4.04.2019, 19:54
Қараулар: 160
Шаруалардың егіске дайындығы қандай?

Шаруалардың егіске дайындығы қандай?

Орал  қаласындағы  аграршылар  үйінде  көктемгі егіс  жұмыстарын  жүргізуге  дайындық  барысын пысықтауға  арналған  кеңес өтті. Оның жұмысына  облыс  әкімінің  бірінші  орынбасары  Ғали Есқалиев, ҚР  Ауыл шаруашылығы министрлігінің  өсімдік шаруашылығын  дамыту  стратегиясы  басқармасының басшысы  Алмат Қонақов  және  ғалымдар,  кәсіпкерлер, мемлекеттік  құрылымдардың  өкілдері,  шаруашылықтар басшылары  қатысты.

Жиынды ашқан Ғали Есқалиев Елбасының ауыл шаруашылығын заманауи агротехнологиялар негізінде жүргізуге және еңбек өнімділігін көтеру арқылы дамытуды тапсырғанын, ондай тапсырмаларды орындаудың салаға экономикалық серпіліс әкелетінін айтты. «Тиімділігі жоғары майлы дақылдардың, картоп, көкөніс және мал азықтық дақылдардың егіс алқабын ұлғайтуымыз қажет. Көктемгі далалық жұмыстарды оңтайлы мерзімде жүргізіп, мол өнім алуға қам жасауымыз керек», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі А. Қонақов күллі еліміз бойынша көктемгі егіске дайындық  жұмыстарынан хабардар етті. Республика бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,3 млн. гектарға егу жоспарланған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 219 мың гектарға артық. Егістік алқабы құрылымын әртараптандыру жұмыстарына байланысты мал азықтық дақылдар, қант қызылшасы, көкөніс-бақша дақылдары, картоп алқаптарын ұлғайту көзделген. Биылғы жылдың басынан бастап тыңайтқыштарға субсидия беру талаптары өзгертілді. Жаңа талаптарға сәйкес аккредиттелген зертханалар немесе «Республикалық агрохимиялық қызметтің ғылыми-әдістемелік орталығы» РМК берген егістік алқаптарының электрондық картасын жасақтап, тіркету қажет. Сонымен бірге тыңайтылатын егістік жерлерінің агрохимиялық картограммасын тіркету қажет. Топырақтың агрохимиялық көрсеткіштерін анықтаумен айналысатын 19 зертхананың тізімі министрліктің сайтында көрсетілген. Алайда барлық шаруада агрохимиялық картограмманың болмауына байланысты тыңайтқыштарға субсидия беру ережесіне  түзетулер енгізілуде. Түзетулер негізінде фермерлерге 2021 жылға дейін агрохимиялық картограмманы жасатуға уақыт беріледі. Ал 2021 жылдан бастап агрохимиялық картограмманың болуы талап етіледі», – деді  Алмат Қонақов.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиевтің сөзіне сүйенсек, биыл БҚО-да меморандумға сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдары 542,3 мың гектарға егілуі тиіс. «Алайда аудандардың берген мәліметтері бойынша облыста егіс алқабы 519 мың гектарды құрап, меморандумдағы көрсеткіштерден төмен болмақ. Бұл, негізінен, майлы және мал азықтық дақылдар егістігінің кемуінен, яғни майлы дақылдар алқабының 3,8 мың гектарға, мал азықтық дақылдар алқабының 33 мың гектарға қысқаруынан болып отыр», – деп түсіндірді Берік Есенғалиев.  Оның баяндауынша, дәнді дақылдар егістігі 201,1 мың гектарға, соның ішінде бидайды 138,8 мың гектарға егу жоспарланған. Сондай-ақ картоп және көкөніс-бақша дақылдары 9,7 мың гектарға егіледі, яғни меморандум көрсеткішінен  0,3 мың гектарға кем.

Жалпы айтқанда, облыс диқандары көктемгі далалық жұмыстарға 97 пайыз дайын. Өңірде егіске қажет тұқым жеткілікті болғанымен, кейбір  аудандардағы шаруашылықтар тұқым сатып алуға әлі асығар емес. Осыны ескерткен облыс әкімінің бірінші орынбасары аудан әкімдеріне және қала басшылығына шаруашылықтарды жетпейтін тұқыммен қамту, техника дайындау жұмыстарын сәуірдің бірінші онкүндігінде аяқтауды тапсырды.

Басқосуда сөз алған облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұханбетжанованың баяндауынша, 2012 жылдан бергі уақытта өңірімізде 1 млн. 481 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсаттағы жер пайдаланылмағаны анықталған. Қазіргі уақытта сол жердің 1029 мың гектары немесе 69 пайызы мемлекетке кері қайтарылып, соның 674,3 мың гектары ауыл шаруашылығы айналымына қосылды.

– Жергілікті атқарушы құрылымдар жүргізген түсіндіру жұмыстары нәтижесінде жер пайдаланушылар 382 мың гектар жерін игеруге кірісті. Сонымен қатар 11 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде. 59 мың гектар жер телімі бойынша әкімшілік ықпал ету  шаралары алынған. Осы жер телімдерін пайдаланушыларға белгіленген мерзім ішінде заңбұзушылықтарды жою жөніндегі  ұсынбалардың мерзімі аяқталған соң бақылау тексерістері жүргізіледі, – деді Әлия Биғазықызы. Одан әрі баяндамашы ауыл шаруашылығы мақсатындағы  бос жер телімдері жөнінде ақпаратты zem.kz порталынан алуға болатынын түсіндірді. Ол үшін порталға кіріп, «Бос жер телімдері» бөліміндегі БҚО-ны таңдап, әрі қарай қажетті ауданды таңдап алады. Онда бос жер телімдерінің мекенжайы, аумағы көрсетіледі. Бос жерді қажетті үрдістерден кейін жергілікті атқарушы құрылымдар жер заңдылығының ережелеріне сәйкес конкурстарға шығарады.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ректоры Асқар Наметов «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы» ЖШС-ның даму келешегі және АӨК саласына маман даярлау мәселелерімен бөлісті. Ректордың баяндауынша, өткен жылғы күзде станса кәсіпкерлікке, өндіріске жаңа инновацияларды енгізуге көмектесуі үшін  БҚАТУ-ға сенімді басқаруға берілген. «Бұрынғыдай ғылым ғылыммен, өндіріс өндіріспен айналысуға болмайды, тек ортақ күш-жігермен консорциум құрып, болашақты жоспарлап жұмыстанатын болсақ, түйткілді мәселелерді шешеміз. Мамандар даярлауға қатысты бизнес өз талабын айтса, біз сондай білім-біліктілікке оқытамыз. Студенттер екі жыл теориялық білім алып, көктем-күзде егістік алқаптарына барады. Қыркүйектегі оқу егін орағы біткенше қазан айына ауыстырылады. Студенттер  3-4-курстарда  шаруашылықтарға барып, ерте жұмысқа тұруы үшін сіздердің нақты  шаруашылығыңыздың мамандануына қарай даярлаймыз», – деді А. Наметов. Оның айтуынша, стансаның жұмысы жаңа арнаға бұрылуда, оның жұмысы ауыл шаруашылығы саласын ғылымға негізделген асыл тұқымды малмен және өнімділігі жоғары репродуктивті дәнді дақылдар тұқымымен қамтамасыз етуге бағытталмақ. Сонымен қатар алдағы жылдары картоп, жеміс шаруашылығын дамыту жұмыстарына мән-маңыз берілмек.

Жиында «Ақпараттық-есеп орталығы» АҚ облыстық филиалының өкілі Дархан Өтемісов goldau.kz веб порталы арқылы субсидиялау тетіктері жайында әңгімеледі. «Мұнда субсидиялаудың барлық түрі көрсетілген. Электрондық қолтаңбамен онлайн режімде субсидиялауға өтінішті үйден отырып беруге болады», – деді ол. Сондай-ақ басқосуда «Қазгидромет» РМК-ның жетекші инженері Ерқанат Исқақов «Аглометеорологиялық мониторинг және болжам жасаудың пилоттық жобасы» жөнінде баяндады. Оның айтуынша, облыс әкімдігі мен “Қазгидромет» кәсіпорны арасында меморандум жасалған. Биыл ауа райын болжау қызметі тегін көрсетіледі, ал алдағы жылдан ақылы.

Кәсіпкер Валерий Голоухов «Джон Дир» комбайнын жеткізуші «Евразия групп» дилерлік компаниясының Оралдағы филиалының жұмысына наразылығын білдірді. Оның техниканың жөндеу жұмыстарының ақысы тым қымбат екендігін, қосалқы бөлшектермен қамтуда тым шабандығын айтып, облыс әкімдігіне бұл мәселені бақылауға алуды сұрады.   Ал «Ростсельмаш» АҚ-ның ресми дилері – «Оралагро» ЖШС-ның директоры Рамин Кабуев өздерінде бұдан басқа екі астық өсіретін, бір сервистік, бір астық кәсіпорны бар екендігін, былтыр осы компанияларды біріктіріп, ауылдық кооператив құрғандарын, бірақ соған  бұрын сервистік қызмет көрсеткен «Коммунтехсервис» кәсіпорнының базасын 7-8 жылдан бері 240 шаруа бірігіп қол қойып, сұрап ала алмай жүргенін айтты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары кәсіпкерлер тарапынан көтерілген мәселелерді назарына алды.

Жиын соңында қатысушылар Салтанат сарайы маңындағы «Ростсельмаш» АҚ-ның ресми дилері – «Оралагро» ЖШС-ның жаңа техникалары желісі көрмесін көріп, жаңа техниканы лизингке алу мүмкіндіктерімен  танысты.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»