4.04.2019, 18:59
Қараулар: 162
Әлі тамсанып жүрміз…

Әлі тамсанып жүрміз…

(қаз-қалпында)

2017 жыл,  қазан айының аяқ шамасы. Аяулы Алатаудың етегінде орналасқан «Алатау» шипажайында  демалып жатқанбыз. Қалта телефоны бүйірді түрткіледі. Арғы жақтан Ғарекеңнің 80-ге сынық сүйем қалса да, қарттықтың ауылынан қашық, ашық даусы сыңғырлап тұр. Амандық-саулықтан соң  «Жеңешең екеуміз шайға шақырғалы жүрміз. Келін екеуіңіз қашан келе аласыңдар?» — деді. Қапелімде қысылып қалдым.

Ағаға сәлем беріп, кіріп шығу ініге парыз ғой. Өткенде алып-ұшып Алматыға жеткен бойда телефонмен болса да, аға-жеңгемізге сәлемдесіп, хабарласқанбыз.

Ғарифолла ағай мен Алмагүл жеңгеміздің Алматыға қоныс аударғандарына да ширек ғасырға жуықтап қалыпты. Осыдан бір ай бұрын екеуі елге келіп, аунап-қунап қайтқан. Бұйырғай деп, бір  күнді белгілеп, келістік. «Қатарыңызға  Мақсотты қосамыз» – деді ағай.

Ғарекең деп отырғаным, 60-70-80-90-жылдары  «Орал өңірінің» отымен кіріп, күлімен шыққан Ғарифолла Көшенов ағай ғой. Қатардағы тілшіден бас редакторлыққа дейінгі баспалдақтардан өткен майталман журналист. Одан да әріден әңгімелесеңіз, жиырмаға толмаған жасында облыс ақыны атанып, соның екпінімен «Қазақтың Маяковскийі» атанған Тайыр ақынның назарына ілініп, Алматының ҚазГУ-іне бармай ма? Сол тұста айдай толықсып Алмагүл бойжеткен де сол университетке оқуға келмей ме? Қазақтың қадірлі ақыны Қадыр ағамыз «Бала, ауылдан ағалы-інілі болып келіп едік, бажа болып қайтатын болдық па?»- деп ойнап айтса да, шынын айтқан, қалжың болса да, қанатты сөзге айналып кеткен сөзді айттырған, Алмагүл жеңгеміз Алматының іргесіндегі анау Қаскелеңнің қызы екен. Қадыр ағамыздың үйіндегі жеңгеміз де сол Қаскелеңнен емес пе, еді, қателеспесек? Жиырмадан асқан жасында жойқын соғысқа аттанған, қан қасапта экипажымен танкінің ішінде жанып кеткен жас офицер Әбікеннің  қосағы Панар апамыздың құрсағында қалған қыз екен. Марқұм атасы Омарқали төбесінен құс ұшырмай өсірген, өртеңде жанбай қалған  еркетотай гүл екен. Кейін жеңгеміз Ақ Жайыққа ағамызбен  қол ұстасып келіп, Оралдың облыстық радиосында ұзақ жыл көмейіне бұлбұл ұялаған диктор болып, ертеңді-кеш тыңдарманның құлақ құрышын қандырып еді…

*  *  *

Содан Алматының төргі көшелері Мақатаев пен Сейфуллин даңғылдарының қиылысындағы аға-жеңгеміздің құтқанасында Мақсот, Гүлия үшеуміз бас қостық. Мақсот Ізімовті біраздан бері көріп тұрғаным. Шашын ұстарамен тықырлап алдырып, сақал-мұрт қойып, өзгеріп кетіпті. Махамбетке келіңкірей ме, қалай өзі? Бірақ қалжыңға салып, төртбақ, сом тұлғасына, қыртыс-қыртыс желке-шүйдесіне, студенттік шақтардағы «шайқастардан» қалған бас құйқасындағы тыртықтарға қарап, «Ғареке, мына ініңіз баяғының барымтасына жүретін «конокрадтардан» аумай қалған ғой… Қараңызшы… Құдай ақы, қолына шоқпар, астына азбан айғыр беріп, бәленше байдың жылқысына қорықпай аттандыруға болады. Осы күйінде атойлап, жусап жатқан жылқылардың шетінен ақырып тиіссе, жылқышы біткенді  табынды тастатып тырағайлап қашыратын періңіздің өзіндей ғой, қараңызшы…» – дегенімде ағамыз мәз болды. Бірақ біреудің сыртынан сөйлесе, сыпайылықтан аспайтын, ешқашан ғайбаттамайтын Ғарекең бұл жолы да сол ғадетінен танбай: «Жоқ, Махамбет көкесінен аумай қалған ғой десейші» – деп, Мақсоттың бөркін алшысынан кигізіп қойды.

