28.03.2019, 18:21
Қараулар: 318
Өзін-өзі іздеп тапқан азамат

Өзін-өзі іздеп тапқан азамат

«Теңіз тамшыдан құралады» дегендей, еліміздің дамып жетілуі әрбір адамның, соның ішінде ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ұзақ жыл Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін басқарған Қазыбай Бозымов сияқты алғыр, іскер, жұмыстың жай-жапсарын жақсы білетін мамандардың еңбегіне тікелей байланысты. Абай айтады: «Егер де  ісім  өнсін  десең, ретін тап»  деп, ұжым басшысы ретінде Қазыбай ініміз не нәрсенің де ретін, сәтін таба білді. Көре-көре көсем болған, сөйлей-сөйлей шешен болған кісі. Қазыбай Қараұлы бүгіндері 70 жастың биігіне көтерілсе де, әлі күнге дейін үйренуден де, үйретуден  де  жалықпай  келеді.

…Тәуелсіздік алғанымызға 27 жылдан асты. Былай қарағанда, қас қағым сәт. Ал осы аз уақыттың ішінде өмірімізге таңғаларлық өзгерістер, жаңалықтар енді. Әріге бармай-ақ, өзім қызмет істейтін, Қазыбай ініміз басқарған Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін мысал ретінде алуға болады. Бұдан 25 жыл бұрын осы жоғары оқу орнының «хан емес қасқыр» атанған Жәңгір хан есімімен аталуы мүмкін бе еді?! Университетке қайшылықты тұлға, халық көтерілісін қаталдықпен басып жаншыған, бірақ сонымен бірге батыс өңірінде білім ошағын құрған, қазақ баласын оқу-білімге тартқан, жаңашыл-реформатор Жәңгір ханның есімін беру туралы үкімет алдына тосын әрі батыл мәселе қойған ректор Қазыбай Бозымов болатын. Жаңаша ойлау деген осы емес пе?! Қазыбай Қараұлы Жәңгірді прогрессивті хан, реформатор деп жай айта салған жоқ. Ол өз ойын тиянақты негіздей білді. Тарихшы Орамах Жанжігітпен бірлесе отырып, тың деректер негізінде «Жәңгір хан – реформатор», «Жәңгір ханның мол мұрасы» деген еңбектер жазып, жарыққа шығарды. Осы арада кейіпкеріміздің жұмыс стиліне тән бір ерекшелікті атап өткім келеді: бұл кісі боссөзділік дегенді білмейді, айтса, айтқанын іске асырады. Сөз бен істі үйлесімді ұштастыра біледі.

Жұмыс барысында еш нәрсені өз бетімен жіберуге болмайды. Қай істің де жоспары, есебі, басы, аяғы болуы керек деп ойлайды ол.

Отыз шақты жыл аталмыш оқу орны ауыл шаруашылығы институты болып келді. Кеңес дәуірінде Қазақстанның батыс өңірінде, негізінен, ауыл шаруашылығы саласы алдыңғы қатарда болды. Соған байланысты ауыл шаруашылығы институты Қазақстанның бес облысына қажетті агрономдарды, зоотехниктерді, инженерлерді, экономистерді, бухгалтерлерді дайындаумен шұғылданды. «СХИ»-дан берісі Қазақстанның батыс аймағына, әрісі кең байтақ елімізге танымал болған талай кадр қанаттанды.

Кейін жер асты байлығы игеріліп, өңір экономикасына мұнайгаз секторы ене бастады. Енді бұрынғы дәстүрлі ауыл шаруашылығы мамандықтарына қоса, жоғары білімді техникалық кадрлар дайындау қажеттігі туындады. Мұны да дер кезінде аңғарып, мемлекеттік құрылымдарға ұсыныс жасаған, тиісті құжаттарын әзірлеген институттың сол кездегі бірінші проректоры Қазыбай  Бозымов еді. ҚР Білім және ғылым министрлігі институт басшылығының бұл ұсынысын мақұлдап, үкімет қаулысымен бұрынғы ауыл шаруашылығы институты  2002 жылы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті болып қайта құрылды.

Біздің өңірдегі Қарашығанақ мұнай-газ конденсатының бай қоры, машина жасау кешенді зауыттарының болуы, табиғи шикізаттардың молдығы және құрылыс индустриясының қарқынды дамуы осы салаларға білікті мамандар даярлау қажеттігін тудырды. Мұндай сұраныстың да болатынын аңғара білген сол кездегі университет ректоры Білім және ғылым министрлігі алдына университетте машина жасау факультетін ашу туралы мәселе қойды. Соның нәтижесінде 2005 жылы үкімет қаулысымен біздің университет базасында машина жасау факультеті құрылды. Бірер жылда жаңа факультеттің оқу корпусы мен оқу-өндірістік ғимараты іске қосылды.

Ректор Қазыбай Қараұлы үнемі назарда ұстап, айналысып келе жатқан сол кездегі бір мәселе – университеттің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту болды. Аз уақыттың ішінде университет заманауи мығым инфрақұрылымы бар білім ордасына айналды. Барлық факультеттер, ғылыми-зерттеу зертханалары, ғылыми кітапхана, редакциялық баспа бөлімі соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен, қондырғылармен толық қамтылды.

Соңғы он бес жылдың ішінде жаңа әкімшілік ғимараты, ғылыми-зерттеу орталығы, жаңа ветеринарлық клиника ғимараты – «Аквамәдени ғылыми-зерттеу зертханасы», 9 қабатты студенттер үйі, оқытушыларға арналған 72 пәтерлік және 44 пәтерлік тұрғын үйлер, медициналық орталық салынып, пайдалануға берілді. Соңғы кезде Жайық өзеніндегі бекіре тұқымдас балық түрлері мүлдем құрып кетуге айналды. Ғалым, оқу-зерттеу ісінің танымал ұйымдастырушысы, депутат, кезінде өзі туып-өскен өлкедегі Арал теңізінің қасіретіне куә болған Қазыбай Бозымовты осы мәселе қатты алаңдатып жүрді. Ақыры ол күннен-күнге жоғалып бара жатқан осы бекіре балығының түрлерін сақтап қалудың жаңа жолдарын ойлап тапты.

Университеттің ғылыми-зерттеу орталығы мен «Парасат» ғылыми-технологиялық ұлттық холдингі» акционерлік қоғамы бірлесіп, осы көкейкесті мәселені шеше алатын инновациялық жоба әзірледі. Жоба бекіре тұқымдас балықтарды өсірудің акватехнологиясын жүзеге асыруды көздейді. Университет базасында аквамәдени ғылыми-зерттеу зертханасы ғимараты бой көтерді. Бұған қоса оның өндірістік-тәжірибелік ғимаратының құрылысы да аяқталды.

Мамандардың пікірінше, акватехнология бойынша жылына 8 тонна қара уылдырық және 70 тонна бекіренің еті өндірілетін болады. Университетте ихтиолог мамандарды даярлау жұмысы жолға қойылды. Аталған жоба – елімізде баламасы жоқ, ерекше жоба. Оның ойдағыдай жүзеге асатынына қазір ұжым күмән келтірмейді. Жоба тиісті қаражатпен қамтылған.

«Бәрін де кадрлар, білікті мамандар шешеді» деген қағиданы берік ұстанатын Қазыбай Қараұлы баса көңіл бөлген екінші мәселе – жаңа дәуір талабына сай келетін оқытушылар құрамын қалыптастыру. Университет жастары жыл сайын кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап, ғалымдар қатарын толықтырып отырды. Оқытушылар шетелдерде, Астана мен Алматы сияқты ірі білім-ғылым орталықтарында біліктілігін арттыратын курстарда оқып, кәсіби деңгейін көтеріп келеді. Университетке Алматы мен Астанадан, Ақтөбе мен Қарағандыдан, Ресейдің көршілес облыстарынан политехникалық, биотехнологиялық, экологиялық, мұнай-газ, машина жасау саласындағы заманауи мамандықтарды жетік меңгерген тәжірибелі ғалымдарды, оқытушыларды шақырып, оларға жан-жақты жағдай жасап жатқан да біздің ректорымыз болды.

Жәңгір хан атындағы университет алғашқылардың бірі болып еуропалық оқу орындарының білім беру стандартымен жете танысып, біздің жағдайымызда пайдаланудың тиімді жолдарын қарастырды. Сөйтіп, университетте студенттерді кредиттік технология бойынша оқыту, маман кадрларды бакалавриат-магистратура-докторантура (PhD) жүйесі арқылы дайындау ісі жүзеге асып жатыр.

Университет 2010 жылы Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде алғашқы болып еуропалық жоғары білім аймағына қосылды және Болон процесінің 47-мүшесі  атанды.

Қазыбай Қараұлы жаңалыққа жаны құмар бола тұрса да, ескірмейтін ескіні, кезінде өзін-өзі ақтаған озық үлгілерді, тәжірибелерді жоққа шығармай, әр кез жаңамен қатар пайдалана біледі. Айталық, Кеңес дәуірінен кейін қоғамдық өмірде идеологиялық жұмысқа немқұрайлы қарау белең алды. Соның салдарынан жастар арасында әр түрлі келеңсіз құбылыстар байқалатын болды. Атап айтқанда, өзімшілдік, дүниеқорлық, әсіре тұтынушылық, рухани жұтаңдық, кейін Елбасы атап көрсеткен, инфантилизм, яғни масылдық, еңбекке, оқуға ынтасыздық. Ректор университетте, факультеттерде, әлеуметтік-гуманитарлық кафедраларда тәрбие жұмысын, жастарды елжандылыққа, отансүйгіштікке баулу, әлеуметтік белсенділікке жетелеу жұмысын жандандыруға, жаңғыртуға ұйытқы болды. Оқытушылармен, студенттермен кездесу кезінде, конференцияларда, жиындарда елімізде болып жатқан оңды өзгерістерге, жетістіктерге, күрделі проблемаларға назар аударып, құлаққағыс етіп отыруды әдетке айналдырды.

Қазыбай Қараұлының сөздерінен, істерінен, қарым-қатынасынан байқағанымыз – Елбасына, білім-ғылым саласын басқаратын министрлерге, облыс, қала басшыларына зор ілтипатпен қарайтыны, олардың сенімін ақтауға, өзіне жүктелген міндеттерді адал атқаруға тырысатыны. Осынысымен де ол қарамағындағыларға үлгі болып келеді.

«Генерал болғысы келмейтін солдат жоқ» дейді, бірақ бұл мақсатқа ілуде біреуі қол жеткізеді. Сол сияқты ғалым болғысы келмейтін, сөйтіп, қатарының алдынан көрінгісі келмейтін студент, оқытушы да болмас. Бұл мақсатқа жету үшін алайда аянбай еңбек ету керектігі тағы белгілі. Осыған байланысты Қазекеңнің еңбекқорлығын, қажырлылығын, табандылығын атап өтер едім. Ол еңбек жолын Орал локомотив депосында жұмысшы болып бастады. Содан кейін үш жыл бойы Кеңес әскері қатарында әскери борышын атқарды. Бейбіт уақытта кез келген солдат «Жауынгерлік ерлігі үшін» (1971) медаліне ие бола бермейді. Бұл да ініміздің әскерде қалай қызмет еткенін айқын көрсетіп тұр. Қазыбай Қараұлы үшін жұмыстың жаман-жақсысы, ауыр-жеңілі жоқ. Қай жұмысты да ол сапалы, тиянақты, тиімді атқаруға тырысады.

Еңбектеніп Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті, оны 1976 жылы үздік бітіріп шықты. Еңбекқорлығының арқасында жоғары оқу орнындағы қызметтің барлық сатыларынан абыроймен өтті: ассистент, аға оқытушы, доцент, декан, проректор, ректор ретінде көзге түсті. Мұнымен қатар кезінде комсомол, кәсіподақ, партбюро ұйымдарында жетекші болды. Еңбегімен танылып, қалалық кеңестің, бірнеше рет облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. 1982 жылы кандидаттық, 1994 жылы докторлық диссертацияларын табыспен қорғады. Профессор ғылыми атағын алды. 200-ге тарта ғылыми еңбектер, монографиялар, оқу құралдарын жариялады.

Профессор Қ. Бозымов «Құрмет» орденімен (2006 ж.), бірнеше Құрмет грамоталарымен, медальдармен, алғысхаттармен марапатталған. Соның ішінде ҚР Президентінің алғысхаты (2005 ж) және «Барыс» белгісі  де  (2009 ж.)  бар. Осының бәріне Қазыбай Қараұлы ерен еңбектің арқасында қол жеткізді.

Қазыбай Қараұлының мектептегі, институттағы, өмір жолындағы ұстаздарына, ақылшыларына, алдыңғы толқын ағаларына, университет ардагерлеріне деген құрметі, ілтипаты айрықша. Бұрын да жазылған мына жайтты тағы да қайталағым келіп отыр. Бұдан он жыл бұрын Қазекеңнің мерейтойы өзі көп үлгі-өнеге алған ақылшы ұстазы, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының бұрынғы ректоры Сергей Жұбаевтың мерейтойымен қатар келіп қалады. Інісі алпыстың асқарына көтерілсе, ағасы жетпістің жотасына шығады. Сол кезде Қазыбай ініміз өзінің мерейтойын атап өтуден бас тартып, профессор Сергей Шұғайұлының мерейтойын өзі басқарып, университеттің үлкен залында оқытушылар мен студенттердің алдында  әңгіме-дүкен,  сұхбат  түрінде  тағылымды түрде, ғибратты  сипатта  өткізді.

«Тәрбиеші де тәрбиеленген болуы керек» деген Карл Маркстің сөзі бар. Қазыбай Қараұлының кісілік келбеті осы талапқа толық сай келеді деп айта аламын. Біреулерге ақырып-жекіріп, тауын қайтарып қатты айтқанын естіген де, көрген де емеспін. Бірақ реті келгенде жұмыстың жайына қарай кімнің алдында болса да, бетің бар, жүзің бар демей, кемшілікті тура ашық айтатыны тағы бар. Тапсырмасының дәл, дер кезінде тиянақты орындалғанын қатаң талап етеді. Салақтықты, ұқыпсыздықты, немқұрайлылықты, көзбояушылықты жаны сүймейді. Талапты бәрі түсінуі, мойындауы  керек, тәртіпке  бәрі  бағынуы  керек  деп есептейді.

Абай айтады: ғалым бар, хәкім, яғни дана бар. Бірақ ғалымдардың бәрі бірдей дана болып келмейді. Қазыбай Қараұлының көп мән беретін ұстанымы – қазақ даналығы, қазақ әдебиеті мен өнері, қазақтың мақал-мәтелдері. Философ ретінде өз басым Қазыбай інімнің көрегендігіне, даналығына, сезімталдығына, тапқырлығына, аңғарғыштығына талай мәрте куә болып, таңғалып жүрдім. Даналық түйіндерді, мақал-мәтелдерді өзі де жиі қолданады, қайталап айтып жүреді.

Қазыбай Қараұлы ғалымдығымен ғана емес, көпті көрген, көпті түйген даналығымен де көрген, білген адамды тәнті қылып келеді. Өмірді, дүниені, адамдарды түсінбесе, әр саладан – ғылымнан, әдебиеттен, өнерден, діннен, тарихтан, саясаттан, құқықтан хабардар болмаса, мыңдаған адамның басын қосқан заманауи университет ұжымын үйлестіріп басқара алар ма еді?!

Бұл азаматқа тән тағы бір қасиет – адамды тани да, бағалай да біледі. Қызметтес командасында, айналасында кездейсоқ адам болған жоқ. Бәрінің мүддесі бір, тілегі бір, бәрі бір адамдай жұмылып еңбек  етіп  келеді.

Қазекеңді тыңдауға жас та, кәрі де, әріптесі де, қонақтар да әрдайым құмартып тұрады. Өйткені, ол білікті басшы, шебер ұйымдастырушы, өнегелі ұстаз ғана емес, сонымен бірге ақылман дипломат, шешен, әнші, әзіл сөзді айта да білетін, түсіне  де  білетін  сұхбаттас.

Қорыта келе айтарым, оқутәрбие, білім-ғылым саласында жарты ғасырдан астам жемісті еңбек етіп келе жатқан Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің бүгінгі жеткен дәрежесіне, республикадағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының қатарына қосылуына университет ректоры болған Қазыбай Қараұлы Бозымовтың  қосқан үлесі орасан  зор.

Тілекжан  РЫСҚАЛИЕВ,

философия  ғылымдарының докторы,  профессор

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.