2.04.2019, 10:48
Қараулар: 25
Сырымды соңғы сапарға шығарып салды

Сырымды соңғы сапарға шығарып салды

Жексенбі күні Ақ Жайық  жұртшылығы Қызылорда облысы аумағында апатқа ұшыраған «МИ-8» тікұшағында қаза болған капитан Сырым Мәсәлімді соңғы сапарға шығарып салды. Орал қаласындағы «Сарытау» шағынауданындағы №50 мектеп ауласында өткен қаралы жиында марқұмның ата-анасы мен тума-туысқандарына өңір жұртшылығы атынан облыс әкімі Алтай Көлгінов көңіл айтты.

– Қызылорда облысында болған тікұшақ апатынан 13 әскери қызметкер қаза тапты. Солардың бірі – біздің жерлесіміз Сырым Мәсәлім бауырымыз. Бұл – орны толмас ауыр қаза. Олар ақтық демі қалғанша Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, елге адал қызмет етті. Осындай ұл тәрбиелегені үшін Сырымның атаанасы Мәлкей аға мен Нәзия апаға басымызды иіп, ризашылығымызды білдіреміз. Осыншама ел жиналып, қайғыларыңызға ортақтасуда. Арыстай азаматтарымыздың қаза табуына байланысты Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев олардың тума-туысқандарына, Қазақ еліне көңіл айтты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев көңілін білдіре отырып, барлық қолдау-көмек шараларының жасалатынын атап өтті. Біз қапыда қаза болған бауырларымыздың есімдерін әрдайым жадымызда сақтаймыз, – деді өңір басшысы.

ҚР Қорғаныс министрлігі бас штабы бастығының орынбасары, вице-адмирал Жандарбек Жанұзақов  та марқұмның отбасына көңіл айтып, Отан қорғау жолында қаза тапқан әскери қызметкерлердің есімі мәңгілік сақталатынын айтты. Марқұмның әкесі Мәлкей  аға ұлын соңғы сапарға шығарып салуға келген облыс жұртшылығына, ұлының қатарластарына ризашылығын білдіріп, «Мұндай орны толмас қайғыны ешкімнің басына бермесін» деген тілек тіледі.

Айта кетейік, Сырым Мәлкейұлы 1989 жылы 11 желтоқсанда Сырым ауданы Аралтөбе ауылында дүниеге келген. Ол бала кезінен ұшқыш болуды армандаған. 19962007 жылдары Аралтөбе ауылындағы орта мектепте білім алған ол Сырым аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі арқылы Ақтөбе қаласындағы Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтына оқуға түседі. 2011 жылы институтты жақсы аяқтағаннан кейін Сырым Мәлкейұлы Ақтау қаласындағы 30153-әскери әуе базасындағы авиациялық жабдықтау қызмет көрсету тобында аға техник болып қызметін бастады.

2013 жылы 9 желтоқсанда автоматтандырылған бақылау борттық сандық жүйесі қызмет көрсету тобының бастығы болып тағайындалды. Сырым Мәсәлім 2014 жылы Қамажай Төлепбергенқызымен отау құрып, бір жылдан кейін Жәңгір есімді ұлы дүниеге келген.

Өз  тілшіміз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар