28.03.2019, 17:44
Қараулар: 247
«Әлеуметтік нысандар салғанда, жерді үнемді пайдалану керек»

«Әлеуметтік нысандар салғанда, жерді үнемді пайдалану керек»

Бұл туралы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласын оңтайландыруға арналған кеңес отырысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиев мәлімдеді.

Басқосуға құзырлы мекемелердің басшылары, өңірдегі ірі құрылыс компанияларының өкілдері мен жекеменшік балабақшамен айналысатын кәсіпкерлер қатысты.

– Әр үлкен қаланың басты байлығы – оның жері екендігі белгілі.

Сондықтан құрылыс жүргізгенде әр шаршы метр жерді оңтайлы пайдаланып, әсіресе, халыққа қажетті емхана, мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандардың қолжетімді орындарға салынуын қадағалау – басқарушы құрылымның басты міндеттерінің бірі. Елбасымыз тұрғындарға қолайлы болуы үшін көп қабатты үйлердің төменгі қабаттарынан әлеуметтік нысандар салуды ұсынған болатын. Өзге қалалардағы секілді біздің шаһарда да жеке балабақшалардың басым көпшілігі арнайы орындарда емес, қосалқы жабдықталған ғимараттарда орналасқан. Шағындалған балабақшалар үшін әдейілеп нысан салу жеке кәсіпкерлерге тиімсіз де шығар. Сондықтан бүгін өңірдегі ірі құрылыс компанияларының басшыларымен бас қосып, қаладан салынатын көп қабатты тұрғын үйлердің төменгі қабаттарынан балабақшалар немесе емханалар секілді әлеуметтік нысандарға арнап орын бөлу жайын талқылауды жөн көрдік, – деді Ғ. Есқалиев.

Бұдан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде келісімге келіп, салынатын көп қабатты үйлерден тұрғындарға қажетті нысандар ашудың жолдарын ұсынды.

– Үш жылдың ішінде қай компания қай ауданнан көп қабатты тұрғын үй салатыны қала әкімдігіне белгілі. Сол үйлердің болашақ тұрғындарына оңтайлы жағдай жасау үшін төменгі қабатта жекеменшік балабақшалар болғаны дұрыс. Сондықтан тұрғын үйдің жобалық құжаттамасы жасақталмас бұрын қала әкімдігі құрылыс компаниясы басшылығымен кездесіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірінші, екінші қабатынан балабақша жоспарлауды ұсыну шарт. Сонымен қатар сол балабақшаны жабдықтап, іске қосатын кәсіпкер де күні бұрын келіссөздер жүргізуі қажет. Құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған соң әкімдік аталған компаниядан балабақшаны бірден немесе 1-2 жыл ішінде сатып алуға келісімге отыруы керек. Бұдан соң сол балабақша келісілген кәсіпкерге белгілі бір мерзімге жарнаны төлеу арқылы беріледі. Тиісінше, компания балабақшаға арналған қабаттың шаршы метрін нарықтағы бағадан төмендетіп ұсынуы керек. Екінші жолы жеке балабақша ашқысы келетін кәсіпкер құрылыс компаниясымен тікелей келісімге келіп, белгілі мерзімге жалға алуларына болады. Мұндай жағдайда қала әкімдігі жеке кәсіпкерге кепіл болып, үш жақты келісімшарт жасалады. Бұл тұрғын үй салушы компанияға да өте тиімді болмақ. Себебі төменгі қабатында балабақшасы, емханасы, полиция бекеті секілді әлеуметтік орындары бар үйге қызығушылар саны да артпақ. Сол арқылы пәтерге деген сұраныс өседі. Сондықтан осы ұсынысты қабыл алатын құрылыс компанияларымен, әлеуметтік нысан ашқысы келетін кәсіпкерлермен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында келісімге баруға дайынбыз, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Сондай-ақ Ғ. Есқалиев бұл жобалардың жүзеге асуы арқылы облыс қаражатын біраз үнемдеуге болатынын айтты. Оның айтуынша, балабақшаларға жер бөлу, жарық, көгілдір отын, ауыз су, жол секілді инфрақұрылымдарды тартуға қаржы шығындалмайды. Бұл жүйе құрылыс компаниясы мен жеке кәсіп иесі үшін де өте тиімді болмақ.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.