2.04.2019, 11:01
Қараулар: 28
Азамат ШАЙХЫ, «Ақжайық» футбол клубының директоры: «Премьер-лигаға шығу үшін барымызды саламыз»

Азамат ШАЙХЫ, «Ақжайық» футбол клубының директоры: «Премьер-лигаға шығу үшін барымызды саламыз»

Былтырғы жылы премьер-лигада ойнаған «Ақжайық» футбол клубын жоғары топпен қош айтысады деп ешкім күтпегені анық. Өйткені басында тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетіп, өз алаңымызда елордалық клуб «Астананы» 3:0, сырт алаңда Алматының «азулы» командасы «Қайратты» 1:0 есебімен жеңіп, айды аспанға бір-ақ шығарған еді. Сол кезде «Ақжайық» аяқдопшылары енді ешкімге ұпай ұстатпайды деген болжамдар айтылған-тұғын. Алайда бұл қуаныш көпке созылмады. Өз алаңымызда «Қызылжарды» жеңе алмай Қызылорданың «Қайсарынан» 0:4 есебімен ойсырай ұтылғанда, Жайық жанкүйерлерінің  қуанышы  су сепкендей басылғаны айтпаса да түсінікті. Одан кейін де «Ақжайық» ойыншыларының асығы алшысынан түспей, төмен қарай құлдилай берді. Осы бір сәтсіз ойындар команданы турнир кестесінің төменгі сатысына түсірді. Енді жаңа маусымда бірінші лигада доп тебетін «Ақжайық» аяқдопшыларының басты мақсаты – жоғары топқа қайта оралу екені сөзсіз. Осы тұста біз «Ақжайық» футбол клубының бүгінгі жай-күйін білмек болып, аталмыш клубтың директоры Азамат Шайхымен әңгіме-дүкен құрған едік.

– Азамат Ерболұлы, команда шетелдік оқу-жаттығу жиынын аяқтады. Өзіңіз командамен бірге болдыңыз. Дайындық қалай өтті?

– Түркияға оқу-жаттығу жиынына бармас бұрын өзіміздің алаңда екі жаттығу жиынын өткізіп, 50 ойыншының ішінен 20-сын іріктеп алдық. Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны жоғары деңгейде өтті деп айта аламын. Өйткені ол жақта ойыншылар күніге үш рет жаттықты. Өзім бас жаттықтырушымен қатар әр ойыншымен жеке отырып сөйлесіп, жаттығу жөнінде пікір-лерін сұрадым. Барлығының көңілінен шыққан.

– Басты мақсат – премьер-лигаға оралу. Бірақ Мейрам Сапанов, Иван Антипов, Еркін Тапалов сияқты ойыншыларсыз ол мақсатқа жету қиынға соқпай ма?

– Бұл ойыншылар былтырғы маусым аяқтала салысымен, талдықорғандық «Жетісу» командасымен келісімшартқа отырып, сол жақта қалды. Енді аталған үш ойыншының орнын басатын өзіміздің жергілікті жас ойыншылар бар. Сондықтан біздің премьер-лигаға шығуымызға Мейрам, Иван, Еркін сықылды ойыншылардың болмауы негізгі фактор бола алмайды. Қазіргі таңда біз премьер-лигаға сай команда жасақтауда-мыз.

– Алғашқы оқу-жаттығу жиынынан соң Бауыржан Омаров, Руслан Хаиров және  Владимир Покатиловпен келісімшарт ұзартылды. «Байқоңырдан» Ерболат Рүстемов келіп, команда сапына қосылды. Сергей Басов пен Денис Главина да командада қалатын болды. Аталған жігіттер былтырғы жылы команда көшбасшылары болған үш ойыншының орындарын толтыра ала ма?

– Әрине, оған ешқандай күмән жоқ. Бұл ойыншылар премьер-лигада өте жақсы ойнап, өздерін көрсетті. Тәжірибелі ойыншылар десем де болады. Қазіргі таңда біз «Шахтер» командасында ойнаған Сергей Шафф пен былтырғы жылы бірінші лиганың «Мақтаарал» клубында доп теуіп, сұр мерген атанған Роман Павинич деген ойыншылармен келісімшартқа отырдық. Сондай-ақ Дәуренбек Тәжімбетов, Ильнур Мангуткин сынды тәжірибелі ойыншылар  мен болашағынан үлкен үміт күттіретін Наурызбек Жагоров және Арман Смаилов сияқты жас ойыншылар команда сапын толықтырды. Бұдан бөлек, Мелло Корбеллини деген бразилиялықты алдық. Сондықтан осы жылы жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деген  үміт басым.

