28.03.2019, 18:23
Қараулар: 32
Алты жерлесіміз жартылай финалда!

Алты жерлесіміз жартылай финалда!

Наурыздың 26-сында Орал қаласындағы Оқушылар және жастар сарайында олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтың жүлдесі үшін бокстан ересектер арасында халықаралық турнир басталды.

Аталмыш жарысқа Қырғызстан, Өзбекстан елдерімен қатар,  Түркістан, Маңғыстау, Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан облысының және Нұр-Сұлтан қаласының командалары келді.

Турнирдің ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов рингке шыққалы тұрған 80-ге жуық былғары қолғап шеберіне сәттілік тіледі.

– Бұл сайысқа мықты боксшылар жиналды. Болашақта аталмыш турнир AIBA дәрежесіне жететіндігіне сеніміміз мол. Өзім Оралға жыл сайын келіп тұрамын. Мұндағы бокс жақсы дамуда. Қазіргі таңда ұлттық құрамада батысқазақстандық екі боксшы өнер көрсетіп жүр. Оның өзі жақсы жетістік, – деді жарысқа арнайы келген Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибрагимов. Сиднейдегі спорт тойында күмістен алқа таққан, бүгіндері Түркістан облысындағы бокс мектебінің директоры, атақты боксшы Мұхтархан Ділдәбеков бұл турнирге мейман ретінде шақырылған екен. Ол да  жарыстың  деңгейін  жоғары  бағалады.

Алты салмақ дәрежесі бойынша өтіп жатқан сайыста 12 боксшы өңіріміздің намысын қорғап, рингке шықты. Олардың арасынан Нұрсұлтан Нұриденов, Сағындық Молдашев (екеуі 52 келі), Ақтілеу Кенжеғалиев (60 келі), Әли Ақәділов, Жандыр Сұлтанғалиев (64 келі), Расул Жаңбырбай (69 келі)  жартылай  финалға  жолдама  алды.

Халықаралық жарыс бүгін аяқталады. Жалпы, бұл сайыстың өту барысы, жеңімпаздар және өзге де мәліметтер туралы материалды газетіміздің келесі  нөмірінен  оқи  аласыздар.

Темірболат   ТОҚМАМБЕТОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар