4.04.2019, 19:13
Қараулар: 48
Қайғыға ұласқан жанжал

Қайғыға ұласқан жанжал

Батыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 1-бөлігі (адам өлтіру) бойынша айыпталған Александр Бесштановқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Сот үкімін судья Бақыт Ермаханов оқыды.

А. Бесштанов 1979 жылы туған, БҚО тумасы. Оған 13 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол ҚР ҚК 14-бабы 2-бөлігіне сай әрекетінде қылмыстың қайталануы болғандықтан, жазасын қауіпсіздігі төтенше қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеп, маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емделетін болады. Сонымен қатар сотталушы қайтыс болған қыздың анасына 3,5 млн. теңге моральдық және 415 мың теңге материалдық шығын өтейтін болады.

Сот талқылауында айтылғандай, А. Бесштанов 2018 жылдың 29 қазанында телефон арқылы хабарласып, қызды үйіне шақырады. Сотталушының үйінде қыз екеуі спирттік ішімдік ішеді. Отырыс барысында дау пайда болып, сотталушы қызды бет тұсынан екі рет ұрады. Құлап қалған қыздың  тамағынан сол жақ аяғының тізесімен басып, тыныс алу жолын жапқан. Онымен қоса аузы мен мұрнын жауып, шамамен төрт минуттай ұстап отырған. Қайтыс болғанын білгеннен кейін киімдерін шешіп алып, аулаға апарып өртеген. Қыздың қол-аяғын скотчпен байлап, аузын скотчпен жауып, әжетханаға тастайды. Кейін құрылыс заттарымен жауып тастаған.

– Қыздың денесі бір жарым айдан соң табылды. «Империя» такси қызметіне  байланысқан жедел уәкілге ол мекеме қыздың сол мекенжайға қандай таксимен барғаны жөнінде анықтама береді. Таксист те марқұмды үйінің алдында күтіп алған сотталушыны таныған. Ал А. Бесштанов жедел уәкілге еш ойланбастан, мән-жайдың бәрін айтып, көрсеткен, – деді судья Бақыт Ермаханов.

Айта кету керек, ол бұған дейін бірнеше рет ұрлық, яғни ауыр қылмыс жасағаны үшін үш жыл алты айға шартты жазаға сотталған. Бұл қылмысты шартты жазасын өтеу барысында жасаған. Сот талқылауында айтылғандай, қылмысын ішінара мойындаған Александр Бесштановтың сөзінше, қыз өзін жәбірлегені үшін оның үстінен арызданатынын айтып, 70 мың теңге  талап еткен.

– Қызым 25 жаста болатын. Ол менімен  бірге тұрды. Қандай болса да, өзімнің балам, өзім өсірдім. Баланың күйігі деген оңай емес. Таба алмаймын ғой деп ойлап едім. Тапқаныммен, оны  көре де алған жоқпын. Ит пен мысықты да бұлай лақтырып тастамайды ғой. Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін, ешкімге де  тілемеймін. Өлтіріп, әжетханаға лақтыру деген айуандық қой. Тіпті соғыс кезінде мұндай жауыздық болмаған. Анамын, ананың жүрегі сезеді. Қызымды тірілей салып жібергендей сеземін. Сұрағым көп. Бірақ сот шешіміне риза болмағанда не істеймін? Өзіме қалса, қылмыскерді өзім де өлтіріп  тастар едім, – деген шарасыз ана сот үкіміне шағым түсірмейтінін айтты.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар