2.04.2019, 10:54
Қараулар: 169
Ренат ЕЛУБАЕВ, Қазақстан Суретшілер және еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі: «…ЖАНАРДАН ЖҮРЕК ЕРІКСІЗ, ШАШАДЫ ЖЕРГЕ МОНШАҒЫН!»

Ренат ЕЛУБАЕВ, Қазақстан Суретшілер және еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі: «…ЖАНАРДАН ЖҮРЕК ЕРІКСІЗ, ШАШАДЫ ЖЕРГЕ МОНШАҒЫН!»

Ренат Қилыбайұлы Елубаев – 1982 жылы туған. Қазақстан Суретшілер және еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі.  «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, Беларусь Республикасында  өткен «Куршинале — 2015» халықаралық өнер олимпиадасының бас жүлдегері, «New York Realism fine art» (АҚШ) халықаралық көрмесінің  алтын медаль иегері, Италияның Рим қаласында өткен халықаралық суретшілер байқауында Микеланджелоның Моисей статуэткасына  ие  болған.

Р. Елубаев  Армения, Мысыр елдерін тамсантып, халықаралық «Удивительные люди» (Ресей) тележобасының финалына өткен, әлемдегі таңғажайып адамдардың ондығына енген. Бесаспап талант таяуда арнайы шақырумен Орал қаласына келді. Оңтайлы сәтін пайдаланып, бұралаң-бұлтарысы көп  суретшілік өнер жайында ой өрбіттік.

– Ренат, қасиетті Ақ Жайық атырабына қош келдіңіз! Бұл киелі топыраққа табаныңыз бұрын тиіп пе еді? Туып-өскен, білім алған мекеніңіз, келу сапарыңызға аз-кем тоқталып өтсеңіз?

– Қош көрдік! Иә, Ақ Жайық өңірі – тарихтағы есімдері алтын әріппен жазылып жүрген тұлғалардың өмірге келген жері. Менің алғашқы келуім. Бірақ батыр, күйші бабаларымыз, дүлдүл домбырашы Динадай аналарымыз, есімі алты Алашқа аян – ақын-жазушы, ғалымдарымыз, Сәкендей суретші ағаларымыз осы топырақта дүние есігін ашқанын жақсы білемін. Суретшілік жаныма бала күннен жақын, 2-3 жасымнан бастап сол шимай суретке әуес болыппын. Ата-анамыз «тыныш, өзімен-өзі отырсын» деп, қолыма қарындаш пен қағаз беріп қоятын көрінеді. Сол титтей кездің өзінде тіпті адам сұлбасын салып, үлкен композицияға салмақ боларлықтай дүниелерді жасап қоятын көрінемін. Сәкен ағаның туындылары маған қатты әсер береді. Арқалы адам болғанға ұқсайды, менің жан дүниеммен үндес шығармалары көп.

Мен Торғай  өңіріндегі Ашутасты елді мекенінде тудым. Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша бітірдім. Менің Орал қаласына келуіме ұйытқы болған азамат – облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев. Онымен 2016 жылы Астанада танысып, дидарласқанбыз. Оның талантты суретші, марқұм  Мұратбек Жоламанның көрмесін Астанада өткізуге келген беті екен. Мирболат бауырыммен әңгімеміз бірден жараса кетті. Енді, міне, сол азаматтың арқасында, өздеріңіз көріп тұрғандай, Оралға келіп, азды-көпті өнерімді ақжайықтық ағайын алдына паш етіп отырмын. Облыстық музейде «Өнерім – өмірім» атты кездесу кеші ұйымдастырылып, өнерсүйер ағайынмен, суретшілермен жүздесіп, мәре-сәре боп қалдық.

Онда шеберлік-дәрісін де өткіздім. Сәкен Ғұмаровтың музейүйінде «Мәңгілік елес» атты  жеке көрмемнің  ашылу салтанаты болды. Бұл көрмеге негізінен соңғы уақыттарда Мәскеуде, Египетте, сондай-ақ Астанада салған этюдтық жұмыстарым қойылды. Сонымен қатар арасында таза шығармашылық бағытта салған картиналарым да бар. Биылғы жылғы көрменің басын осы Оралдан бастадым. Шақырып, көрмемді өткізуге қолұшын беріп көмектескен азаматтарға рақметімді айтамын.

