18.03.2019, 20:58
Қараулар: 33
«Қазақстанның көкпеңбек аспанын сағындым…»

«Қазақстанның көкпеңбек аспанын сағындым…»

Қазақстандағы Оңтүстік Корея елшілігі жанындағы корей ағарту орталығының кәріс тілі оқытушысы Светлана Крайникова (Пак) еліміздегі корей диаспорасының кеңес билігінің шешімімен КСРО-ның  Қиыр Шығысынан қазақ жеріне депортацияланғанын ата-анасының әңгімесінен жақсы біледі. «Қолындағы жарты нанын бөліп берген қазақ халқының қайырымдылығын, адами жақсылығын көп көрдік деп анам үнемі айтып отыратын. Әке-шешем алдымен Қызылорда облысында тұрыпты, одан кейін Өзбекстанға қоныс аударған. Мен сол елде дүниеге келіппін. Әкем партия қызметкері болғандықтан, партия жұмсаған жерге көшіп-қонып жүретініміз әлі есімде», – деп еске алады Оралдағы Достық үйінде кәріс тілінен сабақ беретін ол.

Биыл елімізде Жастар жылының тұсауы кесілді. Елбасы Жастар жылының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде: «Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмдеріңізге байланысты. Біз жасап жатқанның бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз үшін, сіздер өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық мәнде жүзеге асыра алуларыңыз үшін жасалып жатыр», — деп тамаша тауып айтты. Расында, еліміздің болашағы жастардың  білім-білігіне, елжандылығына тікелей байланысты. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері Германияда, Түркияда, Италияда, Финляндияда, Оңтүстік Кореяда, Австрияда турист ретінде саяхаттадым. Сондағы байқағаным, әр елдің өзіне тән мәдениеті, менталитеті бар. Жастары да түрліше, бір-біріне ұқсамайды. Өйткені әр мемлекеттің тұрмыс тірлігі әр қилы. «Көре-көре көсем боларсың, сөйлей-сөйлей шешен боларсың» демекші, «Көп өмір сүрген емес, көп көрген біледі» дегендей, мен ұстаз ретінде алдыма оқуға келген көкөрім жастарға ақыл-кеңесімді беріп отырамын.

Оларға жас кездеріңізде мүмкіндік болса, шетелдерге шығыңыздар, көріңіздер, біреудің қаңсығын таңсық көрмеңіздер, тек жақсысын, озығын үйреніп, елге әкеліңіздер деймін. Сырт елде жүргенде, адамның бойында отаншылдық, патриоттық сезімдер оянып, елімді көркейтсем деген идея көкіректе бүр жарады. Мұны мен өз басымнан өткергенмін. Бірақ сол елдегі тұрмыс-тірлік қолайлы деп қалып қоймаңыздар. Олай істесеңіздер, Қазақстанды кім көтереді, кім жұмыс істейді деп риторикалық сұрақ қоямын, – дейді Светлана Тимофейқызы ағынан жарылып.

Ол этникалық Отанында Қазақстанға деген құрмет ерекше екенін, ондағылардың жас мемлекеттің дамуы, қазақтардың салт-дәстүрі жайындағы әңгімелерді ыстық ықыласпен тыңдайтынын айтады. С. Крайникова кәріс тілін үйреніп жүрген жастарға өзі туристік сапармен болған елдердегі халықтың тірлігі, жас адамдардың өмірі туралы әңгімелегенді ұнатады.

– Германияда, Италияда адамдар тек демалыс күндері отбасыларымен міндетті түрде қаланың сыртына шығып, таза ауада демалады. Таңғалатыным, олардың бойжеткендері мен бозбалалары  кешкілікте көше кезбейді, кафе, мейрамханаларды жағаламайды. Неге? Өйткені олардың көпшілігі кешке жұмыс істейді немесе кешкілік оқу орындарында оқиды.  Мейрамханаларда негізінен ересектер, зейнет жасына жеткендер демалады. Әсіресе, неміс елінде кешкі сағат оннан кейін бейсауат қыз-жігітті көрмейсіз, көшелерінде өлі тыныштық орнайды. Немістер — тәртіпті ұнататын халық, оларда бұл уақыт – ұйқыға жататын мезгіл. Жастар таңертең сағат бесалтыларда жұмысқа кетеді, көшелерде көлік кептелісінен жұмысқа кешігуге болмайды. Ал жұмыс сағат сегізде басталады.

Біздегідей кешкісін көңіл көтеретін орындарда демалып, ертеңіне үйқылы-ояу жұмысқа келу деген олардың тілімен айтқанда ақылға сыймайды. Күнделікті тірліктері қарбаласқа толы әрі қызықты көрінді. Міне, біздің жастар да осындай жақсы әдетті үйренсе деймін, – деп тоқтады Светлана Тимофейқызы.

Өткен жылы жазға салым С. Крайникова Германияда тұратын ұлына қыдырып барып, Австрия арқылы Италияға саяхаттаған. Сонда биік Альпі тауларының тау жолдары арқылы жүріп өткендегі тұмса табиғаттың сұлулығын суреттеуге сөзі жетпейтінін айтады.  Таудағы ирелеңдеген жолдармен (горные серпантины) жүре отырып, ғажайып Альпі шыңдарының көркем көріністерін, көптеген таулы терең шатқалдардың беткейлерінде орналасқан бірегей табиғи ландшафтық мұздықтарды көзбен көргенін таңдай қаға әңгімелейді.

– Әрине, өз елімізде табиғаты сұлу және қасиетті орындар жеткі-лікті. Олардың барлығын компьютерден ғаламтор арқылы көруге, сырттай танысуға болады. Бірақ көзбен көріп, ауасымен тыныстап, алған ләззаттың әсері мүлдем бөлек. Еліміздің табиғаты көркем. Елімізде осы сұлулықты көрсетуге бастайтын туризм саласын дамыту енді-енді қолға алынуда. Елбасы Жастар жылының ашылу салтанатында «Қазір дүние жүзінде жастар туризмін дамытудың өзектілігі артып келеді. Бұл сала олардың еліне деген патриоттық сезімдерін қалыптастыру ісінде ма-ңызды рөл атқарады», – деген болатын. Жас буын, мектептегі ұлқызымыз өз жерінің қасиетін, сұлулығын көзімен көріп өссе, жас буынның елжандылығы артатыны кәміл. Сондықтан жас адамдарға жас кездеріңізде оқудан қол бос уақытта жұмыс істеп, жинаған қаржыңызға ел-жер көріңіздер, көрген жақсы жаңалықтарыңыздың «дәнін» елімізге әкеп егіңіздер деуден шаршамаймын, – деп жымияды оқытушы С. Крайникова.

Оңтүстік Кореяда жоғары білім алу қымбат, сондықтан шығар,  көшеде аудиокітап, тыңдап жүрген жастарды көп кезіктіресіз. Кореяда ауада ылғал мол, жерінің 45 пайызы таулы.

Бірақ біздің елдегі таулар сықылды жақпар-шатқалды емес, тау жоталары орманмен, жасыл желекпен көмкерілген. Сол жасыл орман жолымен жоғарыға көтерілгенде, алдыңдағы тау алаңқайынан күтпеген жерден Будда шіркеуі шыға келеді. «Бұл жерге қалай салынған?» деп таң-тамаша қаласыз. Оңтүстік Коряда жүргенімде, шынымды айтсам, Қазақстанның көкпеңбек аспанын сағындым. Онда ауа райы ылғалды, тұманды, сол себептен де аспаны біздегідей көгілдір емес, жұлдыздары біздегідей жарқырамай-ды, бұлыңғыр көрінеді. Кәріс жастарының үлкенді құрметтеу қасиеттерін ұнаттым. Өтіп бара жатып біреуді қағып кетсеңіз, бәрі-бір олар бірінші болып кешірім сұрайды. Тәрбиелері сондай. Тағы бір байқағаным, киім киюде біздегідей ерекшеленбейді. Мысалға, фирманың директоры, миллионер болуы мүмкін, бірақ мұны сіз оның киім киісінен байқай алмайсыз. Ал Германияда да күнделікті киім киюге қарапайымдылық тән.

Екі елде де бай-бағландар күнделікті тірлікте мүлдем қарапайым киінеді. Ондағылардың басты ұстанымы – киімің таза болуы шарт. Бізде бас киімге аяқ киім сәйкес болуы керек, спорттық киімді күн-делікті жұмысқа кимейді, офиске биік өкшелі аяқ киім кию керек дегендей түсінік қалыптасқан. Жастар жағы қалтасына қарамай брендтік, қымбат киім киюге, қымбат телефон ұстауға әуестік басым. Сондықтан жастарға кейбір ұстанымдарымызды өзгертіп, басы артық қымбат киім киюге жұмсайтын ақшаны ел көруге, жер көруге жинаңдар деп қоямын, — деді ол.

— Оңтүстік Кореяда бір сауда орнында болған жайт әлі күнге есімнен кетпейді. Кассир артық ақшамды қайырып берді. Санасам,  шатысып артық қайырыпты. Қайдан білейін, артық беріпсіз деп кері қайырып бермеймін бе…

Ол кішірейіп кешірім сұрай берді. Бақсам, кассир келіншек қателескені үшін жұмыстан шығарылады екен. Кассир мені алда-ған жоқ қой деп жатырмын. Сауда орнында бейнебақылау каме-расы арқылы сауда барысы бақыланады екен. Қап, одан да ар-тық ақшаны алып кетуім керек еді деп өкіндім, — дейді Светлана Тимофейқызы. Оның айтуынша, шетелдерге саяхаттағанда бірнеше тіл білудің пайдасы  көп. Ол қазірдің өзінде орыс, кәріс, украин тілдерін еркін меңгерген. Ағылшын тілін түсініп, сөйлесе алады. Ал қазақ тілінде жақсы түсініседі.

Көп тіл білгеннің зияны жоқ. Көбіміз кітапты аудармасында оқимыз дейміз. Бірақ кітаптың мазмұны бір тілден екінші тілге аударылғанда, көп өзгеріске ұшырайды. Оның құнары сол-ғындайды. Ал сол тілде оқысаңыз, мүлдем басқа сезімде боласыз. Тіл – мәдениет, байланыс құралы. Еуропаға барсаңыз, неміс тілін білуіңіз керек. Италияда итальянша білмесеңіз, немісше түсінісесіз. Кореяда кәріс тілін білмесеңіз, ағылшынша тіл табысасыз. Қазақстанда тұрған соң қазақ тілін білу керек. Бірақ қазақ жастарының кейбірінің ана тілін білмеуі, білуге ұмтылмауы өкініш-ті. Ешқашан тіл үйренуге кеш болмайды. Менің кәріс тілін оқып, үйренгеніме 15 жылдан асты. Ағам Ресейде тұрады. Өзі прозаик әрі суретші. Соның ықпалымен үй-рендім, қазір еш өкінбеймін, – деп қорытты әңгімесін Светлана Тимофейқызы.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар