4.04.2019, 19:30
Қараулар: 114
Әкімнің алғысы

Әкімнің алғысы

Кеше  Орал  қаласындағы  «Жайық  таза  қала» ЖШС-да  шаһарды  қардан тазалау  және  су тасқынының  алдын алу  шараларына  белсенді  атсалысқан  аталмыш  мекеме  мен өңірдегі  жол,  құрылыс компанияларының  қызметкерлеріне  құрмет  көрсетілді.

– Биылғы  қыс біз үшін үлкен сынақ болды. Өңіріміздің аумағына отыз жылдан  астам уақыттан бері  жаумаған қар түсті. Ауа райын болжайтын мамандардың айтуынша, мұндай қар соңғы рет 1987 жылы жауған екен. Сол жылы қаңтар айындағы қар жамылғысының қалыңдығы 54 см болса, биылғысы – 60 см. Сіздер оралдықтардың тұрмыс сапасын  жақсарту мақсатында  күндіз-түні, ауа райының қолайсыздығына қарамай, жұмыс істеп келесіздер. Қыс маусымы басталғалы да бел жазған жоқсыздар. Әрқайсыңыздың еңбегіңіз зор. Сол үшін сіздерге өз атымнан, әріптестерімнің атынан ризашылығымды білдіремін. Сіздердің жұмыстарыңызды бағалауымыз керек. Өздерінің техникаларын ұсынып, көмек  берген  облыстағы құрылыс, жол компанияларының басшыларына да алғысым зор. Әлі де су тасқынының алдын алу жұмыстары аяқталған жоқ. Алдағы уақытта да өңіріміздің дамуы және  қаламыздың таза болуы үшін бірге жұмыс атқаратынымызға сенімдімін. Екі ай өтетін тазалық айлығына барлық мекеме-кәсіпорын және әрбір батысқазақстандық атсалысуы керек, – деді бұл шараға арнайы келген  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов.

Өңір басшысы қаланы қардан тазарту жұмыстарына белсенділік танытқан «Жайық таза қала» ЖШС мен осы жұмыстарға көмек қолын созған мекеме-кәсіпорын басшылары мен қызметкерлеріне алғысхат табыс етті. «Жайық таза қала» ЖШС директоры Қуат Ерсайынов та мекеменің бірнеше  қызметкерін  алғысхатпен  марапаттады.

Қуат Ерсайынұлы айтып өткендей,  биыл қала көшелерінің бойыннан 1 млн. 49 мың шаршы метр қар мен 53 мың текше метр су шығарылды. Бұл жұмыстарға 300-ден астам техника мен  750  адам  жұмылдырылды.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.