– Ренат, сіздің негізгі сурет салу бағытыңыз – импрессионизм, яғни буырқанған бояумен ішкі еркіндігіңді, сезіміңді, әсеріңді көрсету. Бұл ағым Францияда ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басында пайда болды ғой.

Неліктен осы бағытты қаладыңыз?

– Мен әр түрлі жанрда жұмыс істей беремін. Натюрморт, портрет, пейзаж, солай кете береді. Тақырыптық картина бойынша, әсіресе, ата-бабаларымыздың салтдәстүрі мен еліміздің әсем табиғатын бейнелеген ұнайды. Жалпы, көпшілік көрерменге түсініктісі – ол реализм. Анық, шынайы суреттер. Ал абстракция, көбіне жан дүние болған соң, әр адамның жанын түсіну қиын. Сондықтан сол салада көп жүру, араласу керек. Мейлі, суретші болмай-ақ қойсын, сол бағыттағы картиналарды көп қарап, көп тамашаласа, біртіндеп түсіне бастайды. Алғаш кезде  маған туындыларыңнан шетелдік суретшілердің ықпалы көрінеді дейтін. Ал қазіргі қолтаңбам таза өзімдікі. Себебі,  мен өз жан дүниемнің қалауын орындаймын. Тек соған ғана тәуелдімін. Жұртқа жағып, ұпай жинау үшін жалаңаш қыз-келіншектердің суреттерін салмаймын. Бұл – менің басты ұстанымым. Өзіміздің ұлттық санамызға сай, ұлт болмысын көрсететін дүниелерді салғым келеді.

– Батысқазақстандықтар өзіңізді көшеден, оқу орнынан көріп таңғалып, сізбен суретке түсіп қалып жатыр. Осы танымалдылыққа қалай жеткеніңізді өнерсүйер қауым, жалпы оқырмандар  білгісі  келеді…

– Танымалдылық адамға бірден келе қоймайды. Оның үстіне, суретші адам халық алдына өте сирек шығады. Кейбір салалар болады, мысалы, балет өнері ерте дамиды, қабілет ерте байқалады, сахнада жастайыңнан жүресің. Көрермен сенің өнеріңді көріп отырады. Суретші адам керісінше, үлкейе келе танымал бола бастайды. Ол сан жыл күн-түн демей, шеберханада отырып картина жазады. Халық алдына тек шығармалары шығады. Мүлде көрінбей отырып жұмыс істейтін, ізденісте көп жүретін адам ғой. Суретші өле-өлгенше ізденісте болады. Ізденбеген суретші – ол суретші емес. Сол көп ізденістің арқасында бір бақытты сәтің туады, сонда жарқ етіп көрініп, танымал боласың. Басында суреттерімді жұртқа көрсететінмін, сонда көбісі, «Әй, онша емес» дейтін. Содан көңілім қалып, сегіз жылдай уақыт, суретшілікті қойып, басқа салаға кеттім. Бірақ арасында аздап өзім үшін қосымша суреттер де салып жүретінмін. Бірде Ресейдегі «Большой театрдан» суретшілер келді, ол кезде мен жай ұйымдастырушы болып жүргенмін. Ресейдегі орыс театрының деңгейі өте жоғары, ондағы мамандардың біліктілігі өте биік. Шағын картиналарымды былай шетке қарай қойып, өзім ұйымдастырушылық міндетімді атқарып жүрдім. Олар менің картиналарымды көріп «Мынау кімнің картиналары»? деп сұрады. «Менікі» деп қобалжи жауап бердім. Картиналарды қарады да, «Сен мына жерде не істеп жүрсің, бұл сенің орның емес, сен нағыз талант екенсің» деді. Содан кейін мен қайтадан қанаттана бастадым. Жаңағы бір сөз мені жігерлендірді. Қайтадан сурет салып кеттім, бұл 2011 жыл болатын, Аллаға шүкір,  қазір сол бағытымда келе жатырмын.

