2.04.2019, 10:51
Қараулар: 183
Қазақ музыкасында Хан тәңірі шыңындай

Қазақ музыкасында Хан тәңірі шыңындай

Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ғимараты алдында ҚР мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, дүлдүл әнші, композитор Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 110 жыл толуына байланысты жыл тақтасы ашылды.

Тақта бетіндегі пердені ашу құрметіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева ие болды. Салтанатты шарада сөз  алған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевтің айтуынша, композитор мұрасын насихаттауға байланысты іс-шаралар жыл бойына жалғасады. Ғарифолла әндерін шырқап жүрген өнерпаздар мен шәкірттерінің басын қосу, ғылыми-практикалық конференция және фестиваль ұйымдастыру, туған жері Қаратөбе ауданында тағылымды шара өткізу  жоспарланған.

– Біртуар тұлғаның шығармашылығы елімізге кеңінен танымал. Ғарифолла Құрманғалиевтің композиторлық мұрасы мол. Биыл – біз үшін мерейлі жыл. Филармонияда қалыптасқан кәсіби ұжымдар алыс-жақын шетелдерге шығып, қазақ атын паш етіп жүр. Дүлдүл әншінің 110 жылдық мерейтойына байланысты мәдени шаралар Атырау өңірінен бастау алды. Ақ Жайықта да, міне, Ғарекең жылын атап өтудеміз, – деді Қадырболат Мұсағалиев.

Филармония фойесінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан «Виртуалды саяхат» жобасын таныстырған «TORUS.KZ» ЖШС-ның директоры Дәурен Ғабдуллаевтың айтуынша, цифрлық технология жетістігі нәтижесінде 3D-модельдеу арқылы тарихи ғимараттың бөлмелерінің панорамалы көрінісін, филармонияда қызмет ететін өнер ұжымдарының бейнесін интернетке қосылған компьютермен де, смартфонмен де анық көруге болады (http://bko-filarmoniya.kz/ru/virtual-tour).

– Екі апта бұрын филармония залдарының ішін толық қамтып, 360 градуста көрсету мүмкіндігі туды. Филармония сайтына қойған  «Виртуалды саяхат» сілтемесі әлеуметтік желілер арқылы кеңінен тарап, елімізде қызығушылық танытқандар хабарласып, әсерімен бөлісуде. «Виртуалды саяхаттың» сапалы нұсқасын 2015 жылдан бері жетілдіріп келеміз, – дейді серіктестіктің web-бағдарламалау және 3D-модельдеу бойынша техникалық директоры Миржан Мұхамбетов.

Салтанатты шара «Ән дүлдүлі – Ғарекең» атты әнші-термешілер концертіне ұласты. Концертте жергілікті өнерпаздар Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерін орындады.

Кеште «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Дастан Есентеміров композитордың «Шегенің термесі», «Оралым», Ғ. Құрманғалиев атындағы әншілер байқауының лауреаты Серік Абдрахманов «Балжан», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Күләш Қуанышқалиева «Досыма», «Ақбөбек» әндерін, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сағадат Рахметжанов «Әнші дауысы», ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева «Қаламқас», «Желкілдек», әнші-термеші Фархат Оразов халық әндерінен «Ақ еркені», Назгүл Қабиева «Шымырды», Ақмарал Кемелханова «Қайыптың әнін»  шырқады.

Кейін «Филармония түні» жобасына байланысты әнші рухына арналған думан жалғасты. Дәулеткерей атындағы халық аспаптары оркестрі, «Назерке» халық биі ансамблі, «Орал сазы» фольклорлық ансамблі, «Классика» камералық ансамблі және жеке орындаушылар өнер көрсеткен әр залдың есігі қала тұрғындарына  ашық  болды.

Айта кетейік, филармония ғимаратын халық «Карев үйі» деп атап кеткен. Өткен ғасырдың басында үш қабатты ғимаратты көпес А. Карев салдыртқан. Кеңес одағы кезінде оған әскери госпиталь орналасты. Филармония ұжымы орналасқан ғимаратқа 1996 жылы ақиық әнші Ғ. Құрманғалиевтің есімі берілді. Облыс әкімдігінің қолдауымен 2000 жылы филармония ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Италияндық дизайнерлер тарихи қалыбын сақтап, безендірді. Өнер ордасы ішіндегі екі фойе, 220 орындық зал, камералық сахна заман талабына сай жабдықталды.

Сәуле  ТАУДАЕВА,

ҚР-ның  еңбек  сіңірген  әртісі:

– Ғарифолла Құрманғалиев – Батыс еліндегі дәстүрлі ән айту жанрының іргетасын қалаған ұлылардың ұлысы. Қазақ халқының ұлттық өнерін әлемге танытқан қайтып келмес тұлғалардың бірі және бірегейі. Қазіргі таңда халық «Әннің сұңқары» деген керемет теңеу беріп қойғанының өзі – біз үшін қуаныш. Мұхит баба өмір сүрген кезең мен бүгінгі заманның алтын көпірі бола білді. Мұхиттың әнін аманатқа қиянат жасамай, бүгінгі ұрпаққа аман-сау күйінде жеткізді. Жалпы, Ғарекең – сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі. Ұстазым театр сахнасының шебері, жыршы, термеші, әншілік өнерімен қоса, композиторлық қыры да ерекше еді. Ақындықтан да құр алақан емес еді. Ғарекең ұстаз бола жүріп, көптеген дүлдүл шәкірт дайындады. Олар ән немесе терме орындаса, көпшіліктің құлақ құрышын қандырады. Шынайы талантқа шырайлы теңеу бергеннің өзіне не жетсін, шіркін! Ғарекең қазақ музыкасында Хан тәңірі  шыңы  болып  қала  береді.

Айтқали  НӘРІКОВ,  ақын:

– Тасқала ауданындағы ұжымшардың алыс фермасында кітапхана меңгерушісі болып жұмыс істедім. Ол кезде электр жүйесі жоқ. «Родина» дейтін радиоқабылдағыш болды. Оның өзінде батарейі бітіп қалады. Жұрттың сауығы патефон еді. Оған екінің бірінің қолы жетпейді. Шопандардың, аға малшының, аға жылқышының үйінде ғана болады. Пластинкілерден халық әндері мен күйлерін ауыл жұрты жиналып тыңдайды. Ол кезде Мұхит әндерінің көбін Ғ. Құрманғалиев, Қ. Байжанов, М. Ержанов, Ж. Елебеков орындайды, Құрманғазы күйлерін Д. Нұрпейісова, Қ. Жантілеуов тартады. Сол кезде Ғарекең орындауындағы Мұхиттың әндерін ауылдастар сүйсіне тыңдайтын. 1959 жылы елу жасқа толған әншінің концерті Орал қаласы мен аудандарда өтіп жатқанын радиодан естіп отырдық. Оян ауылында комсомол комитетінің үгітшісі едім. Басшылар «Біздің ауданға неге ат басын бұрмайды екен?» деп күтіп жүрді. Бір күні Ғарекең қасына жас әнші Қайрат Байбосыновты ертіп, ауылымызға келді. Концертіне билет лезде сатылды. Ескі клубқа халық сыймады. Көрші ауылдардан келіп жатқан адамдарда есеп жоқ. Клубтың алдына сахна жасадық. Көрермендердің кейбірі жүк көлігінің капотына, кузовына дейін мініп, әншіні мейірі қана тыңдағаны есімде.

Әли  НӘБИ,

БҚИТУ  оқытушысы:

– Қазақтың дәстүрлі ән өнерінің шоқтығы биік, бірегей тума талант иесі болған Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 110 жыл толуына орай өнер ордасында «Филармония түні» атты керемет концерттік бағдарламаның куәсі болдық. Бүгінгі кеш көптен бері кең тынысты әнге шөлдеп жүрген көрерменнің көңілінен шықты. Тағылымды шараға бір топ студентті ерте келдім. Барлығына ұнады. «Филармония түніне» облысымыздағы зиялы қауым, бекзат көңіл көрермендердің сүт бетіндегі қаймағы жиналған. Дәулеткерей оркестрі мен бірнеше ансамбльдің өнерін көру бақыты бұйырды. Өнерпаздар талантына тәнті болдық. Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұжымына шығармашылық табыс тілеймін.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.