2.04.2019, 10:46
Қараулар: 157
«Ашық әкімдік» мыңнан аса тұрғынды қабылдады

«Ашық әкімдік» мыңнан аса тұрғынды қабылдады

Өткен сенбі күні  Орал қаласы халықты  жұмыспен  қамту орталығында  «Ашық әкімдік» шарасы өтті. Аталмыш шарада облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған облыстық, қалалық әкімдіктердің қызметкерлері тұрғындардың мәселелерін тыңдап, сауалдарына жауап берді.

Шара негізінен атаулы әлеуметтік көмектің берілу жолдарын тұрғындарға түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған. Алайда қабылдауға келген көпшіліктің арасында өзге де мәселелермен, әсіресе, тұрғын үй, пәтер алу, бизнес ашу, жұмысқа орналасу бағытындағы сұрақтармен келген тұрғындардың да қарасы мол болды. 800-ге жуық тұрғын қабылдауда болса, олардың 400-ден астамы атаулы әлеуметтік көмек бойынша кеңес алды. 101 тұрғын облыс әкімінің, 64 тұрғын қала әкімінің қабылдауында болды.

Дәл осы күні «Ашық әкімдік» шарасы өңіріміздің барлық аудандарында да ұйымдастырылғанын айта кетейік. Аудандар бойынша барлығы 350 тұрғын «Ашық әкімдіктің» қабылдауында болған.

Данагүл  СҰЛТАНОВА,

Орал  қаласының  тұрғыны:

– Бес баланың анасымын. Пәтеріміз болмағандықтан, тар жерде ата-енемізбен бірге тұрамыз. Пәтер жалдап көріп едік, бірақ пәтер қожайындары «Балаларың көп, үйді бүлдіреді» деп жиі-жиі шығарып жіберетін болды. Екі балам мектеп оқушысы. Талапқа сай әр балаға сабақ оқитын жеке бөлме керек. Оған біздің мүмкіндігіміз болмай отыр. Облыс әкіміне жолығып, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» «Бақытты отбасы» бағдарламасы туралы кеңес алдым. Аталмыш банктен шот ашып, пәтер құнының 10 пайызын жинауымыз қажет. Сол кезде пәтерге кідіріссіз қол жеткізуге мүмкіндік болмақ. Мысалы, екі бөлмелі пәтер болса, бір шаршы метрін 150 мың теңгеден есептегенде пәтер бағасы 9 млн. теңге болады екен. Біз шотымызға 900 мың теңге жинасақ, жылына екі пайыздық мөлшерлемемен несие берілетінін білдім.

Гүлмира  БАТПАҚҰЛОВА, «Арба»  қоғамдық  бірлестігінің төрайымы:

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың пәтерге қол жеткізуіне арналған «7-20-25» бағдарламасы бар.

Мүгедектердің көпшілігі денсаулықтарына байланысты ауылдық жерлерден көшіп келгендер. Олардың бірден үй алуға мүмкіндіктері болмағандықтан, саяжайлар-да немесе пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Ал аталмыш бағдарламамен үй алайын десе, банктердің тарапынан кедергіге тап болып отыр. Еліміздің заңы бойынша бірінші, екінші топ мүгедектігі барлар зейнетақы аударымдарынан босатылған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында жұмыс істейтіндері де бар. Олар табысы туралы анықтаманы банктерге алып келген кезде, банк қызметкерлері өздерінің ішкі заңдарына сілтеме жасап, зейнетақы аударымын растайтын құжатты талап етуде. Мұндай құжат болмаған жағдайда 20 жылға кепілгер табуымыз керек екен.

Сонда банктердің ішкі заңы еліміздің заңынан жоғары болып тұр ма? Осы мәселемен Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевқа жолықтым. Ол барлық банктердің өкілдерін жинап, мәселені шешу бағытында арнайы кездесу ұйымдастыратынын айтты. Жалпы, облыс әкімі Алтай Көлгінов, сондай-ақ  қала әкімі Мұрат Мұқаев мүгедектердің мәселесін шешуге үлкен мән береді. Кейде қаржы-лай қолдау білдірсе, арасында демеушілер тауып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арба алып беруді  ұйымдастырады.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.