28.03.2019, 17:40
Қараулар: 17
Көктемгі су тасқыны ерекше бақылауда

Көктемгі су тасқыны ерекше бақылауда

Апта басында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбектің бастауымен үкіметтік делегация Ақ Жайық өңіріне жұмыс сапарымен келіп, облыстың көктемгі су тасқынына қатысты әзірлігімен танысты.

Вице-премьер облыс әкімі Алтай Көлгіновтің бастауымен Оралдағы П. Атоян атындағы стадион маңына қойылған төтеншеліктердің арнайы техникаларын көріп, өңірдегі су тасқынына қарсы іс-шаралардың барысына зер салды. БҚО төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашевтің баяндауынша, биыл облыс аумағына қар көп жауды. Мұндай жағдай бұдан 30 жыл бұрын болған. Облыстағы солтүстік аудандарда әдеттегіден 3,5 есе, оңтүстік аудандарда 1,5-2 есе қар қалың түсті.  Оралдан 1 млн. текше метр, облыс бойынша 1 млн. 490 мың текше метр қар шығарылған. Қазіргі уақытта Оралда қар шығару жұмыстары аяқталған, Бәйтерек ауданындағы Мичурин, Асан ауылдарында және Тасқала ауданындағы Тасқала ауылында қар шығару жұмыстары аяқтала келген.

Өзен-көлдердің бетін жапқан мұзды жару жұмыстары солтүстік аудандарда аяқталды. Деркөл өзенінің Тасқала ауылы тұсындағы бұрылысында және Оралдың тұсында мұз жару жұмыстары жүргізілген. Жалпы, облыс аумағындағы су қоймаларынан барлығы 27 090 ойық ойылып, 215 мың текше метр мұз алынған. Премьер-министрдің орынбасары қатты су тасқыны қашан, қай аудандарда болғанын және олардың қазіргі жай-күйі жөнінде сұрады.

– Өңірде үлкен су тасқыны 2011 жылы болды. Ол кездегі Зеленов, Тасқала, аудандарын, Орал қаласы маңын су басты. 619 адам қарғын судан құтқарылды. Қазір бұл аудандарда су тасқыны болу қаупі бар. Өткен жылы 87 елді мекенді жоғары қауіпті аумаққа жатқызсақ, бүгінде 20 елді мекен су басу қаупі бар аумаққа енгізілген. Мұндай елді мекендер Орал қаласы аумағында және Қазталов, Тасқала және Бәйтерек аудандарында. Бұл елді мекендер Деркөл, Шаған өзендерінің аңғарында орналасқан, – деді Ж. Жұмашев. Оның айтуынша, қардың еруіне байланысты өзендердегі су ағысы күшейіп, су қоры молая түскен. Бұрын оны 50-100% деуші еді, бүгінде 130% деп көрсетуде. Өзендерде мұзды кесіп, оны өзеннің төменгі ағысына жіберу қолға алынған. Эвакуациялық қосындар дайындалған. «Алдымен өткен жылғыдай Деркөл өзеніндегі судың тасуы өтіп, ондағы су Шаған өзеніне құйылады. Жайықтың мұзы еруде, Шағанның төменгі жағында су еркін аға бастады. Сөйтіп, бастауын Ресей жерінен алатын Шаған өзеніндегі судың тасуы өткен соң, Жайық өзені, Қараөзен мен Сарыөзенді қараймыз, олардың да бастауы Ресейде», – деп түсіндірді Ж. Жұмашев.

Қазір тоңның қалыңдығы 9 см, Деркөл, Шаған өзендеріндегі мұздың қалыңдығы 35 см шамасында. Жайық өзенінің Тайпақ ауылы тұсында мұз жылжып, сең жүре бастаған.

– Ресей жағымен әкімдік, департамент тарапынан өзара әрекеттесе жұмыс істеу мәселесі ұдайы назарда. Саратов облысында бұрынғы жылдармен салыстырғанда биыл қар мол, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов. ТЖ департаментінің бастығының мәліметінше, қыста Саратов облысында  қар 134 пайыз түскен, ал БҚО аумағында қар қалыңдығы орташа шамада 60 см дегенмен, далалық аймақтарда визуалды түрде бір метр шамасында көрінеді.