Қайран, біздің Ғарекең, сізден бәрін үйренгенде сол қасиетіңізді әлі сіңіріп болмадық па деп қауіптенемін. Соңғы жылдары жүйемелетіп жазып жүрген кітаптарын оқып шыққанда бір адамның сыртынан ғайбат дегеніңіз не, салқын сөз айтса, кәне? Өзіне тырнағы батқандардың өзін сыртынан сипай, қамшылап өтіп отырады. Қайта солардың тұла бойынан, қам-қарекетінен жақсылықтың ұшқынын көргісі келіп тұратынын қайтерсің… Көрсе, соны үрлеп маздатып, былайғыларға жеткізгісі келіп тұратынын қайтерсің…  Мақсотпен қалжыңдаса беретінім, онымен де сонау 80-90-жылдары «Орал өңірінде» бірге істегенбіз. Ғарифолла ағамыздың «Осы баладан түбі бас редактор шығады» деп үкілеген үміттерінің бірі болды. Бүгінде бірнеше энциклопедиялық жинақтардың, тамаша аудармалардың және кітаптардың авторы. Жазушылар одағының мүшесі. Айтпақшы, сонау 90-жылдары «Орал өңірінен» түлеп ұшқаннан кейін республикалық «Караванмен» үзеңгі қағыстырған республикалық басылым – «Аруана» газетіне бас редактор болып, Ғарекеңнің үмітін ақтады. Мақсотпен талай рет жұмыстан қол боста, «бүлдіру» іс-қимылдарына қоян-қолтық араласқанбыз. Бас редакторлардың алдына талай мәрте «бейуақыт» шақырылғанбыз. Кезінде аса қорқынышты болғанымен, бүгінде өткен шақпен солардың бәрі қайтып келмес қызық, көзге жас алғызғандай ыстық…

Заманымыз ортақ, жұмысымыз бір шаңырақтың астында, бір мезгілдің замандастары ретінде «Ғареке, есіңізде ме?» деп басталатын өткен күндердің көңілдегі қоламтасына кезек-кезек тамызық тастап, біраз жерге бардық. Келместің кемесіне ертерек мініп кеткен марқұм әріптес ағаларды еске алдық.

«Ғареке, — деймін. — Есіңізде ме? Өзімнен де бар… Қарап жүрмей, қағынып, редакцияның жиналысына түстім ғой… Кәсіподақ, комсомол, партия үшеуі үш жақтан мәселемді майшаммен қарап жатты. Әсіресе, бастауыш партия ұйымының хатшысы, коммунист  Қосекеңнің, Қосаман ағамыздың қарқыны Құдай сақтасын… Қатты еді.

«Басқаларға сабақ болсын, жұмыстан шығару керек» деп, мені тік жардың шетіне апарып қойды ғой. «Солай істеу керек»  дегендер де болмай қалған жоқ. Сол кезде Ғареке, Ғайып ерен, қырық шілтендей өзіңіз сөйледіңіз ғой… Анау шешімге ренжіп сөйледіңіз. «Жас жігіт қой… Жазу қолынан келеді…

Болашағына балта шапқандай болмайық! Тәрбиелейік! Сөгіс жариялап, жұмысында қалдырайық!» – дедіңіз-ау… Сіз солай дегенде Қосекеңнің қылышты көтере берген қолы «Ну, ладно!» деп сылқ ете түсті ғой… “Сол кезде «Орал өңірінен» шығарып жіберсе, бүгінде қай жерде жүрер едім?” деп кейде ойласам, зәрем ұшады,  Ғареке!  Егер жүрсем ғой…” Ғарекем мәз. Бірақ «Ие, мен солай деп едім, бүйтіп едім, сүйтіп едім» деп мақтана жөнелмейді. Тек күле береді…

Жұмысты жаңа бастаған, газетке шағын мақаламыз шықса, жер-көкке сыймай кететін, сонау алаң-құлаң кезіміздегі еркелігімізді көтере бермейтін  Жүсіп Өтеғалиев, Қажиахмет Жанғазиев, Қосаман Орынбасаров,  Болат Қалиев сияқты ағаларымызды сол жылдарда жастыққа тән бір-беткейлікпен «Осылар бізге неге өш?» деп босқа өкпелейді екенбіз. Ғарекеңе шағынсақ, биязы жымиып, «Ол ағаларыңызды ертең, әбден есейгенде түсінесіңдер» – дейтін. Ғарекең айға қарағандай айтқан екен, сол ағаларды отырып алып сағынасың бүгінде…

Ой, шіркін,-ай,  аға-жеңгеміздің ақжайлауында сол күні армансыз аунап-қунадық. Талай-а-ай естелік айтылды-ай…

*  *  *

Ертесіне қай кезде де дариға күндердің сағынышын үрлеп жататын ҚазМУ қалашығын аралауға басы бүтін бір күнді арнап, таңсәріден Гүлия екеуміз студенттер ұясына жол тарттық. Кеше Ғарекеңнің үйіндегі уәде бойынша Мақсот та келмекші. Түске таман үшеу болдық. Мұндағы ғимараттардың көбі маған туған үйімдей ыстық. Өйткені осыдан тура 44 жыл бұрын студент атану үшін осында құрылысшы болғанмын. Сөйтіп, оларды салысуға бес жыл бойы қатысқанмын. Ентелеп-ақ келемін…

Қайсыбір тұстан бозбала жасындағы құрылысшы Есенжол алдымнан шыға келердей, маңайыма жалтаңдаймын. Қайда?.. Керісінше, жүрген сайын кейіндеп қалған ыстық сәттер бірін-бірі түрткілеп, сағынышы түскір, жүректі бебеулетіп барады.  Қалашықты армансыз араладық. Одан әрі Тимирязев даңғылына бойладық. Көзге де, көңілге де әрі аяулы, әрі ыстық Жароков пен Жандосов даңғылдарының қиылысындағы «Дружба» жатақханасына маңдай тіредік. ҚазМУ қалашығындағы жатақханамыз салынып біткенше үш жылдай осында тұрғанбыз. Ертеңді-кеш есігі жабылмай, жас жігіттер кіріп-шығып жататын. Анау есіктің алдында жігіттерге қонаққа келген қыздар тұрушы еді-ау, дариға-ай… Вахтер апайлар шетінен тас қамал. Жігіттерге еріп келген қыз көрсе, пері көргендей ежірейіп шыға келеді, ішке аттатпайды. Сонда да сол апаларымыздың тілін табушы едік. Қазір сол есік тарс жабық. Жатақхана жанұялық баспанаға айналған. Анау есіктегі құпия сандарды ғана теріп, ішке ене аласың. Әрі қарай кеттік. Аяғымыз шаршап кетсе, Құдайға шүкір, кафе, ресторан толып тұр. Кез келгеніне кіріп, шайланып, ауқаттанып демалып алып, әрі қарай асамыз. Бір уақытта қалта телефон шылдыр етті. Ғарекең «ҚазМУ-ыңды аралап болсаңдар, жеңгелеріңіз кешегі бітірмей кеткен астарыңызға қайта шақырады» — дейді. Қысылып қалдық. Мазалағымыз келмеді. Бірақ онымыздың қате екенін кейін ымырт үйіріле түсіндік. Алматының аспанында жұлдыздар жана бастағанда Мақсот «Алдымызда 27 түрлі кәуап ұсынатын мейрамхана бар, соған барсақ қалай?» – деді. «Доңыздың кәуабы емес қой, әйтеуір…» – дедік біз де жұлып алғандай. «Халал мейрамхана» болды естіген жауабымыз.

