4.04.2019, 19:34
Қараулар: 131
Қаракөз СІМӘДІЛ, журналист-публицист, Ұлттық аударма бюросының редакторы: «100 жаңа оқулықтың жартысы дайын»

Қаракөз СІМӘДІЛ, журналист-публицист, Ұлттық аударма бюросының редакторы: «100 жаңа оқулықтың жартысы дайын»

Жақында «Жайық Пресс» медиахолдингінде «Жұмадағы жүздесу» жобасы аясында белгілі журналист-публицист, Ұлттық аударма бюросының редакторы Қаракөз Сімәділмен кездесу өтті.  Кездесуде танымал журналист «Орал өңірі», «Приуралье» басылымдары  журналистерінің аударма саласындағы өзекті мәселелер, қазіргі қазақ журналистикасының   кейбір ерекшеліктері,  қоғамдағы түйткілді жәйттер жөнінде қойған  сұрақтарына жауап берді.

– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасының  негізгі ерекшелігі туралы айтып берсеңіз?

– Елбасы ұсынған «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында әлемнің таңдаулы кітаптарын қазақ тіліне тәржімалауды қолға алдық. Былтыр 18 кітап оқырманға жол тартса, биыл 33 кітаптың тұсауын кеспекпіз. Кітап таңдаған кезде жобаның негізін құраған Рауан Кенжеханұлы бастаған шығармашылық топ  «Бұл кітап қазақ оқырманына не береді?» деген сауалды басты нысана ғып аламыз. Бізден бөлек, арнайы сарапшылар және бар. Әлемде жастардың өмірден өз орнын табуына бағыттап, мықты тұлға болып қалыптасуына ықпал еткен кітаптарды қазақ жастарына ұсынуға  көңіл  бөлудеміз.

Біздің студент кезімізде  «Меломан» кітап дүкендері желісі болған жоқ. Алматыдағы кітап дүкендерінде біз оқығымыз келетін кітаптардың бәрі орыс тілінде болатын. Сол кездері дүние жүзі талқылап оқып жатқан кітаптардың қазақшасы болса ғой деп армандайтынбыз. Қазақ аудармасының тарихында жедел аудару деген болған жоқ. Көп кітап жарық көргеніне бірнеше жыл өткен соң аударылып жататын. Аудармадан көбі қашады. Аудармаға екінші кезектегі дүние деп қарайтын жандар да баршылық. Әдебиетшілер арасында «Поэзияның аудармашысы – патша, прозаның  аудармашысы –  құл» деген түсініктегі кісілер де ұшырасады.

Ұлттық аударма бюросы аталмыш жобаға қоса, Алматы қаласы  әкімшілігінің қолдауымен әлемге әйгілі екі автор Стивен Коввейдің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» және Юваль Ной Хараридың «Адамзаттың қысқаша тарихы» кітаптарын  қазақ  тіліне  аударды.

– Өзіңіз бірнеше жыл қызмет еткен «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясынан кету қиын болған жоқ па? Аталмыш жоба бойынша журналистикаға қатысты кәсіби оқулықтарға аударма  жасала  ма?

– 2008 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына жұмысқа  келіп, он жыл қызмет еттім. Ең алғашқы жұмыс орным. Мен келген жылы екі апай зейнеткерлікке шығып жатты. Олар 17 жасында «Қазақ әдебиетіне» жұмысқа келіп, содан той жасап, зейнет жасына шығып жатыр екен. «Сонша жыл бір жерде табан аудармай жұмыс жасадыңыздар ма?» деп, қатты таңғалып едім. Корректор апайлар «Қазақ әдебиетіне» мамандар өз еркімен келеді, бірақ өз еркімен кете алмайды» деп еді. Дегенмен өз еркімен кетуге болады екен.

Он жылдан соң Ұлттық аударма бюросына қызметке келдім.

«Қазақ әдебиеті» газетіне алғысым шексіз. Қазақтың қабырғалы ақын-жазушыларымен таныстым, «Жазушы жары» деген арнайы айдарды жүргіздім. Сол кезде ең  қызық әңгімені, сол заманның келбетін, адам есіне келмейтін кейбір сәттерді жазушының жұбайлары тартымды, тағылымды етіп әңгімелеп беретін. Негізі, адам бір жерде көп отырып қалса, сол жердің көлеңкесіне айналып кетеді деген өзімнің жеке пікірім бар. Сондықтан басқа дүниені бастау керек болды. Журналистикаға қатысты екі кітап дайындалуда.

– Ағылшын тілінен қазақшаға аударғанда осы кезге дейін аударылмаған сөздер ұшырасты ма? Жалпы, бір сөздің қазақша баламасын  іздеуге қанша уақыт кетеді? Тәржіма кезіндегі ізденіс бағыттары  туралы  айтсаңыз…

–  Біз аударма кезінде пілдің баласын қалай атайтынын таба  алмай қиналдық. Орыс тілінде  «слон, слоненок» деп айта са-лады. «Пілдің баласын не деп атайды?» деп екі-үш күн кітап ақтардық. «Пілкентай» деп жазылған ертегіні табу үшін, Ұлт-тық кітапханаға барып, біраз іздендік. Жолбарыстың баласын шөмшік дейді екен. Қазақ тілінде осындай мәселе өте көп.  Біз егер пілдің баласын «пілдің төлі» деп жазсақ, үлкен дау болар еді. Терминдерді айтпағанда, қарапайым сөздердің баламасын табу қиынға соғып жатады. Осындай сәттердің бәрінен өтуге тура келді. Кейбір терминдер орыс тілі арқылы енген. Мысалы, «сословие» деген сөз өзге тілде жоқ. Адам аттары орыс транскрипциясымен енген. Сондықтан ағылшынша алып, қазақша баламасын беріп жатырмыз. Өйткені біз аударған кітаптар ең бірінші қазақ оқырманына түсінікті болуы керек.

– Газеттің кезекті нөмірін дайындау барысында бізде редакция басшылығы мен корректорлар арасында кейбір сөздерге, тыныс белгілеріне қатысты пікір қайшылығы жиі туындайды. Корректор әріптестер филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚРның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Р. Сыздықованың «Қазақ тілінің анықтағышы» атты соңғы нұсқасын алға тартады. Мәселен, бұрын «жемшөп» деген қосарланған  сөзді жазғанда арасына дефис қойылатын. Қазір бірге жазылады.

Осы тектес сөздер көп. Тілдің  орфографиялық, грамматикалық жағдайы еріген қорғасындай балқып тұр. Француз драматургі Жан Батист Мольердің «Грамматиканың заңдылығына корольдер де бағынады» деген сөзі бар. Сондықтан орфоэпия мен орфографияны бірізділендіру бағытында қандай  жұмыстар  жүріп  жатыр?

– Иә, айтуыңыз орынды, бізде де әлгіндей қарама-қайшылықтар жиі ұшырасады. Мәселен, «Дүние жүзі» деген сөзді тілші ғалымдар қосып, жазып берген. Менің аудармама қатысты «ауыл шаруашылығы», «шекара» сөздері дау тудырды. Өйткені қазақ тіліне қатысты соңғы орфографиялық сөздікте «ауыл шаруашылығы» сөз тіркесі қосылып жазылған, ал «шекара» сөзі «шегара» болып кеткен. Біз  «Екі бірдей үлкен мекеме бар. «Ұлттық шекара комитеті», «ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі» атын иеленген ресми мекеме-ұйымдар атауын, яғни жазылуын өзгертпейінше, бұл сөздердің жазылуын біз де өзгертпейміз»  дедік. Осы мәселеге қатысты газет, баспасөз саласындағы журналистер, тілші ғалымдармен кездесіп, бір жүйеге келтіріп, бірізді қылып беруін сұрадық. Өйткені қазір әр редакция әр түлі жазады. Бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде бұдан ертерек шыққан сөздікке сүйенетінбіз. Қазіргі сөздікте дефистің  бәрін алып тастаған.  Шынымен де, сөздің жазылу мәдениетіне көңіл бөлініп, бірізге салынбаса, бір ереже болмаса, сауатсыздыққа  ұрынарымыз  анық.

– Қаракөз, ішкі жан-дүниеңізге, көзқарасыңызға қарсы келген шығарманы жазған кездеріңіз  болды  ма?

– 2011 жылы Жетісу өңіріне қарасты  Қызылағаш ауылын  су басты. Сол кезде біз Наурыз мерекесіне қатысты мерекелік нөмірді дайындап жатыр едік. Сәрсенбі күні түнде бүтіндей бір ауылды су шайып, адамдар баспанасынан, бар жиғанынан, жақын адамдарынан айырылып, аза тұтып жатты. Өзім сол жақтың қызымын. Осы оқиға жүрегіме  ауыр тиді. Ертеңгісін редакцияда болған таңғы жоспарлауда «Ұлыс оң болсын!» деп жалаулатып, мерекелік нөмірді қалай шығарамыз?» деген сұрақ туындады. Қанат Тілеухан деген әріптесіміз ауылдан мақала жазды. «Ұлыс оң болсын!» деген сөздің орнына «Қазақтың қаралы күні» деп, бірінші бетке Ғалым Жайлыбайдың «Жүрегіне жерлейді бауырларын» деген өлеңін салып, барынша мұртын басып, «Қазақ әдебиеті» газетінің сол санын шығардық. Кейіннен қызылағаштықтарға үй беретін болып, сол шараға мені шақырды. Осы кезде тағы да әділетсіздік алдымнан шықты. Су шайып, жарылып кеткен жерге үйлер  салынған. Журналистикада эмоцияға жол беруге болмайды. Барынша ашу-ыза, өкпе-ренішті тежей тұруға тура келді. Қолымнан келгені үлкен мақаланың орнына шағын ғана ақпарат жазып бердім…

– Ұлттық аударма бюросы игі істі қолға алды.  Дегенмен, жастарымыз гаджеттерге байланып, кітап оқу мәдениетін жоғалтып алған заманда сіздер аударған кітап кейінгі ұр-паққа керек бола ма?

– Біз жастардың талғамын ескеріп, әр кітаптың бейненұсқасын дайындаудамыз. Қазіргі күнде ізденген адамға таңдау көп.

Смартфондағы электронды нұсқаларды қарағысы келетін адамдар бар. Енді бірі бейненұсқасын көргенді жөн көреді. Әр кітаптың электронды, бейненұсқалары бар. Алдағы күнде аудионұсқасын жасау жоспарда тұр. Қазақтың әр сөзін, әр дыбысын дұрыс айта алатын актерлермен, дикторлармен жұмыстанудамыз.  «Кітап.кз» батырлар жырының аудионұсқасын жасады. Маған қатты ұнады. Өзім «Кітап оқу керек» деген   ұстанымдамын. Кез келген бейне, аудионұсқа кітап беретін әсерді алмастыра алмайды деп ойлаймын.

– Қазақ жазушыларының  шығармалары шет тіліне көп аударыла бермейді. Шетелдерге шыққанда қазақ тілінен өзге тілге аударылған бір кітап таппайсың. Аударма мәселесі неліктен ақсап тұр деп ойлайсыз?

– Бізде аударма саласы үш бағытта қанат жайып келеді. Біріншісі – еріктілер аудармасы, яғни тәржімалау өнеріне өзінің ынтаықыласымен ден қойғандар. Мәселен, бірде Бексұлтан Нұржекеевтің «Күнәсіз махаббат» деген әңгімесінің «Amazon» сайтында ағылшынша тұрғанын көзім шалып қалды. Дереу ағайға хабарласып, таңғалғанымды жасыра алмадым. Сонда ол кісі «Екі жыл бұрын Англияда оқып жүрген студенттер сұрап алып, аударған. Сатылса, кітап қылып шығарамыз деп еді»  деді. Бұл – еріктілердің аудармасы. Бірақ оның сапасы қандай екендігіне мен баға бере алмаймын. Екіншісі – Дулат Исабековтің агенттермен жасаған аудармасы. Осындай қажырлы ізденістің нәтижесінде жазушының драмалық  шығармалары Лондондағы театрларда сахналанды. Үшіншісі – кәсіби аударма. Міне, осы сала шабандап тұр. «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ әдебиетіне қатысты сүйекті шығармаларды, мойны озық туындыларды жеті тілге тәржімалау көзделіп отыр.

Дайындаған  Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар