4.04.2019, 19:32
Қараулар: 98
Диқандар су жаңа 80 техника алды

Диқандар су жаңа 80 техника алды

Биыл облысымыздағы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 542,3 мың гектарды құрамақ. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 25 мың гектарға  немесе 4,9%-ға артық. Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы сөз болды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашевтің айтуынша, дәнді дақылдардың алқабы күздік дақылдар егісін ескергенде 265 мың гектарды   құрайды. Соның ішінде жаздық дәнді дақылдарды 188,4 мың гектарға егу жоспарланған.

– Егіс алқаптарының құрылымына сәйкес жаздық бидай 83,4 мың гектарды немесе 44,3%-ды, арпа 85 мың гектарды немесе 45%-ды, тары 4,4 мың гектарды немесе 2,3%-ды және басқа да дәнді дақылдар 5,6 мың гектарды немесе 2,5%-ды құрамақ. Соның ішінде майлы дақылдар 64,8 мың гектарға егіліп, күнбағысты 51 мың гектарға дейін жеткізу көзделген. Картоп және көкөніс-бақша дақылдарын 10 000 гектарға егу жоспарлануда (2018 ж. – 9 632 га), оның ішінде картоп – 4 300 гектар, көкөніс дақылдары – 3 800 гектар, бақша дақылдары 1 900 гектар болады. Нарықтағы сұранысқа және өндірістік тиімділігіне байланысты майлы дақылдар алқабын 18,2%-ға, картопты 2,4%-ға және көкөніс-бақша дақылдарының алқаптарын 7,5%-ға ұлғайту жоспарланып отыр, – деді Денис Омашев.

Оның айтуынша, өткен жылы мал азықтық дақылдар 175,7 мың гектар болса, биыл бұл дақыл егістігі 202,5 мың гектарды құрамақ. Өңірдегі шаруашылықтардың дәнді дақылдар тұқымына деген қажеттілігі 21,1 мың тонна шамасында болса, қазір соның 22,1 мың тоннасы немесе қажеттіліктің 105%-ы дайын. Майлы дақыл тұқымына қажеттілік 0,52 мың тонна, оның әзірге дайындалғаны 0,53 мың тонна немесе қажеттіліктің 102%-ын құрайды. Мал азықтық дақылдар тұқымына қажеттілік бір мың тонна болса, оның 0,59 тоннасы немесе 57%-ы дайын. Тұқымдық картопқа қажетті 12,9 мың тонна тұқым толықтай дайын.

Мемлекеттік сатып алулар үрдістерінің қорытындылары бойынша аккредиттелген «Казагрэкс» АҚ және «Орал-Жер» ЖШС кәсіпорындарының зертханалары тұқым сапасына тексеріс жүргізуді бастады. Соның нәтижесінде барлық дәнді дақыл тұқымының егуге жарамдылығы анықталмақ. Сондай-ақ көктемгі далалық жұмыстарға 4 215 трактор, 4 081 дәнсепкіш, 830 қопсытқыш және «Джон Дир», «Флексикойл», «Кейс», «Хорш» маркалы 47 жоғары өнімді егіс кешені қатысады. Бүгінде тракторлардың 97%-ы,  дәнсепкіштердің 96%-ы, қопсытқыштардың 97%-ы  жұмысқа  дайын.

– Көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін облысқа 12 мың тонна (сәуірге – 2 мың тонна, мамырға – 6 мың тонна, маусымға – 4 мың тонна) дизель отыны керек. Жанар-жағармайды жеткізуші оператор болып «Батыс Арна» ЖШС анықталды. Дизель отынының бағасы литріне 165 теңгені құрайды, – деді  Д. Омашев.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалының директоры Ерлан Нысанғалиевтің брифингте ұсынған мәліме-тінше, көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға «Кең дала» бағдарламасы бойынша 291,5 млн. теңге қарастырылған (7%-дық мөлшерлеме), қаржы аталмыш облыстық филиалдың аудандық несие серіктестіктері арқылы (15 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне) берілді. Бұдан бөлек «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 559 млн. теңге (16%-дық мөлшерлеме) қарастырылған. «КазАгроҚаржы» АҚ БҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Аманкелді Имановтың сөзіне сүйенсек, «КазАгроҚаржы» АҚ бойынша техника лизингіне 2 900 млн. теңге қаралған. Бүгінде өңірдегі шаруашылықтар 1 050 млн. теңгеге 80 техника сатып алған.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.