2.04.2019, 10:44
Қараулар: 121
Мәслихаттың мерейтойы

Мәслихаттың мерейтойы

Таяуда  Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында ҚР мәслихаттарының құрылғанына 25 жыл толуына  орай салтанатты  жиын өтті. Мерекелік шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары мен ардагерлер қатысты.

– Тәуелсіз еліміз үлкен тарихи кезеңді бастан өткеруде. Мемлекетімізді азат ел ретінде қалыптастырған әлемдік деңгейдегі саяси қайраткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атқарған еңбегі тұтас бір тарихи кезеңді қамтиды. «Алдымен экономика, содан кейін саясат» ұстанымы өз жемісін беріп келеді. Экономикамыздың тұрақты даму ырғағы қалыптасқанына, еліміздің ішкі бірлігіне әбден көз жеткізген Елбасы өзінің тағдыршешті шешімімен, дәстүрлі сабақтастық ұғымын бәрімізге терең түсіндіріп берді. Себебі біздің ұлтымыздың табиғаты эволюциялық дамуға бейім.

Нұрсұлтан Әбішұлының еселі еңбегі нәтижесінде еліміздің ішкі, сыртқы саясаты қалыптасып, шетелдік инвестициялар тартылып, экономикамыз бой тіктеген 1995 жылы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Мемлекеттің құрылымы түбегейлі өзгерді. Мәслихаттардың құрылуы сол өзгерістердің  бастауы  болатын.

Бүгінгі таңда әр деңгейдегі мәслихаттар  халық пен билік арасын берік жалғап, өңірдің дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған істерді келісе атқаруға арналған ашық алаңға айналды. Бұл құрылымның басты ерекшелігі – әр тұрғын өз атынан немесе сенім білдірген тұлғасы арқылы өз өңірінің немесе тұрғылықты жерінің түйткілдерін шешуге атсалыса алатындығында. Тәуелсіз еліміздің қарыштап дамып, өзге елдермен терезесін теңестіруі, біріншіден, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесі болса, екіншіден, осы жылдары өңірлерді басқарған тұлғалар мен әр деңгейдегі мәслихат депутаттарының қажырлы еңбегінің жемісі деп білемін, — деді облыс әкімі өз құттықтауында.

1993 жылдың 10 желтоқсанында ҚР Жоғарғы Кеңесі «Қазақстандағы жергілікті өкілді және атқарушы құрылымдар туралы» заң қабылдады. Соған сәйкес түрлі деңгейдегі мәслихаттар құрылып, оларға жергілікті тұрғындардың құқығын көздейтін және өз алдына жеке әрекет ететін мемлекеттік құрылымның қызметі мен өкілеттігі берілді. Ширек ғасыр ішінде облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар құрамында болған 951 депутат өңірдің экономикалық-әлеуметтік және мәдени дамуы үшін аса күрделі, маңызды шешімдер қабылдаумен қатар, 8 аймақтық бағдарламаның нәтижелі жүзеге асуына үлес қосты. Елдің мұң-мұқтажын тыңдап, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысты.

– 1994-1999 жылдары ең алғашқы шақырылым депутаттарының алдында бірінші кезекте халықты әлеуметтік қорғау, мұқтаж топтарға атаулы көмек көрсету сияқты көкейтесті мәселелер тұрды. Экономиканы, тұрғын үй шаруашылықтары жүйесін реформалау, агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындарын қайта құру, мемлекеттік меншікті жекешелендіру және өзге де маңызды міндеттерді шешу қажет болды. 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған жаңа Ата Заңға сәйкес мәслихат депутаттары жоғары заң қабылдаушы құрылым Парламент Сенаты құрамын қалыптастыруға тікелей қатыса бастады.

1999-2003 жылдардағы екінші шақырылым мәслихаттары ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы  Н. Ә. Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2030» стратегиялық жоспарын жүзеге асыруға алғашқы қадамдар жасай бастады. Тұрғындарды еңбекпен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрмысы төмен азаматтарға қолдау көрсету мақсатында облыс халқының барлық тобының мүддесінен шыға отырып жұмыс істеді деп зор сеніммен айта аламын. Осылайша, өлкемізде жергілікті парламентаризм институты біртіндеп қалыптаса бастады.

Уақыт өте келе, мәслихаттар депутаттарының қызметі нақтыланып, өңірдің негізгі мәселелері мен оларды шешу барысында өз мүмкіндіктерін айқын көрсетуге жағдай туғызатын өзгерістер енгізіле бастады. Жергілікті басқару туралы заңның қабылдануына орай мәслихаттар мен мәслихат депутаттарының өкілеттілігі нақтыланды. 2003-2007 жылдары мәслихаттар аймақтың әлеуетінің артуына, бюджеттік түсімдердің толығуына, өлкеміздегі кен орындарын игеруші шетел компанияларынан түсетін салықтың молаюына септігін тигізді. Қазіргі таңда мәслихат депутаттары өңірдің экономикалық дамуына жаңа серпін берген салалық бағдарламалардың қабылдануына, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге  асуына бақылау орнатуға, бірлік пен ынтымақты нығайтуға өз үлестерін қосып келеді, – деді облыстық мәслихат  хатшысы  Мәлік  Құлшар.

1999-2016 жылдары Сырым аудандық мәслихатының депутаты, хатшысы болған Әнуарбек Ғалымовтың айтуынша, әсіресе, ең қиын жылдары жұмыс істеген алғашқы шақырылымдардағы мәслихат депутаттарының еңбегі орасан зор.

– Экономика тұралап, жаппай жұмыссыздық белең алып, еңбекақы мен зейнетақы айлап төленбеген уақытта халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, мұқтаж жандарға жәрдемдесу, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікке бағыттау бағытында еңбек еттік. Қанша қиыншылық болса да, халық бізге сенім артты. Сол сенімнің үдесінен шығу үшін, халықтың аманатын орындау үшін жұмыла жұмыс атқардық, – дейді төрт шақырылым бойы аудандық мәслихатта үздіксіз еңбек еткен, 2016 жылы «Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты» атағына лайық деп танылған ардагер.

Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 25 жыл толуына орай бір топ ардагерлер, облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары ҚР Парламенті Сенатының алғысхатымен, Батыс Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен, облыс әкімі Алтай Көлгіновтің алғысхатымен және Батыс Қазақстан облысы мәслихатының алғысхатымен марапатталды. 1994 жылдан бастап, яғни елімізде түрлі деңгейдегі мәслихаттар жаңадан құрылған жылдары ең алғашқы шақырылымдарда атқарушы билікпен және халықпен етене еңбек етіп, елдің экономикалық-әлеуметтік ахуалын арттыруға үлес қосқан ардагерлерге көрсетілген құрмет ерекше болды.

Салтанатты шара облыстың  өнер ұжымдары ұсынған концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар