9.04.2019, 10:05
Қараулар: 283
Құс өсірушілерді қандай мәселе қинайды?

Құс өсірушілерді қандай мәселе қинайды?

Батыс Қазақстан облысының статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы өңірдегі барлық шаруашылық санаттарында 9,3 мың тонна тірілей салмақта құс еті өндіріліп, 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 8,6 есеге өскені тіркелген. Құс еті өндірісінің қарқынды дамуына бройлерлі құс етін өндіруге бағытталған «Жайық ет» ЖШС кешенінің іске қосылуы жол ашты.

– Құс шаруашылығын дамытуға кәсіпкерлердің қызығушылығын арттыру мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында» құс өсіруші кәсіпкерлерді шағын несиелеу қарастырылған. Мәселен, 2018 жылы облыстағы қаржы институттарымен аталған бағдарлама аясында алты қарыз алушыға 12,4 млн. теңге жеңілдетілген несие бөлінді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Алмат Есболов. Оның айтуынша, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды мемлекеттік қолдау бағдарламасында субсидиялау, соның ішінде тағамдық жұмыртқа өндіру және құс етін өндіру құнын арзандату, отандық және шетелдік шаруашылықтардан ата-енелік, ата-тектік нысандағы асыл тұқымды тәуліктік балапан сатып алу, республикалық палаталарда тіркелген құс фабрикаларынан алынған құстардың финалдық нысандағы асыл тұқымды тәуліктік балапанын сатып алу жұмыстарын субсидиялау қарастырылған.

Биыл облысқа тағамдық жұмыртқа өндіру құнын арзандатуды субсидиялау бағытына 85,4 млн. теңге, ал отандық және шетелдік шаруашылықтардан ата-енелік, ата-тектік нысандағы асыл тұқымды тәуліктік балапан сатып алу бағытына 14 млн. теңге қарастырылған.

Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығынның бір бөлігін өтеу де мемлекеттік қолдау бағдарламасында көрініс тапқан. Бағдарлама бойынша инвестициялық салымдар кезінде шаруа адамы шеккен шығынның 25%-ы өтеледі. Сондай-ақ қуаты жылына 20 мың тоннадан басталатын құс етін және қуаты сондай көлемдегі күрке тауық етін өндіруге арналған нысандарды құру және кеңейтуге, тәулігіне 150 тонна тауық саңғырығын өндеуге арналған техника мен жабдықтар сатып алуға, құс шаруашылығындағы асыл тұқымды репродукторға техника мен құрал-жабдықтар сатып алуға субсидиялау беріледі.

– Қазіргі таңда облыс көлемінде мамандандырылған тауарлық жұмыртқа өндірісі бағытында екі құс фермасы («Орал құс фабрикасы» ЖШС,  «Агрофирма «Ақас» ЖШС) және құс еті өндірісімен айналысатын өңірдегі жалғыз кешен «Жайық ет» ЖШС жұмыс істейді. Сонымен қатар жұмыртқа өндірісі бағытындағы құс шаруашылығымен айналысатын Бөрлі ауданының «Нұр» шаруа қожалығы 3,5 мың құс және Теректі ауданының «Аманғалиев» жеке кәсіпкерлігі 2,5 мың басқа дейін құс өсіреді.

Батыс Қазақстан облысының статистика департаментінің мәліметіне сәйкес, облыстың ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында 1021 мың құс немесе барлық құстың 72,3%-ын, шаруа қожалықтарында 30,3 мың немесе барлық құстың 2,1%-ын, жеке қосалқы шаруашылықтарда 362,1 мың бас немесе 25,6%-ын құрады.

– Облыстағы жұмыртқаға және құс етіне деген сұраныстың жоғары болуына орай тауар өндірушілер өнім өткізуде қиналмайды. Алайда құс өсірушілер алдындағы ең өзекті мәселе құрама жемнің жетіспеушілігі, оның жоқтығы және өндіруге қажет шикізат бағасының қымбаттығы, – деді Алмат Есболов.

Сондықтан құс жеміне қажетті дәнді дақылдар өсіруді қолға алу – күн тәртібінде тұрған мәселе.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар