9.04.2019, 10:03
Қараулар: 22
Дархан даланың Дариғасы

Дархан даланың Дариғасы

Подстепный ауылының мәдениет үйінде ақын, ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» және Ы. Алтынсарин  медальдарының иегері Дариға Мұштанованың шығармашылық кеші өтті.

Әдеби кеш барысында Дариға Ғазезқызы балалық шағына саяхат жасап, өмір жолындағы қызықтарын еске алды.

– Әкем  офицер болған жан. 1954 жылы 3 наурызда Орал қалалық №2 перзентханада дүниеге келіппін. Сол кезде офицерлер арасында Қасым Аманжоловтың «Дариға» әні хит болып жатса керек. Әкем көп ойланбастан есімімді Дариға қойыпты. Көңілім құлазыған сәтте Қасым ақынның өлеңдерін оқып, бір тынығып қалатыным содан.

Бұл шығармашылық кешке атау қоярда «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деген Қасым ақынның әні тіліме орала берді. Балалық шағым бұрынғы Фурманов ауданы (қазіргі Қазталов ауданы) Киров ауылында өтті. Көктерек ауылындағы мектеп-интернатта білім алдым. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезде бір-екі жол өлеңді шатпақтап жазып жүрдім. Бір күні қасымдағы қыздардың аудандық газетке өлең жіберейін деп жатқанын естідім. Мен де жазған өлеңімді конвертпен салып жібердім. Үш қыз жазған өлеңнің ішінен тек менікін жариялапты. Екі қыздан ұялып, бір күн сабаққа бармадым. Келесі күні мектеп директоры лездемеде бәрінің көзінше газеттен өлеңімді оқып, жылы лебізін білдіріп, шабытыма шабыт қосты. Содан кейін өзегімді өртеген мәселені өлеңмен бөлісетін болдым. Еңбек жолымды Көктерек ауылдық орта мектебінің мұғалімі болып бастап, ауыл клубының меңгерушісі, аудандық газет редакциясында тілші, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, аудандық атқару кеңесі төрағасының орынбасары, «Орал өңірі» газетінің тілшісі, «Үміт» лингвистикалық гимназиясының директоры, Х. Бөкеева атындағы облыстық драма театрының мәдениет қызметкері болып жалғасты. Айтысқа қатысып жүрген кезде жаныма жақын достар таптым. Шығармашылық кешіме шашбауымды көтеріп келген достарыма алғысым шексіз, – деді ақын-ұстаз.

Дариға Ғазезқызының шығармашылық кешінде аудан әкімі Әділ Жоламанов, аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, әнші, айтыс ақыны Қатимолла Бердіғалиев, ақын Сағынтай Бисенғалиев, әнші-сазгер Гүлбаршын Қасиетова, сондай-ақ аудандық білім беру бөлімінің қызметкерлері мен ұстаздар қауымы  қатысты. Кеште ақын өлеңдерін «Үміт» лингвистикалық гимназиясының оқушылары, мәдениет үйі қызметкерлері мәнерлеп жатқа оқыды. Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері Еркін Өтегенов, Күләш Қуанышқалиева, Теректі ауданының мақтаныштары «Үшқоңыр» тобы Д. Мұштанова сөзіне жазылған әндерді әуелетті. Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы, ҚР мәдениет саласының үздігі Нұргүл Жұбатова кеш иесінің «Аңыз болған абысындар» кітабынан үзінді оқып, көрерменнің кітапты оқуға қызығушылығын арттырды. Өзіне тән дара жолы бар ардагер ұстаздың замандастары жылы естеліктерімен бөлісіп, ақынға арнауларын оқыды. Кеш соңында Дариға Ғазезқызы «Өнер адамы» атты монологын оқыды.

Ұлағатты ұстаз, аяулы ана, ардақты әже Дариға Мұштанованы аудан әкімі Әділ Тауфиқұлы мерейтойымен құттықтап, иығына зерлі қамзол жауып, құрмет көрсетті.

Аягөз    АЙТҚАЛИЕВА,

Теректі   ауданы