28.03.2019, 18:19
Қараулар: 255
Жастар жаңа атауды қолдайды

Жастар жаңа атауды қолдайды

Орал  қаласында  «Nur Otan»  партиясы  облыстық  филиалының  ұйымдастыруымен  «Менің  астанам – Нұр-Сұлтан»  облыстық  жастар  форумы өтті. Форумға  облыс  әкімінің  орынбасары  Ғабидолла Оспанқұлов,  ардагерлер мен  зиялы  қауым  өкілдері, ұстаздар  мен  студенттер және өңіріміздің  белсенді  жастары қатысты.

Форумда М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың Рухани жаңғыру институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев Елбасының ел үшін атқарған игі істерін айтып, бас қаланы Қазақстанның дамуына орасан күш-жігерін жұмсаған азаматтың атымен атауды қолдайтындығын жеткізді. «Ұлт көшбасшысының ұлан-ғайыр еңбегінің әрқайсысын санамалап жатпай-ақ, екі негізгі мәселеге тоқталғым келеді. Мәселен, Елбасымыздың бастамасымен 1991 жылы Семей ядролық полигонының жабылуы әлем жұртшылығына үлгі-өнеге болды. Қазақ елінің бойтұмары іспеттес Астана шаһарының салынуы Елбасының ел болашағын қамдау жолындағы ауқымды істерінің бір парасы ғана», – деді Абат Сатыбайұлы.

Орал қаласындағы №17 мектептің директоры Тамара Рудич бас қаламыздың Нұр-Сұлтан атауын иеленуін бейбіт күн мен берекелі тірлік үшін тер төккен Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегіне көрсетілген зор құрмет, лайықты баға деп атап өтті.

Облысымыздың жастар қауымы атынан сөз алған самбодан 2018 жылғы Азия және әлем чемпионы Нұрбол Серіков «Отанымыздың шаңырағын шайқалтпай, бірлігін бекем қылып, көшін алға сүйреген Ұлт көшбасшысына жастар қауымының алғысы зор. Елбасымыздың арқасында әлем мәдениеті мен үлкен спортқа жол ашылды. Қазақстан спорты дамып, көк туымыз әлемнің түкпір-түкпірінде көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды. Елі сүйген, елін сүйген Елбасының еңбегін ескере отырып, еліміздің бас қаласын Нұр-Сұлтан деп атауды оң шешім деп санаймын» десе, «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Нұрғали  Жолдасқалиев:

– Жастарға арналған халықаралық «Болашақ» бағдарламасы, «Дипломмен ауылға» жобасы, жастарды еңбекке баулитын «Жасыл ел» еңбек жасақтары Елбасымыздың тікелей бастамасымен қолға алынып, талай жастың тағдырына даңғыл жол ашты. Еліміздің жас азаматы ретінде Тұңғыш Президентімізге барша жас буынның атынан жастарға берілген мүмкіндіктер үшін, тәуелсіз Қазақстан үшін мың алғыс айтамын! – деді.

Форум барысында концерттік бағдарлама ұсынылып, жиналған жұртшылық облыс өнерпаздарының өнерін тамашалады.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.