Картина деген тез жазылатын дүние емес. Суретті кейде сағынасың, сол кезде, шабыт келіп, бірнеше картинаны қатар-қатар қойып салып тастайтын кездерім болады. Шабыттың өзі көңіл күйге байланысты дүние ғой. Бір нәрсеге ренжісем, сурет сала алмай қаламын. Ал ақындар, керісінше, көңіл күйі болмаған кезде ғажап өлеңдер тудырып жатады. Мысалы, Мұқағали: «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең деген туады қайшылықта» демей ме?

2011 жылы Арменияның астанасы Ереванда көрме өткіздім. Бұл өзі ойламаған жерден болды. Мен әлеуметтік желіге үнемі картиналарымды жүктеп қоятынмын, қазір де тұр. Бір күні Ереваннан халықаралық көрме ұйымдастырушылары хабарласып, жұмыстарыңыз керемет, көрмеңізді өткізсек деп өтініш айтты, мен бірден келістім. 2015 жылы «Қазақ суретшісінің көзіндегі Беларусь елі» деген атпен Беларусь Республикасында  көрмем ұйымдастырылды. Сол халықаралық байқауға біздің Мәдениет және спорт министрлігінен ұсыныс түскеннен кейін Қазақстан атынан қатысуға мен қуана келістім. Ол жақтағы байқаудан бас жүлде алдым. Тағы бір қызығы, ұйымдастырушылар менің бір ай Беларусьта қалып, табиғат аясында сурет салуымды өтінді. Әрине, бұл ұсынысқа мен қуана келістім. Беларусьтің табиғаты тамаша ғой, орман-тоғайдың арасында бір ай сурет салдым. Бұл өмірімдегі керемет сәттердің бірі болды. Беларусьта жүріп, Америкадағы халықаралық байқауға картиналарымды жіберген едім. Сол НьюЙорк қаласында өткен халықаралық байқаудан «Қыран» атты алтын медаль иегері атанғанымды сайттан көріп, қуаныштан жүрегім жарылардай күй кештім. Қазір ойлап отырсам, бұлардың бәрі үлкен жолымның тек бастамасы ғана екен. Астанада тұңғыш Президент мұражайында «Буырқанған түстер» атты көрмем 2014 жылы өтті, 2017 жылы Омбы қаласында «Табиғат әуені» деген атаумен жеке көрмем ұйымдастырылды. Жетістікке жету өте жігерлілікті, шыдамдылықты, төзімді талап етеді. Біздің қоғамда суретші болу өте ауыр, жетістікке жету де өте қиын. Сондықтан соған шыдай алмай, керемет талантты суретшілер мамандығын тастап кетуге мәжбүр. Тек төзімді жандар ғана суретшілігін тастамай, жылдар бойы ізденумен келеді. Біздің елде ақындарды, сазгерлерді, әншілерді жақсы қабылдайды, оларды марапаттап құрмет көрсетіп жатады. Ал суретшілерге деген көзқарас өте төмен. Мен көркемсурет мектебінде мұғалім болып қызмет істедім, жаңағы айтқан сені бір бейшара, қара шаруа ретінде көреді. Жалақысы да мардымсыз.

…Тағдырым сурет көріксіз,

Түсірем оған көп шағым.

Жанардан жүрек еріксіз,

Шашады жерге моншағын!«Суретші мұңы» деген өлеңімде осындай жолдар бар еді. Қоғамымыз қалыптасуда ғой, алдағы күннен үмітім зор.

– Италияның астанасы Рим қаласында өткен халықаралық суретшілер байқауында жеңіске жетіп, Микеланджелоның Моисей статуэткасының иегері атандыңыз, осы жүлдеңізге қалай қолыңыз жетіп еді? Бұл сыйлықты алу суретшілер үшін зор жетістік  саналатыны  мәлім. Өйткені еліміздегі ең танымал деген суретшілердің өзі бұл сыйлықтың иегері болған жоқ. Ал әлемді таңғалдырған Мәскеу сапарының өзі неге тұрады?