Ертеңгісін таңғы 7-де Оралымызға аттануымыз керек. «Ендеше, біздің жолашарымыз болсын, сол мейрамханаға баста!», – дедік қуанып. Сонда отырғанымызда Ғарекеңмен тағы сөйлестік. Сөйлесіп отырып, игілікті ойлар ылғи да кеш келетін менің мынау басыма бір ой сарт ете қалды. Ғарекең жеңешеміз екеуі бағана бізді үйлеріне қайтара шақырғанда тағы бір мәрте көргісі келген екен-ау, тағы да арқа-жарқа отырғылары келген екен-ау, соны неғып түсінбегенбіз?.. «Аға-жеңгемізді осы мейрамханаға неге шақырмаймыз?» Бұл ойымды Мақсот пен Гүлияға айтып едім, екеуі жанып түсті. Бұл кезде түн Алматыны құшағына емін-еркін алған еді. Мына қызықты қараңызшы, біз отырған мейрамхана Ғарекеңдер тұратын Мұқағали Мақатаев көшесінің бір шетіне  орналасқан екен: «Ғареке, жеңешем екеуіңіз такси алып келе қалыңыз, жолақысы бізден, сырттан күтіп аламыз» – дедік. Отырған жеріміздің мекенжайын біліп алған Ғарекең «Өзіміздің көлігіміз тұрғанда такси ұстап жүреміз бе, қазір барамыз» — деді. Мақсот екеуміз төменге түсіп, мейрамхананың алдында тұрмыз. Ағайдың есік пен төрдей  «Джипі» көп кешіккен жоқ. Ағыл-тегіл көліктердің арасынан қиыстай шықты да, мейрамхананың алдына тізіле қалған көліктердің арасында сынық сүйем саңылау бар екен, сол араға сып ете түсті. Алға-артқа шегініп, оңға, солға ойқастамай-ақ, қуықтай жерге бірден дік ете қалды.

Мейрамхана жабылар сәтте біз де жиналдық. Таңсәріде Оралымызға, жолға шығамыз ғой. Бірақ аға-жеңгеміз кешегі дастарқанның сарқытына қайта шақырды. «Шай ішіп аттанасыңдар» дейді. Бізді қимай тұрған шығар. Ықылас пен көңілден аттап кете алмадық. Ағамыздың мәшинесімен Алматының көлік тасқынына қойып кеттік. Ғарекең мәшинесін баппен айдайды. Тағы бір байқағаным, оң жағынан, сол жағынан ойқастаған, қауіпті маневр жасап, қиып түсіп, басып озатын одыраңбайларға тіпті қарамайды екен. Басқа біреулер болса,  олардың жеті атасын түгендер еді. Әңгімесін айтып, қос айнадан жан-жағын барлап, тарта береді.

Бәшпәйді басса, қабыланша қарғып кететін «Джип» те иесінің тақымына әбден үйренген ғой, су төгілмес жорғамен тербеп келеді. Ғарекең сонау 50-жылдары Оралда  шопырлар даярлайтын  алты айлық курста арнайы оқып, сосын  Орданың ой-қырын шарлағаны өз алдына, Ресейдің қалаларына дейін сапарлаған нағыз кәсіпқой шопыр ғой… Алматының нөпір мәшинелерінің арасымен ор қоянша орғытып, үйге де келіп қалдық. Түннің біруағына дейін армансыз мәслихаттастық. Қоштасып жатқанымызда жеңешеміз қоярда- қоймай, қомақты қоржын  ұстатты қолымызға. Пойызбен жүрген ағайын жақсы біледі, Қызылордадан асқасын, азық-түлік алатын дүңгіршектер мен саудагерлер азаяды. Қыдырып жүргенде жолға тамақ пісіріп алуды естен шығарыппыз. Анау Қызылордадан асқанда, жолазығымыз сарқылды. Бұрынғыдай вагон-ресторан жоқ. «Қап» деп отырғанымызда жеңешеміздің қоржын-пакеті есімізге сарт ете түсті. Ашып келіп қарасақ, басқасын айтпағанда, жеңді білектей сүр қазы шыға келді. Қарық болдық та қалдық. Күн жарым жолда ертеңді-кеш кертіп отырып жесек те, тауыса алмадық. Оралға дейін жетті, үйдегі балалар да ауыз тиді.

Жеңешеміздің қазысына, сол бір кездесулердің әр сағатына  әлі тамсанып жүрміз…

Есенжол   ҚЫСТАУБАЕВ,

Қазақстанның  құрметті  журналисі

Р.S. Осы жылдың 17 ақпаны күні ару Алматыда той өтті. Ол Ғарифолла Көшеновтің 80 жылдық мерейтойы еді. Арқалы ақын Хамит Ерғалиев атындағы жағалау бойында, Есентай өзенінің батыс беткейінде орын тепкен RIWER HALL мейрамханалар кешеніне сәске түсте қонақтар жинала қалды. Қазақстанның төрт бұрышынан түгел келген қонақтар бірін-бірі танып, мәре-сәре болған бір керемет кездесу. Олардың бәрі кезек-кезек Ғарифолла ағамыз бен Алмагүл жеңгемізді көпке дейін құшақтарынан босатпады. Араларында 90-нан асса да, бойларын тік ұстаған бекзат қариялар, 80-ді иектеп үлгерсе де, қунақ қимылды ақсақалдар, академиктер мен  профессорлар, доғарыстағы генерал дейсіз бе-ау, құлын-тайдай тебіскен сыныптастар, жастықтың жәннат бағында сайран салған студент күнгі достар дейсіз бе-ау, бәрі-бәрі көзді де, көңілді де өздеріне аудара береді. Ұзақ жыл Қазақстанның Мәскеудегі  тұрақты өкілі болған Сәбит Жаданов, Алматыдағы бөкейліктер «ханымыз» деп төбелеріне көтеретін Тауасих Мырзағалиев ағалар да «Біздің жасымыздан ас, «бала!» деп, Ғарекеңді еркелетіп жатқаны қандай жарасымды…

– Балаларымыз «Осы тойды атап өтейік» деп болмады, – дейді аға-жеңгеміз жүздерінен әрі қуаныш құйылып, әрі қысыла жымиып.

Иә, шынында да, сонау жылдары Оралдың №17 мектебін екеуі де алтын медальмен, Мәскеудің жоғары оқу орындарын қызыл дипломдармен тәмамдаған Лейла мен Ербол бұл тойды журналистің тойы ретінде атап өтуге барлық перзенттік сүйіспеншіліктерін салғанын анық байқайсыз. Ғарекеңнің шығармаларынан үзінділер келтірген түрлі-түсті баннерлер мейрамханаға кіреберістен-ақ көз тартып, өзімізге әбден таныс журналистердің шығармашылық беймаза тірлігіне жетелей жөнелгендей. Ал қонақтарға деген атшаптырым дастарқандарға сонау бір кезде журналистерге, әсіресе, корректорларға етене таныс терілген материалдардың гранкасы тәрізді жапырақ беттер жайылған. Лейла мен Ербол журналист әкелерінің жұмыс орнына, әсіресе, баспаханаға бала кездерінде талай еріп барған шығар, содан бала көңілде қалып қойған шығар. Сол көріністерді әкелерінің көз алдына 80 жылдық тойында қайта әкеліпті. «Айналайындардың ниеттері мен көңілдері-ай!» деп қонақтар аса риза болып жатты.

Мерейтойдың ресми салтанатын өткізетін төр кішігірім театрдың сахнасындай жарқырап, әне тұр. Қол ұстасып, сахнаға көтерілген Ғарекең мен Алмагүл жеңгей тебірене сөйлеп, қонақтарға «Қош келдіңіздер!» айтты. Ақ Жайықтан ардагер журналисті арнайы құттықтай келген ізбасар інілері, «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов пен ардагерлер және кәсіподақ ұйымдарының төрағасы, «Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі Есенжол Қыстаубаев ақжарма тілектерімен ақтарылды. «Сонау 70-80-жылдарда «Орал өңіріндегі» біздер үшін алтын тұяқ, күміс жалды ағалардай көрінген жайсаңдардың сарқындысы іспетті Ғареке, ортамызда аман-есен жасай беріңіз», – деп сый-сияпаттарын табыстады.  Бас директор Рауан Сәбитұлы Ғарифолла Көшеновке Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің құттықтаухатын тапсырды. Облыстық «Ақжайық» телеарнасы мерейгер Ғарекең туралы  арнайы фильм түсіріпті.  Жиналған әлеумет оны рақаттана тамашалады. Осы тойда Ғарекеңнің қызы Лейла Көшенованың әкесі Ғарекең мен оның «Орал өңірі» газетіндегі бір кезде қанаттас, қатар жүріп еңбек еткен  қаламдастары хақында «Песочные часы или сага о советских журналистах» атты кітабы және немересі Әйгерімнің әжесі Алмагүлдің бұған дейін жарық көрген «Періштем болып жебей жүр» кітабының орысша аудармасы – «Под крылом ангела» кітабының тұсауы кесілді. Ол рәсімді де балалар өзіндік қолтаңбаларымен бөлекше ұйымдастырды.

Мерейтойды исі қазаққа аты да, атағы да кеңінен мәлім актер Бақытжан Әлпейісов кемеліне келістіре жүргізді.

Несін айтасыз, айта жүрер той болды!

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.

Түсініктеме