2.04.2019, 10:49
Қараулар: 34
20 елді мекенді су басу қаупі бар

20 елді мекенді су басу қаупі бар

Биыл облыста соңғы отыз жылда болмаған қар жауғаны белгілі. Қардың өткен жылдармен салыстырғанда 1,5-3 есеге дейін қалың түсуі салдарынан кейбір елді мекендерге жол жабылып, жолаушылар тасымалы мен мал азығын жеткізуде қиындықтар туындады. Облыста жедел штаб құрылып,  Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарында төтенше жағдай жарияланды.

Ауа райының қолайсыздығынан облыстағы аутокөлік жолдары 129 рет жабылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен барлық  коммуналдық мекемелер күшейтілген тәртіпте тәулік бойы жұмыс істеп, 900 техника мен 1700-ден астам жолаушы қар құрсауынан құтқарылды. Жалпы, қараша-наурыз айлары аралығында облыста барлығы 1,5 млн. текше метр қар шығарылған. Мәселен, өткен 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 325 мың текше метрді құраған.

Көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарының кешенді атқарылғанына қарамастан, облыстың 20 елді мекенін су басу қаупі әлі де сақталып отыр. Әсіресе, Орал қаласы мен Бәйтерек және Тасқала аудандарында көктемгі су тасқынынан болар қауіп сейілмей тұр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев мәлімдеді.

– Күні бүгінге дейін Шаған және Деркөл өзендерінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының, жергілікті атқарушы құрылымдар қызметкерлерінің күшімен 29 мың шаршы метрге жуық мұз бұрғыланып, 215 мың шаршы метр мұз қабаты кесілді. Оған қоса, 40 мың текше метрден астам еріген қар суы сорылып, шығарылды. Синоптиктердің болжауынша, облыста алдағы аптада жауын-шашынның мол қоры түспек. Сондықтан жұмысты босаңсытуға болмайды, – деді Бағдат Оразалдыұлы.

Брифингте сөз алған Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев төрт ай бойы шаһарда қар тазалау жұмыстарын жүргізген коммуналдық мекемелер мен ортақ іске мүдделілік танытқан құрылыс компанияларына, әскерилер мен еріктілерге ризашылығын жеткізді.

– Төрт ай бойы 400-ге жуық қызметкер, 350-ден астам арнайы техника күндіз-түні қызмет атқарды. Нәтижесінде қаладағы су басу қаупі бар 35 учаскеден  қар  тасып шығарылды. Ветелки, Казенный пруд, Вишневая балка сияқты су тоғандары тазартылды. 92 шақырым арық аршылды. Шаһардағы қардың көптігінен қолданыстағы екі полигонға қосымша бес полигон ашылды. Қазір жетеуі де қаладан тасып шығарылған қардан толып тұр. Ескі қала, Курени, Екінші жұмысшы, Ет комбинаты, Жұлдыз, Ескі әуежай, Деркөл, Балауса шағынаудандарында еріген қар суы қолайсыз-дық тудыратын аумақтардан қар суын сорып шығару жалғасуда.

Орал қаласы бойынша еріген қар суына қатысты мәселе шешілді. Алайда қала маңындағы 75 саяжай бірлестігінде қарғын су қаупі әлі толық сейілген жоқ. 28 уақытша қосын дайындалды. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, – деді Мұрат Рахметұлы.

Облыстық  төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашевтің  айтуынша, көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айында басталып, кезек-кезеңімен жүйелі жүргізілгендіктен,  қазір аумақтағы ахуал тұрақты.

– Ресейдің Саратов және Орынбор облыстарынан трансшекаралық өзендердегі су қоймаларының су жіберуі бойынша күнделікті ақпарат алынады. Жайық өзенінде күтілетін ең жоғары су деңгейі Орал қаласы және Көшім ауылы маңында 400-500 см (қауіпті деңгей – 850 см), Тайпақ ауылында 350450 см (қауіпті деңгей – 850 см).

Қараөзен мен Сарыөзендегі ең жоғары су деңгейінің болжамы мөлшерден артық болғанымен,  қауіпті деңгейден төмен. Сарыөзен бойынша Ресей жағында су қоймаларында су деңгейі төмен. Қараөзен бойынша біздің жаққа су келуі күтіледі, бірақ елді мекендерге одан төнетін қауіп жоқ. Біздің негізгі мақсатымыз – өзен бойындағы су қоймаларына қажетті су қорын жинақтап алу, – дейді Жасұлан Қыдырғожаұлы.

Қазіргі таңда төтенше жағдайлар департаментінің Бөкей ордасы және Қаратөбе аудандарына бекітілген күштері басты қауіп төніп тұрған Бәйтерек және Тасқала  аудандарына  жұмылдырылған.

Журналистердің сауалдарына жауап берген Ж. Жұмашев облыс аумағындағы 29 ғимараттың шатыры қалың қардың салмағын көтере алмай опырылып түскендігін айта келе, бұл ғимараттардың барлығы дерлік ескі немесе апатты жағдайда болғандығын атап өтті. Шатырды мұздақтан дер кезінде тазаламағаны үшін 1720 тұлға жауапкершілікке тартылып, 19 заңды тұлғаға қатысты жалпы сомасы 882 мың теңгеден астам айыппұл салынғанын да бүгіп қалмады.

Динара  ЕСЕНТАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар