4.04.2019, 19:52
Қараулар: 27
Желідегі әкімдер

Желідегі әкімдер

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінен кейін Батыс  Қазақстан облысындағы лауазымды шенеуніктер арасында әлеуметтік желілерге жаппай тіркелу байқалды.

Шыны керек, әкімдердің әлеуметтік желіге тіркелуін қолдаушылар да, бұл бастамаға сенімсіздік танытып, «бәрібір ештеңе шықпайды» деушілер де кездесті.

Батыс Қазақстан облысы ауданы әкімдерінің арасында әлеуметтік желіні жиі пайдаланушылардың бірі – Бөрлі ауданының әкімі Санжар Әлиев. Фейсбукке 2015 жылы қыркүйек айында тіркелген Санжар Жұматайұлы кейде тікелей эфир де ұйымдастырып жіберетіні бар. Осы арқылы Санжар Әлиев желі пайдаланушыларымен, аудан тұрғындарымен тікелей қарым-қатынас орнатып, өз ісін алға бастырып отыр десе де болады. 5 ақпан күні фейсбук парағына қара лента ілген Санжар Әлиевтің Астана қаласында бүкіл елдің қабырғасын қайыстырған оқиғаға орай 5 баласынан айырылған ата-анаға және жақын-туыстарына Бөрлі ауданының халқы мен аудан әкімдігі атынан көңіл айтқанын көрдік. Мұның бәрі ел басқарып отырған мемлекеттік қызметшінің адамгершілік сезімін де көрсетеді.

Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов 2016 жылы қарашада тіркелген. Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков те байырғы фейсбукші. Теректі ауданының басшысы Әділ Жоламановтың 5 мың адамдық достар лимиті толуға таяу. Жоғарыда аталған әкімдердің және Шыңғырлау ауданының басшысы Альберт Есәлиевтің парағында аудан өміріне қатысты түрлі жаңалық тұрақты жарияланып тұрады.

Бәйтерек ауданы әкімі Асхат Шахаров фейсбукке жақында ғана тіркеліпті. Күні кешегі мәлімет бойынша әзірге 1343 досы бар. Халық аузында «сөзге нәмәрт, іске жомарт» басшы аталып жүрген әкімнің сөзге сараң емес екенін дәлелдейтін кез келген сияқты.

Сырым ауданының басшысы Төлеген Төреғалиев негізінен, бұған дейін фейсбук парағын қарапайым жеке адам ретінде қолданып, пайдалы кеңестерді бөлісіп отырыпты. Бір жағынан сірескен ресми ақпараттармен ғана бөлісіп отыратын кей әкімдер секілді емес, ең алдымен, халықтың қызметшісі, қатардағы азаматы ретінде бұқарамен етене жақын болуы үшін бұл да құптарлық ұстаным.

Ал Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев 2012 жылы сәуірде ашылған фейсбук парағындағы профиль суреті мен мұқабасын жаңғыртып, ресмилендіріп қойғаны байқалады. Өзге әріптестеріндей емес, басшы ретінде аудандағы ірілі-ұсақты жаңалықтарға алдымен өзі үн қосып отыратыны қуантады. Бұл екі әкімнің достық ұсынғандарға аса талғаммен қарайтыны көрініп тұр:

Т. Төреғалиевтің 346, А. Сафималиевтің 725 досы бар. Дегенмен бөліскен ақпаратыңның барынша оқылымды болмағы үшін достар санын анағұрлым көбейткен дұрыс болар ма еді деген ой қылаң береді.

Қаратөбе ауданының басшысы Жанат Асантаев, Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин фейсбук парағын ашқанымен, желінің қыр-сырын әлі меңгермеген болса керек. Парақшаларындағы ақпарат жұтаңдығы соны дәлелдейді.  Алғашқысының профиль суреті де салынбаған. Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтің де  фейсбук парағында аудан жаңалықтары жиі жарияланғанымен, парақ иесінің суреті, жеке мәліметтері толтырылмапты. Тасқала ауданының әкімі Алдияр Халелов те фейсбук парағын ашқанымен, оған өзі жазба қалдыруды қолай көрмейтін сияқты. Есесіне, аудан жаңалықтарын жариялаушылар әкімді белгілеу арқылы бұл олқылықты сездірмей тұр.

Жалпы, әкімдердің жаппай желіге тіркелгенін жақсылыққа жорыған дұрыс па? Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің желіге тіркелуі жөнінде айтқанда басшылардың халықпен байланыстың жаңа форматына көшуін, өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуын көздегені анық. Өйткені бүгінгі әлеуметтік желі – қайнаған өмірдің өзі. Ал желідегі әкім – атшаптырым кабинет төрінен көріп үйреніп қалған шенеунік емес, кәдімгі халықтың бірі, әрі осы оқиғалардың тірі куәгері болары сөзсіз. Әлеуметтік желіні бақылап отырған адам қоғамның тамырын ұстап отырған тамыршыға да ұқсайды. Тек соны ел игілігіне, халық пайдасына пайдаланса болғаны.

Айналып келгенде, осы бастаманың өзі халық пен билік арасындағы кедергіні жойып, ашық қарым-қатынас орнату ниетінен туындап отыр ғой. Батыс Қазақстан облысында «Ашық әкімдік» шарасы дәстүрге айналғанына екі жыл болды. Алдын ала хабарланған жиынға облыс басшысынан бастап, қала мен ауданның бірінші басшылары, түрлі салалық бөлімдердің жетекшілері халықпен тікелей жүздесіп, мәселені ашық талқылайтын мұндай формат кез келген әлеуметтік желіден артық екендігі рас. Жуырда ғана 30 наурыз, сенбі күні өңірдің барлық аудан орталығында және Орал қаласында өткен осындай шараға 400-ден аса тұрғын келіп, жұмыспен қамту, тұрғын үй, кәсіпкерлік және жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер беру, аз қамтамасыз етілген отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсету бойынша әлеуметтік төлемдер және т. б. мәселелер бойынша сауалдарына жауап алыпты. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің өзі бұл күні 100-ден аса адамды қабылдап, сөйлескен. Енді батысқазақстандық әкімдер жаппай желіге тіркеліп, ел-жұрттың ұсыныс-пікір, арыз-шағымын онлайн қарап отырар болса, «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген мақалдың шынымен жүзеге асар кезеңі келген сияқты. Мұның нәтижесі қандай болмақ, біраз уақыттан соң сараптама жасап, білетін  боламыз.

Қазбек   ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар