2.04.2019, 11:02
Қараулар: 141
Қоржында қос алтын бар

Қоржында қос алтын бар

Бұрын хабарлағанымыздай, Оралда Олимпиада чемпионы, даңқты жерлесіміз Данияр  Елеусіновтің жүлдесі үшін бокстан ересектер арасында  халықаралық турнир өткен еді.

Былтыр басталып, биыл жалғасын тапқан сайысқа Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінен және республикамыздың көптеген өңірінен гүрзі жұдырықты жігіттер келген сайыс тартысты өтті. Біздің бетке ұстар боксшыларымыз облысымыздың намысын абыроймен қорғады. Нәтижесінде батысқазақстандық 12 былғары қолғап шеберінің екеуі алтын, біреуі күміс, үшеуі қола жүлделерге қол жеткізді. Егер жеңімпаз атанғандарды айтар болсақ, олардың арасында оралдық Нұрсұлтан Нұриденов (52 келі) пен Сағындық Молдашев (56 келі) бар. Сондай-ақ қызылордалық  Дулат Дәуітов (49 келі), ақмолалық Сұлтан Мусинов (60 келі), Владислав Преображенский (75 келі), ақтөбелік Рахат Сейтжан (64 келі), Жәнібек Қартабаев (91 келі), маңғыстаулық Ерік Әлжанов (81 келі), Нұрлан Сапарбай (+91 келі, Түркістан облысы) мықтылығымен танылды. Ал «қазақтың салмағы» атанған 69 келіде өзбекстандық Саиджамшид Жаффаров үздік шықты. Көрші елдің ұлттық құрамасы сапына кіретін онымен тең дәрежеде айқаса алатын республикамыздан былғары қолғап шебері бұл  турнирге келген жоқ. Сол себепті ол ақтық сында оралдық Расул Жаңбырбаймен шығып, айласын асыра білді.

– Бұл жарыстан облыс құрамасы 3 алтын алуы керек деп жоспарлағанбыз. Үшінші алтынды қоржынға Расул Жаңбырбай немесе Әли Ақеділов салады деп болжағанбыз. Өмірде де, спортта да біз ойлағандай бола бермейді ғой. Дегенмен жігіттеріміз жақсы өнер көрсетті. Командалық есеп бойынша 2-орын алдық. Бір айдан соң, яғни 1-7 мамыр аралығында Қызылорда қаласында спартакиада, 13-18 мамырда Оралда студенттер арасында республикалық универсиада өтеді. Бұл турнир сол сайыстар алдындағы дайындық іспеттес болды. Кімнің қандай осал тұстары бар екенін тағы бір мәрте бағамдап алдық. Енді осы бағытта жұмыс істеп, алдағы сайыстарға мықтап дайындалып, солардың нәтижесі бойынша жазда Италияда өтетін әлем чемпионатына берілетін жолдаманы алуға барынша күш салмақпыз, – дейді БҚО-ның бокстан ересектер бойынша аға жаттықтырушысы Саттар Сұлтанғалиев.

Өз  тілшіміз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.