– Жаңағы жағдай сияқты мен бұл байқауды да Беларусь елінде жүргенде естіген едім. Ылғи да менімен бірге көрмеге қатысып жүретін бір суретші жігіт осы байқау жөнінде айтқан еді. Біз бір нәрсеге қол жеткізу үшін ұлттық бағыттағы дүниелерімізді ұсынуымыз керек, сол жолы да соны ескеріп, ұлттық нақыштағы туындыларымды ұсындым. Әлемнің түкпір-түкпірінен 170-тей қылқалам шебері қатысқан бұл байқауда, тағы да мен баптаған тұлпардың мойны озық келіп, Микеланджелоның Моисей статуэткасын қанжығама  байлап  қайттым.

Иә, мені көшеде көріп, халық танып жатады. Бәлкім, бұл ресейлік «Удивительные люди» бағдарламасына барып, қатысқанымның арқасы болар. Жоғарыда айттым ғой, суретшіге, жалпы өнер адамына жүйелі ізденіс керек деп. Басқаларды қайталап сурет сала беруге де болады. Бірақ ерекше жаңалық алып келу, бұрын беймәлім өнерді ойлап табу қазақтардың да қолдарынан келеді деп, мына «немо» техниканы, яғни көзді байлап сурет салудың таңғажайып ерекшеліктерін зерттеп көзге түстім. Оны өздеріңіз көрдіңіз, ватсапқа да тарап кетті. Маған Паскаль Пратт есімді суретшінің тоғыз бөлікке бөлініп, шатастырылып, үнемі айналып тұратын паззл суретін тапсырма ретінде берді ғой. Экранға шыққан картинаны екі минуттың ішінде не бейнеленгенін түсініп, бес минут ішінде салып шығуым керек болды.

Бұл тапсырманың барлығын көзім қара матамен байлаулы қалыпта орындап шықтым. Адам қабілеті шексіз ғой, көзің жабық болғанда, шексіз мүмкіндіктер ашылады. Мұндай тапсырмаларды орындағанда, көп күш-қуатымды жойып, шаршап қаламын. Кеше музейде  де көзім байлаулы күйде жұмыс орындадым. Әркім әр қалай қабылдап жатады, көпшілік таңғалады. Бірақ бауырларымыздың арасынан көре алмайтын, қызғаншақтарды да байқап қаламын.

Мейлі айта берсін, қазақта «Ит үреді, керуен көшеді» деген мәтел бар ғой. Мен бұл техниканы өмір бойы қолданамын демеймін. Ізденістің арқасында басқа да жолдарды табамын. Яғни, өнер  жолында  тоқырап,  рухани  дағдарысқа  ұшырағым  келмейді.

– Өлең жазатын өнеріңізді көп жария қылып айтпайсыз. Әндерге сөз жазатыныңыздан да хабардармыз. Сондай-ақ кино ауылының да шет жағын көріп келгеніңіз бізге аян. Тағы қандай біз білмейтін өнеріңіз бар?

– Өнерге, өмірге ғашық жанның бәрі жас кезінде өлеңмен ауыратыны мәлім. Менің де сол дертке  шалдыққан  кездерім болды. Үлкен ақындардың кітаптарын сатып алып, өлеңдерін жатқа оқитынмын. Белгілі ақындардың көбі кезінде біреуге еліктеп өлең жазып, кейін өз жолын тапты емес пе? Мен де ақындарға еліктеп,  өлең жаздым. Бірақ менің өлеңдерім онша емес. Суретшілердің ішінде де кәсіби дәрежеде өлең жазатындары жетерлік. Кезіндегі атақты қылқалам шеберлері Леонардо да Винчи, Модильяни, Шагал, Сальвадор Дали өлең жазған ғой. Жалпы, суретшілер ішінде өлең жазбайтыны кемде-кем. Сол сияқты тарихтағы ірі тұлғалардың сурет салмағаны да сирек. Мысалы, Михаил Ломоносов мозайканы ойлап тапқан, Уинстон Черчилль, Гитлер, фельдмаршал Паульс, т. т., олар көп. Әнге жазған мәтіндерім бар, тек есімде қал-ғанын айтайын. Астана филармониясында Нұрғали Тұрлыбеков деген әнші менің өлеңіме жазылған әндерді орындайды. Айжан Керімқұлова көп сахнаға менің әніммен шығып жүр, «Қазақстан» ұлттық арнасынан да берді оны, «Достарым» деген әнді Айболсын Ақылбеков деген жігіт орындайды. Мен сұраған жандарға ән тегін жазып беремін. Сондықтан жүздерін көргенде есімдері есіме түседі. Көбісінің аты-жөні қазір ойыма түспей отыр.

Жаңа кино әлеміне қалай келдіңіз деп қалдыңыз. Мен өзім жалпы әр саланы зерттеп, меңгергенді ұнатамын, соны жаным қалап тұрады. Режиссер ретінде үш кино түсірдім. Олар: «Көлеңке», «Полигон» және «Бұзақы» деп аталады. Өзім сол фильмдердің бірінде басты рөлді ойнадым. Мықты актермін деп айта алмаймын. Әуесқойлық деңгей ғой, бәлкім шеберлігімнің кемшін тұстары болған да шығар. «Көлеңкені» өз еліміздің  көрермендеріне қоса, Қытайда тұратын қазақтар және Өзбекстан халқы көрді. Торғайлық азаматтар түсірілген фильмге аздап ренжіді. Фильм криминалдық бағытта ғой, соған болар, бірақ мен тек Арқалықты – туған өңірімді көрсеткім келді. Еркеғали Бисенов деген журналист, досым сценарийін жазған киноны түсіру ойы қайдан келді дейсіз ғой, тағы да сол, суретшілердің жан-жақтылығы шығар, оның үстіне режиссерлік бізге біртабан жақын бағыт екен. Мысалы, аттарын әлем білетін Тимур Бекмамбетов, Виктор Цойдың негізгі мамандықтары суретшілік қой.

– Ренат, елордада ортақ ой бөлісетін орын бар ма және өзіңіз сықылды суретші болып елдің атын әлемге танымал етуді армандайтын жас толқынға не айтасыз?

– Қоғам жалпы сурет өнеріне жақындасу керек. Мен қазір Астанадамын ғой, онда суретшілер ой бөлісетін орта қалыптасып келеді. Гүлдана Жұқабаева құрған «Амплитуда» деген ұйым бар. Сол жерде суретшілер жиналып, ой бөлісеміз, пікірлесеміз, ақылдасамыз. Олардың ішінде Алмас Сырғабаев, Әділғали Баяндин, Сембіғали Ысмағұлов, Жанұзақ Мүсәпір сияқты  өзіме, рухани дүниеме жақын дос-ағаларым бар.

Сұрағыңызға орай, елдің атын әлемге мәшһүр етуді көксейтін ұрпаққа айтарым, сурет көрмесіне барып, тамашалап көру мәдениетін қалыптастырса деймін. Көбісі, көрме ашылса, ілінген картиналарды жай сыдыртып қарап шығады. Жоқ, олай емес, суретті оқи білу керек, ол үшін балаларды кішкентай кезінен көркемсурет мектебіне беріп, өнерге баулыған дұрыс. Мейлі, ол ертең суретші болмай-ақ қойсын. Сурет мектебінде оқыған бала жан-жақты болады. Себебі, ол нұсқаны көріп, жүрегінен өткізіп барып бейнелейді ғой. Демек, бейнелеу өнерінің қоршаған ортаны, болмысты, жаратылысты терең түсінетін ұрпақ қалыптасуына  ықпалы  зор.

Сұхбаттасқан  Қуандық  МӘДІР,

БҚМУ-дың  қауымдастырылған профессоры,

ҚР  БҚО  Суретшілер  одағы ҚБ  төрағасы,

ҚР  Мәдениет  саласының үздігі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.