– Өздерін көрсете алған Бауыржан Омаров пен Руслан Хаировты білеміз. Олардың ізін жалғар оралдық жас ойыншыларды команда сапынан көре аламыз ба? «Ақжайықты» алға сүйреп, команда лидері бола алатын жастар бар ма?

– Біз қазір Ержан Ибрагимов, Әділет Болатов, Максим Литвинов, Арман Мұратов секілді жергілікті жас буын ойыншыларын дайындап жүрміз. Оларды дайындық барысында өзім таңдап алдым.

Осы ойыншылар алдағы уақытта команданы алға жетелейтініне ешқандай күмәнім жоқ. Мәселен,  алғашқы оқу-жаттығу жиынына қатысқан Ержан Ибрагимовке басқа клубтардың көзі түсті. Жоғарыда есімдері аталған жігіттерге де қызығушылықпен қарап отырған командалар бар. Сондықтан осы ойыншылар алдағы уақытта тек Оралдың емес, жалпы ұлттық құрамамыздың намысын қорғайды деп сенемін.

– Былтырғы маусымның алғашқы ойындары Ақсай қаласында өтті. Биыл ондай жағдай қайталанбай ма?

– Жақын күндері «Ақжайық» стадионын арнайы комиссия мүшелері келіп, қарап, маусымдағы ойынды стадионда өткізуге бола ма, жоқ па, соны тексереді. Бұйырса, маусым ойындарын өз алаңымызда  өткізуге  тырысамыз.

– Енді әңгімемізді балалар мен жасөспірімдер футболына бұрсақ. Балалар футболын дамытуда қандай жұмыстар атқарылуда?

– Бүгінгі күні футбол орталығында 2001 мен 2013 жылдар аралығындағы 686 жасөспірім жаттығуда. Олар да жасөспірімдер арасында өтетін ел чемпионатының ойындарына қатысады. Сол ойындарда жасөспірімдерден құралған командамыз жоқ дегенде үшінші орын алуы тиіс деген мақсат қойып отырмыз. Біз көршілес Ресейдің Самара, Орынбор қалаларының футбол клубтарымен өзіміздің жас аяқдопшыларымызды сол жақтан тәжірибеден өткізу мақсатында келіссөз жүргізудеміз. Себебі, ол жақтың материалдық базасымен қатар футбол мектептері де бізден әлдеқайда жоғары. Сондықтан жастарымызды ресейлік клубтарда тәжірибеден өткізсек, деңгейіміз жоғарылайтыны  сөзсіз.

–  «Ақжайық» стадионының техникалық базасының жай-күйіне тоқталсақ…

– Техникалық базаның көңіл көншітпейтіні рас. Жағдай өте нашар. Бірақ биыл жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жасанды төсеніштерді ауыстырамыз деп жоспарлап отырмыз.

– «Ақжайық» футбол клубында доп тебуді армандайтын жастар бар. Сол арманның жетегінде жүрген жеткіншектер команда сапына қалай қосыла алады?

– Кез келген салада өзін көрсетіп, қандай да бір жетістікке жету үшін бір пайыз талант, 99 пайыз еңбек болатынын  жақсы білесіздер. Бірақ осы тұста айта кететін бір нәрсе бар. Мысалы, бір футболшының таланты мен ынтасы мықты делік, бірақ оның сол қабілетін жаттықтырушы көзге ілмесе, баланың футболға деген құштарлығы ақырындап сөне бастайды. Жасыратыны жоқ, баланың бойындағы қарым-қабілетін көрсе де, көрмегенсіп жүре беретін жаттықтырушылар бар. Сондықтан балаларды алға жетелейтін жаттықтырушы болмаса, баладан ештеңе шықпайды. «Ақжайық-тың» сапында ойнағысы келетін жастарға тынбай еңбектенсін дегім келеді.

Сұхбаттасқан Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар