2.04.2019, 11:04
Қараулар: 48
Алматыға жол қысқарды

Алматыға жол қысқарды

Биылғы 2 мамырдан бастап FlyArystan әуекомпаниясы Алматы мен Орал қалаларын байланыстырып, тұрақты рейстерді орындамақ. Бұдан былай оңтүстік астана тұрғындары Батыс Қазақстан облысының орталығына 180 орындық «Airbus A320» реактивті әуе лайнерінде қатынайтын болады.

– Алматы мен Орал арасындағы 2500 шақырым жерге поезд не аутокөліктермен 2-3 күн жүреді. Яғни, тұрғындар бірнеше күнді тек жолда жоғалтады. Енді еліміздің көрікті қалаларының бірі, Батыс өңірдің мақтанышы – Орал қаласына Алматыдан кез келген күні, небәрі 2 сағатта жетуге болатыны бізді ерекше қуантады. Аталмыш рейс көпшіліктің жоғары сұранысына ие болатынына кәміл сенеміз, – деп мәлімдеді әуекомпанияның сату мен маркетинг бөлімінің директоры  Жанар  Жайлауова.

Алматы – Орал бағыты бойынша қатынайтын біржақты билет құны, әуежай алымдарымен қоса есептегенде 12 999 теңгеден басталады. Flyarystan.com сайтында сатылым 29 наурызда ашылып, жолаушыларға қосымша жол жүгі, борттағы тағамға тапсырыс беру, қалаған орынды таңдау сынды қызмет  түрлері  ұсынылуда.

Айта кетейік, 20 ақпанда облыс әкімі Алтай Көлгінов FlyArystan әуекомпаниясының вице-президенті Паоло Ричиоттимен кездескен еді. Бұл компания Елбасының тапсырмасына сәйкес, төменгі бағамен ел ішінде әуе қатынасын жүзеге асыру мақсатында құрылған. Сол кездесуде тұрғындарға қолжетімді бағамен Алматы –  Орал, кейін Орал – Астана әуе рейстерін жүзеге асыру келісілген болатын.

Облыс   әкімінің   баспасөз   қызметі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар