28.03.2019, 17:43
Қараулар: 274
«Peek Retina» құрылғысы бар емхана

«Peek Retina» құрылғысы бар емхана

Орал қаласындағы №1 емхананың қызметкерлері  еліміздегі өзге денсаулық сақтау мекемелерінде жоқ «Peek Retina» медициналық құрылғысымен жұмыс істеуде. Құрылғы қант диабетіне шалдыққан науқастардың  көзінің ішкі тор қабығының  қаншалықты зақымданғанын анықтайды. Осылайша науқастың ауруының  қаншалықты  қауіпті екенін ерте кезден біліп, асқынуының алдын алуға себеп болуда.

Сондай-ақ  биыл  онкологиялық  ауруларды  анықтау  мақсатында ерлер мен әйелдерге арналған дәрігерге дейінгі кабинеттер ашылған.  Емханаға келген  науқас осы дәрігерге дейінгі кабинеттің біріне қаралуы керек. Мұнда диспансерлік науқастарды азайту мақсатында «Ауруларды басқару бағдарламасы» жобасы қолға алынған. Сол арқылы қант диабеті, жүрек ауруы  және жоғары қан қысымымен ауыратын науқастарға  көңіл бөлінуде.

Емхана директоры Светлана Ермекқалиева журналистермен өткен пресс-тур барысында  аталмыш емханадағы  сапалы қызмет көрсетудегі жаңашылдықтармен таныстырған еді. 70 мың тұрғынға қызмет көрсететін емхананың құрамында үш отбасылық денсаулық орталығы, екі филиал, «Деркөл» дәрігерлік амбулаториясы, Ветелки және Маштаков елді мекендеріндегі медициналық пункттер бар. Бас дәрігер айтып өткендей, денсаулық  сақтау саласындағы негізгі саясат ең алдымен  аурудың алдын алу болғандықтан,  оңалту шаралары ерекше назарға алынған. Соған сәйкес  оңалту орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға  да көмек көрсетіледі. Биылғы жылдың екінші тоқсанында тыныс алу жолдары ауыратын науқастарға арналған «Тұз шахтасы»  ем-шарасы кабинеті ашылмақ. Емханада  кадр тапшылығын  жою да жолға қойылған. Мәселен, былтыр алты жас  маман  қабылданған болса, биыл медуниверситеттің  жеті  түлегі  келмек. Бас дәрігердің сөзінше, мұндағы  600-ге жуық медқызметкердің  84-і дәрігер, 225-і медбике екен. Емханада  ем алушылар дәрігерге электронды кезек арқылы  кіреді және олардың медициналық құжаттары электронды  нысанға көшкен. Енді  өзінің жеке кабинеті бар науқастар  дәрігердің  жазбаларын egov.kz порталынан оқи  алады.

Сонымен қатар емделушілер  дәрігердің қабылдауына k-vrachu.kz мобильді қосымшасы арқылы да жазылады.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.