28.03.2019, 17:42
Қараулар: 24
«Қарапайым заттар экономикасы» импорт үлесін қысқартпақ

«Қарапайым заттар экономикасы» импорт үлесін қысқартпақ

Облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары  Жеңіс Қасымбек өңірдегі бірқатар өндіріс орындарында болып, кәсіпкерлермен кездесті. «Қарапайым заттар экономикасы» тақырыбына арналған басқосуға екінші деңгейдегі банк филиалдарының басшылары, Қазақстандағы индустрияны дамыту институттарының өкілдері, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік мекемелер өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Жеңіс Қасымбек «Қарапайым заттар экономикасын» дамытудың мемлекет үшін маңыздылығына тоқталып, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында айтылған халық тұтынатын тауар түрлерін арттыру мақсатында кәсіпкерлерге қолдау көрсету, сол арқылы «Қарапайым заттар экономикасын» жетілдіре түсу керектігін атап өтті.

– Бұл бағыт тек еліміздегі экспорт мүмкіндігін арттырып қоймай, ішкі нарықтағы отандық тауар үлесін кеңейте түсу үшін өте маңызды. Аталмыш бағдарлама жергілікті өнімге деген қолдаумен қатар нарықты сапасыз өнімнен қорғауға бағытталған. Бұлар халық тұтынатын өнімдер болған-дықтан, басты назарда болуы шарт, – деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар басқосуда кәсіпкерлік саласын қолдауға 600 млрд. теңге қаражат бөлінгені де айтылды. Бұл қаржының үштен бірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қолдауға, қалғаны құрылыс индустриясын, жеңіл және тамақ өнеркәсібін, жиһаз жасау саласын дамытуға бағытталмақ. Сондай-ақ орта және шағын бизнес саласын қолдауға да қаражат қарастырылған.

Кездесуде облыс әкімі Алтай Көлгінов елдегі мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің жақсы дамып, қосымша жұмыс орындары ашылып, өңірдің инвестициялық ахуалы арта түскендігін айтты. Сондай-ақ өндіріс көлемі артып, өңір кәсіпкерлері ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарықта да ерекше орын ала бастағаны сөз болды.

Премьер-министрдің орынбасары өңірдегі кәсіпкерлер кездесіп жүрген қиындықтарға да назар аударды. Жиында сондай-ақ өнім өңдеу саласында еңбек ететін кәсіпкерлер несие пайыздарын төмендету мен салық жүктемелерін жеңілдету жағын қарастыру керектігін жеткізді.

– Соңғы жеті жылда біздің кәсіпорын үш ауқымды жобаны жүзеге асырды. Өткен жылы соңғы екі жобаның несиесін сәтті төлеп шықтық. Бұл – ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамып келе жатқандығының белгісі. Елбасымыз өткен жылғы облысымызға жұмыс сапары кезінде біздің құс өсіру кешенімізде болды. Біздің бұл жобамызды жүзеге асыруымызға екінші деңгейлі банк пен «Даму» қоры көмектесті. Соңғы жылдары өңірдегі мал басы артып келеді. Бүгінгі таңда облыс бойынша 555 мың бас ірі қара малы тіркелген. Оған жыл сайынғы төлін қосыңыз. Ал облыс бойынша әрқайсысы 1 мың бас малға шақталған тек төрт бордақылау алаңы бар. Өңірде жыл сайын 80 мың бас малды бордақылауға болады, –  деді «Жайық Агро ЛТД» ЖШС-ның директоры Темірғали Ескендіров.

Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлерді тыңдап, кәсіпкерлер тарапынан қойылған әр сауалға жауапты тұлғалардың осы апта ішінде түсінік берулерін тапсырды.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар