18.03.2019, 21:05
Қараулар: 30
Дау-дамайды жедел шешудің оңтайлы тәсілі

Дау-дамайды жедел шешудің оңтайлы тәсілі

Өткен  аптада  облыс  әкімінің  орынбасары Ғабидолла  Оспанқұловтың  төрағалығымен өңірімізде  татуласу  орталықтарын  құру  және «Ақжайық  – адалдық  алаңы»  жобасының  жұмысын аудандық  деңгейде  жандандыру  мәселелерін  талқылаған  жиын  өтті.

Аталмыш жиынға облыстық деңгейдегі мекеме-кәсіпорындардың басшыларымен қатар селекторлық режимде аудан әкімдері де қатысты.

– Елбасы тапсырмасына сәйкес, бүгінгі таңда татуласу орталықтары еліміздің барлық өңірлерінде құрылуда. Бұл жұмыс біздің облыс орталығында да қолға алынды. Татуласу орталығы орналасатын ғимарат анықталды. Енді дауласушы тараптарға қандай көмек қажет болса, сол қызметтердің барлығы бір шаңырақ астында, бір терезе қағидатымен жүзеге асырылатын болады. Атап айтқанда, адвокаттық, нотариалдық қызмет, билер алқасы, медиаторлар секілді дауды шешуге қажетті барлық қызметтің түрлері бір жерге шоғырланатын болады. Бұл жобаның басты мақсаты – дауласушы тараптарға қажетті барлық қызмет пен құрылымдарды бір жерге жиып, татуласу орталығынан даулы мәселені шешіп жіберу. Сонда сот жүйесінің жүктемесі де азаяды. Болашақта мұндай орталықтар аудандық деңгейде де ашылатын болады. Бүгінгі жиынға облысымыздың бас имамы мен облыстық епархия өкілін де шақырдық. Өйткені кейбір даулы мәселелер діни көзқарастарға байланысты туындауы да мүмкін. Сондықтан татуласу орталығынан діни тұрғыдан да қандай да бір кеңес алуға жағдай жасалуы керек. Осы жұмыстарды ұйымдастыру мәселелерімен ҚХА жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі айналысады. Егер қандай да бір ұсыныстар болса, талқылап, тиісті шешімдер қабылдауға болады, – деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірінде Елбасы тапсырмасына сай «Адалдық алаңы» жобасы іске қосылғаны белгілі. Біздің облыста жобалық кеңсесі облыс әкімдігінің ғимаратында орналасқан «Ақжайық – адалдық алаңы» жұмыс істейді. Адалдық алаңының басты мақсаты – қандай да  бір мемлекеттік қызметті алу кезінде кездесетін кедергілерді жою, бюрократияны азайтып, тұрмыстық жемқорлықтан тыю.

Жиында аудан әкімдеріне адалдық алаңы жобасын аудан орталықтарында ұйымдастыру және бұл жобалық кеңсенің жетекшілігіне аудандардағы жастар ресурстық орталығының жетекшілерін тарту туралы тапсырмалар берілді. Сондай-ақ аталмыш жұмысты жандандыру үшін «Nur Otan» партиясының өкілдерімен бірлесіп жұмыстану мәселелері қолға алынбақ. Осы орайда білім, медицина салаларындағы қамқоршылық кеңестер мен қадағалау кеңестеріне артылатын жауапкершілік күшеймек.

– Біз арнайы құрылған телеграм бот арқылы облысымыздың барлық тұрғынына өтініш жасаймыз. Қызмет алуда қай жерде қандай кедергілер, қиыншылықтар, заңсыздықтар бар? Соның бәрін телеграм ботқа жолдауларын немесе адалдық алаңына келіп айтып отыруларын сұраймыз. Біз әр мәселені міндетті түрде түбіне дейін қарайтын боламыз. Осындай жұмыстар қалалық, сонымен қатар аудандық деңгейде де жүргізілуі тиіс. Сонда біздің қоғамда адалдықты, әділдікті қамтамасыз етуге әбден мүмкіндік бар. Бәрі өз қолымызда, – деп жиынды түйіндеді облыс әкімінің орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар