4.04.2019, 19:00
Қараулар: 123
Әр бала мектепке лайық!

Әр бала мектепке лайық!

Сәуірдің 2-сі – аутизм туралы хабар таратудың халықаралық күні. Осыған орай дәл осы күні Орал қаласында «Асыл Мирас» аутизм орталығының ұйымдастыруымен бірқатар шара өтті. Біз аталмыш орталықтың супервайзері Айнагүл Есенғалиеваны әңгімеге тарттық.

– «Асыл Мирас» орталығы өткен жылы балалар күні қарсаңында өз жұмысын бастады. «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің жанынан ашылған бұл орталықта күні бүгінге дейін 200-ге жуық мүмкіндігі шектеулі бала диагностикадан өтіп, курстық көмек алды. Қазіргі күнде 300-дей бала біздің орталықтан әдістемелік көмек алу үшін арнайы тіркеуде тұр. Біз оларды кезегімен қабылдап, ата-аналарына бағыт-бағдар беріп, түрлі жұмыстар жасап жүрміз. Орталық ашылар алдында 8 маман Астана қаласына барып, білімдерін жетілдіріп қайтқан болатын. Орталық мамандары әр үш ай сайын өз білім-біліктіліктерін толықтыру мақсатында жұмыстанады. Әр баламен мамандар жұмасына үш рет бір сағат бойы жұмыстанады. Ата-аналардың көпшілігі перзентін ауру деп ойламайды. Тілі шықпай жатса, еркелік деп ойлап, уақыт өткізіп алады. Негізі сәбиге ерте диагностика жүргізілсе, баланы әрі қарай дамытуға болады, – дейді Айнагүл Есенғалиева.

Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген орталықта балаларға қажетті бар жағдай жасалған. Әр кабинетте мамандар баламен түрлі жұмыстар жүргізуде. Бұл күні «Асыл Мирас» орталығының алдында еріктілер «Бар бала бірдей!» деген ұранмен аспанға әдемі шарлар ұшырды.

№21 орта мектепте өткен «Әр бала мектепке лайық!» атты конференцияда аутист балалардың ерекшеліктері туралы айтылды.

Қазіргі күнде аталмыш білім ошағында аутизм дертіне шалдыққан жеті бүлдіршін білім алуда.

– Біздің мектебімізде қыркүйек айында аутистік мінез-құлықты оқушыларға арналған инклюзивті қолдау кабинеті ашылды. «Болашақ» корпоративтік қорының қолдауымен ашылған кабинетте баланың ерекшелігіне орай бар жағдай жасалған. Негізгі мақсат – балалардың үйден оқу шеңберінен шығып, қатарлас құрбыларымен бірге мектепте білім алуына жағдай жасау, – дейді №21 орта мектептің директоры Лаура Шаркубенова.

“Аутизм – әлеуметтік қарым-қатынас жетімсіздігіне соқтыратын ми қызметінің бұзылуы. Аутизмнің белгілері, ең алдымен, дүниеге келген сәби анасының дауысына мән бермесе, ата-ана алаңдай бастауы тиіс. Айлар өткен соң сәби көз тоқтатып қарайтын кезде оның назар аудармайтынын үлкендер байқаса, алаңдауға негіз бар. Тағы бір ерекшелігі – сәби жақсы көретін затын ұстап алып, айырылмауы мүмкін. Бір орында отырып теңселе берсе, шыр көбелек айнала берсе, құлағын алақанымен баса берсе, бір заттарды қатарынан тізіп қоя берсе, сөйлемесе, ата-ана ерте жастан баланы дәрігерлерге көрсеткені жөн”, – дейді мамандар.

Гүлмейрам ҚАЗИЕВА,

ата-ана:

– Менің қызым Бибіажар 1-2-сыныптарды үйден оқыды. Арасында директордың рұқсатымен мектепке апарып жүрдім. Ол кішкентайынан «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігіндегі балалармен бірге өсіп келеді. Жазда «Болашақ» корпоративтік қорының жобасы туралы естіп, тест тапсырдық. Қазір қызым – №21 орта мектептегі инклюзивті қолдау кабинетінде білім алып жүрген жеті оқушының бірі. Екінші ауысымда оқиды. Мектепке келгеннен оларды тьюторлар (үйретуші мұғалім) күтіп алады. Ең алдымен, кәдімгі оқушылармен бірге негізгі екі сабаққа қатысады. Содан соң инклюзивті қолдау кабинетінде арнайы жеке сабақтар өткізіледі. Кабинетте балаларға жас ерекшелігіне орай бар жағдай жасалған.  Мектепке келген сәттен күтіп алған тьюторлар сабақ аяқталып, біздің қолымызға тапсырғанша балаларымыздың жанында болады. Қызым сабақтан көңілді қайтады. Үйден оқығанмен салыстырғанда, Бибіажардың дамуында көп өзгеріс барын байқаймын. Біздің балаларымызға қолдау көрсетіп жүрген барша маманға алғысымыз шексіз!

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар