4.04.2019, 19:56
Қараулар: 111
Ат спортынан Азия чемпионатына қатысады

Ат спортынан Азия чемпионатына қатысады

Еліміздің  Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы туралы кең баяндаған. Ат құлағында ойнап, ұлттық өнерді қастерлейтін жастарды тәрбиелеу мақсатында еліміздің барлық өңірінде ұлттық спорт түрлерінен  балалар-жасөспірімдер спорт мектептері ашылып, дүбірлі сайыстар ұйымдастырылып келеді.

Өңірімізде ұлттық ат өнерінің шаңырағы ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі десек, артық айтқанымыз болмас. Бүгінгі таңда мектепте тоғызқұмалақ, аударыспақ, қазақ күресі, теңге ілу, көкпар, жамбы ату сынды ұлттық спорт түрлері, үйірмелер бар. Өңіріміздің тұрғындары ат спортына үлкен қызығушылық танытып келе жатқандығы  қуантады. Қазіргі уақытта спорт мектебінде 500-ден астам жас жеткіншек ұлт-тық спорт түрлерінің қыр-сырын меңгеріп жүр. Сонымен қатар мектепте облыстық отбасы үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиеленушілері мен сал ауруына шалдыққан өрендер үшін иппотерапия сеанстары ұйымдастырылуда.

Шәкірттерді ұлттық спортқа баулу, оның қағидалары мен дағды-ларына үйрету, спорт шеберлерін шыңдау жұмысын төрт кәсіби білікті маман атқарады. Олардың ішінде А. Сәрсенов, М. Жеңісов, А. Меңдіғалиев, Ж. Ғазезов сынды өз ісін жетік меңгерген, ұлттық спорт мектебінің беткеұстар жаттықтырушылары бар.

Ұлттық спорт түрін таңдаған жас спортшылар соңғы жылдары біркелкі  жетістіктерге де қол жеткізді. Сөйтіп, 2018 жылы ұлттық спорт түрлерінен Көкшетау қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында теңге ілуден Б. Серіков жеңімпаз атанып, Петропавл қаласында болған ҚР чемпионатында аударыспақтан Н. Иманғазыұлы I орынды, Б. Абдрахманов III орынды қанжығаларына байлаған. Ал Астана қаласының 20 жыл-дығына арналған «Ұлы дала рухы» атты республикалық байқаудың  финалдық жарысында теңге ілуден М. Жеңісов, Т. Бақытжанов және Б. Серіков, аударыспақтан С. Темірханов, Ә. Оңғарбаев, Н. Иманғазыұлы, Қ. Қосмағұлов, Ә. Қалиев ІІ орынды иеленді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша мектеп түлегі Н. Иманғазыұлы «Жыл үздігі» аталымында «Алтын тұғыр» жүлдесін иеленсе, өткен  жылы осы жүлдені ұлттық спорттың серкесі М. Жеңісов ұтып алды.

Жуырда Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында көкпар, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ секілді ұлттық ат спорты түрлерінен 1998-2001 жылы туған жастар арасында ел чемпионаты өткен болатын. Жарыстан спортшыларымыз олжасыз келген жоқ. Еліміздің аймақтарынан қатысқан 16 команда арасындағы сайыста аударыспақ пен теңге ілуден бағын сынаған жерлестеріміз бәсекеге қабілеттіліктерін таныта білді. Жарыс нәтижесінде мектебіміздің түлектері Н. Иманғазыұлы аударыспақтан 70 келі салмақта жеңіске жетіп, теңге ілуден Б. Серіков ІІІ орынға табан тіреді. Қос спортшымыз жуырда Алматы қаласында болатын ұлттық ат спортынан жастар арасындағы Азия чемпионатына жолдама жеңіп алды. Қазір спортшыларымыз Тараз қаласындағы оқужаттығу жиынында шеберліктерін шыңдап, додалы сайысқа дайындалып жүр.

Облысымызда көкпар спорты кенже дамып келеді. Оңтүстік өңірлерде көкпар бұрыннан жоғары деңгейде дамыған және табиға-тына, ауа райына байланысты бұл өңірлерде жыл бойы жаттығу жұмыстарын өткізу мүмкіндігі мол. Қыс ерте түсіп, жаз кеш келетін өңіріміздің табиғи жағдайы, оған қоса заманауи инфрақұрылымның  болмауы ат спорты түрлерін да-мытуға кері әсерін тигізіп отыр. Той-думандары көкпарсыз өтпейтін оңтүстік көкпаршыларының тәжірибесі мен біліктілігі мол. Бұған қоса, көкпар сайысында көш бастаған командалардың құрамында көкпардың жілігін шаққан өңірлердің легионерлері тартылғаны да жасырын емес. Батысқазақстандық көкпаршылардың құрама командасы өңір спортшыларынан ғана құралған. Сондықтан  алдағы уақытта көкпаршыларымыздың кәсіби іскерлігін, шеберлік деңгейін арттыру бағытында жұмыстанамыз.

Өңірімізде ұлттық спорт түрлерін дамытуға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тұрақты қолдау көрсетіп келеді. 2017 жылы көкпар жарыстарына қатысатын спорттық жылқыларды тасымалдау үшін мектепке жаңа «КамАЗ» аутокөлігі сатып алынды.  Сондай-ақ спортшылардың оқужаттығу жиындарына, республикалық және халықаралық сайыстарға қатысуы үшін жағдай жаса-лып, ұлттық спорт түрлерінен жастар мен жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатының жеңімпаздары Н. Иманғазыұлы мен М. Жеңісовке шәкіртақы төленуде.

Қазіргі таңда облысымыздағы ұлттық ат спортының дамуы бірқалыпты. Бүгін қоғамымыз өз тарихына,  мәдениетіне,  салт-дәстүрлеріне дендеп бетбұрыс жасаған кезде ұлттық спортымыздың да, осы спорт түрлерімен айналысып жүрген спортшыларымыздың да келешегі зор деп есептейміз.

Ержан  ӘЛИЕВ,

БҚО  ұлттық  спорт  түрлерінен облыстық балалар-жасөспірімдер  спорт  мектебінің  директоры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.