– Өңірде қар жылдам еріп, жерге де шапшаң сіңуде. Облыс аумағында қалған қар жабыны 43 пайызды құрайды. Бөкей ордасы, Жаңақала, Қаратөбе аудандары және Сырым, Ақжайық, Қазталов, Жәнібек аудандарының жартысы, яғни оңтүстік аудандар қар құрсауынан босаған. Қызыл су ойпатты, тайпақ жерлерде сақталған, – дейді Жасұлан Жұмашев.

Премьер-министрдің орынбасары су тасуына байланысты күрделі кезең қай кезде қалыптасуы мүмкін екендігін сұрады. Оған департамент бастығы наурыз айының үшінші онкүндігінде су тасу қаупі күшейетінін айтты. Өйткені наурыздың 28-29-ы күндері қатты қар аралас жаңбыр болады деп күтілуде. «Наурыздың 3-10-ы күндері күндіз-түні жаңбыр жауды, сол кезде қар шығару, мұз кесу жұмыстары орындалды. Облыс бойынша 266 су айдағыш құрал (мотопомпа) бар. Оған қоса Ішкі істер министрлігімен, облыс әкімдігімен келісімді түрде оңтүстік аудандардағы барлық күшті солтүстік аудандарға ауыстырудамыз. Бірақ қарғын суды сорып, ағызып жіберетін орын жоқ жерлер бар. Оралда және қала маңындағы сондай орындардан 32 вакуумдық машинамен 40 мың текше метрден астам су сорылып, сыртқа тасымалданды. Барлық қолдағы көлікті қызыл суды сыртқа тасуға жұмылдырмақпыз», – деді Жасұлан Жұмашев. Сондай-ақ су тасқынынан кейінгі шаралар жайы да баяндалды.

Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев Орал қаласындағы су тасқынына қарсы жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндады. Шаһарда 19 қарашадан бастап жауған қарды сыртқа тасымалдау жұмыстары төрт ай ішінде тәулік бойы жүргізілген. Қыс мезгілінде қар тазалау, шығару жұмыстарына коммуналдық қызметтегі 400-ден астам адам қатысып, 350 техника тартылған. «Ескі қала, «Курени», «Ет комбинаты», «Жұлдыз», «Ескі әуежай», «Балауса»  шағынаудандары, Деркөл ауылы аумақтарында су тасу қаупі бар. 35 учаскеден қар толықтай сыртқа шығарылды. Бүгінде «қызыл суды» сору жұмыстары жалғасуда. Шаһардың шығысындағы эвакоқосындар адамдарды қабылдауға дайын. Шаған, Жайық өзендері жайылмаларында су тасқыны болу қаупі зор. Онда 165 саяжай серіктестігі орналасқан болса, солардың 65-інің жері тасқын су басатын аумақта. Ол аумақтарда 14 мыңнан астам адам тұрады. Оларға су тасқыны жөнінде ескертіліп, екі мәрте аралап өттік. Бұрын қаладағы қар екі полигонға шығарылып, толтырылатын, биыл алты полигон қарға толды.  Енді жетінші полигон қарға тола келді. Биыл 1 миллион, өткен жылы 200 мың текше метр қар шығарылды. Былтырғыдан бес есе қар көп», – деді М. Мұқаев.

Жалпы өңірдегі жағдай қалыпты. Басты міндет – тасқын суды апатсыз өткізіп, су қоймалары мен жайылмаларға су жинақтап алу.

Тасқын кезеңі облыстық су тасқынына қарсы штабтың ерекше бақылауында болуы керек екенін бағамдады Жеңіс Қасымбек.

Бұдан кейін вице-премьер Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағы тұсынан Шаған өзеніне барып, ондағы мұз кесу жұмыстарының барысын көрді.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар