім беру орталығын құрып, жұмысын жолға қою бойынша істәжірибеммен бөлісіп қайтқанмын.

– Виктор Павелұлы, облыс аудандарындағы орталықтар қызметі қалыпты деңгейде ме? Ең белсенді және қызметі ақсап тұрған аудандық экологиялық-туристік орталықтарды атап өтсеңіз…

– Қай ауданды алып қарасақ та, барлығының бірдей материалдық-техникалық әлеуеті ақсап тұр. Туристік жабдықтар, шатырлар мен жолдорбалар өте ескірген, тау техникасына арналған арнаулы жабдықтар жоқтың қасы, қысқы спорт түріне қажетті құралдар жетіспейді. Теректі ауданында туристік базаға лайықты арнайы ғимарат та жоқ. Аудан басшысы Әділ Жоламановпен осы мәселе жайын сөз еткенде жуық маңда бұл түйткіл түбегейлі шешіледі деп уәде берген. Біздің қызметімізге аса қажетті көлік мәселесі де сын көтермейді. Аудандық орталықтарда ғана емес, облыс орталығындағы туристік базалардың қолданысындағы аутобустар да ескірді. Балалар қауіпсіздігі басты назарға алынып, облыстық орталыққа 50 адамдық көлік бұйырса деген арманымыз бар. Егер су жаңа көлік мінер болсақ, жолда сынып қалады-ау деп қорқасоқтамай, балаларды Қазақстанның киелі жерлерімен таныстыру үшін жолға шығар едік.

Ал балаларды Отанын тануға баулып, орталықтардың қызметін ақсатпай отырған Бәйтерек, Ақжайық және Бөрлі аудандарындағы экологиялық-туристік орталықтарды ең белсенділер қатарында атауға болады.

– Орталықтан қанаттанған шәкірттер арасында жас буынға үлгі болатындар көп шығар?

– Біздің орталықтың шәкірттері әлемнің 14 сегіз мыңдық шыңын бағындырған қайтпас қайсар жерлесіміз Мақсот Жұмаевты ерекше үлгі тұтады. Соның негізінде қазіргі кезде тау туризмі, тауға өрмелеу спортына ден қоюшы жастар саны айтарлықтай артты. Орталық ғимаратында орналасқан 6,5 метрлік өрмелеу жарқабағын (скалодром) місе тұтпай, бұдан да биікке талпынып жүрген талапты жастар жетерлік.

Аты әлемге әйгілі ағаларының ізін жалғап, байрақты бәсекелерде орталықтың ғана емес, облыстың намысын асқақтатып оралатын оғландар көп ортамызда. 2018 жылғы жетістікке көз жүгіртер болсақ, спорттық бағдарлау бойынша ҚР кубогінде Еділбек Елубаев, Әмина Валиуллина, Ләззат Төлепбергенова, Әсем Назырова және Анна Бессмертнова абсолютті чемпион атанып, үш қашықтық бойынша алтын медаль иеленді. Сондай-ақ БҚО-ның құрама командасы 7 кезең бойы өткізілген туристік көпсайыстан Қазақстан Республикасының кубогіне қатысып, жалпыкомандалық есеп бойынша 1-орынға ие болды. Ал Гонконг қаласында өткен Халықаралық VI спорттық бағдарлаудан Азия чемпионатында Мұстафа Мұхамбетұлы күміс медальді, Дәуіт Жанболат қола жүлдені иеленді.

– Туризм, экология және өлкетану саласының «жілігін шағып, майын ішкен» маманы ретінде аталмыш саланың қарыштап дамуы үшін қандай қадамдар жасалғаны жөн деп ойлайсыз?

– Жалпы, өзім «Отанға құрмет туған өлкеңді танудан басталады» деген ұстанымды берік ұстанатын жанмын. Өмірімнің біраз бөлігін осы салаға арнаған маман ретінде айтар болсам, саланың қарыштап дамуы үшін өлкетану қызметінің бұқаралық сипатын арттыру керек. Ол үшін ең алдымен, білікті, жан-жақты даярлықтан өткен мықты кадрлар керек. Қарап отырсам, біздің орталықтарда еңбек етіп жүрген қосымша білім беру педагогтерінің жалақысы мектеп мұғалімдерінікінен біраз төмен. Айлығы шайлығынан ауыспайтын жұмысқа білікті маманның келмейтіні – заңдылық. Сондай-ақ республикалық деңгейдегі экологиялық-туристік орталық ашу қажеттігі туралы түрлі мінберден айтып жүргеніме біраз болды.

Балаларға практикалық білім берумен шектелген дұрыс емес, оларды сондай-ақ экологиялық-туристік бағытта тәрбиелеу де аса маңызды. Орман-тоғайды, дала-қаланы аралап, жорыққа шыққан баланың ой өрісі кеңейеді, өзі туып-өскен өңір тарихымен танысу арқылы тарихқа қанығатын болады. Табиғатпен тікелей қарым-қатынас, қоршаған ортамен «үнсіз тілдесу» баланың бойында мейірімділік, ізгілік, жанашырлық секілді игі қасиеттерді оятып, қолда бар асылды бағалай білуге баулитыны анық. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы, Қазақстанның қасиетті және киелі жерлері туралы тәрбие сағаттарының төрт қабырғаға «қамалған» оқушыларға ауызша түсіндіріліп, фотосуреттерін көрсетумен шектеліп жатқандығы жанымды ауыртады.

Сұхбаттасқан   Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар